Сарапшы: Вакцинациялау астарында денеге чип ендіру жатыр ма?

6540

Екпеден бас тартқандарға Италияда 7500 еуро айыппұл салынады. 

Сарапшы: Вакцинациялау астарында денеге чип ендіру жатыр ма?

Inbusiness.kz  таяуда "Биліктің міндетті вакцинациялау ұсынысы тағы дүрбелең туғызды"  сараптамасын жариялады. Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі халықты мазалаған мәселеге жауап берді.

ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаменті Парламентке енгізілген жаңа Денсаулық сақтау кодексі ("Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс) жобасында міндетті вакцинациялау қарастырылғанын растады. Құжаттың 89-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын барлық адамдар инфекциялық және паразитті ауруларға қарсы профилактикалық екпемен егілуге міндетті болады.

Департаменттің түсіндіруінше, дәл осы баптың 5-тармағына сай, егер медициналық қарсы көрсетілімнің жоқтығына қарамастан ата-аналар бас тартып, балаға жоспарлы екпе егілмесе, ол балдырған балабақшаға және мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру ұйымдардың ешқайсысына жіберілмейді.

Заң жобасы былтырғы 30 қыркүйекте Парламентке енгізілді. Мәжіліс оны бірінші оқылымда мақұлдап тастады. Қазіргі кезде Мәжілістің жұмыс тобы жұртшылық пен депутаттар ұсынысына орай кодекс жобасына бірқатар түзетуді қарастырылып жатыр.

"Ол бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне вакцинациялау жүргізуге жол бермейтін қарсы көрсетілімдер түрлерін бекіту, иммундаудан кейін пайда болған теріс көріністерді тергеп-тексеру тәртібін белгілеу құзыры берілмек. Сонымен бірге Үкіметтің арнайы қаулысының жобасы әзірленді. Онда екпелерді міндетті және ұсынылған деп екіге бөлу көзделген. Міндетті екпелер қарсы көрсетілімі жоқ барлық тұлғаға егілуі тиіс. Ал эпидемиологиялық және клиникалық айғақтар бойынша ұсынылған екпелер мәселен, инфекцияның табиғи ошағында тұратын, жұқтыру қаупі жоғары жұмыстарда істейтін адамдарға, сондай-ақ клиникалық-денсаулық жағдайына қарай өмірін сақтау мақсатында, айталық, жараланғанда – сіреспе-столбняк, ит тістегенде – құтырма болмауы үшін егіледі", – деді Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаменті.

Ведомство қаулы жобасы қоғамдық талқылауға салынып жатқанын, халықтан түскен ескертпе-ұсыныстар қаралатынын жеткізді.

"Жалпы, вакцинациялау мен дерттердің азаюы арасындағы тікелей байланысқа назар аударған жөн. Кейінгі 150 жыл ішінде өмір сүру ұзақтығы 30 жылға ұлғайды, оның 25 жылы – вакцинацияның арқасы. Екпемен барлық адамның 95%-дан астамы қамтылса, қоғамда ұжымдық иммунитет сақталады. Неғұрлым көп адам егілсе, ауру қоздырғыштарына жұғу үшін адам табу қиындайды. Осылайша, оның ел ішінде белсенді айналымда болуы және инфекцияның қоршаған ортаға түсуі тоқтайды. Ал адамдар екпеден жаппай бас тартып, онымен қамту 90%-дан кемісе, ұжымдық иммунитет те төмендейді. Бұл мемлекетте аурулардың өршуіне соқтырады. Тіпті полиомиелиттің бір оқиғасы тіркелсе, соның өзі осы дерт тарала бастады деп бағаланады", – деді ұлт денсаулығына жауапты меморган.

Оның дерегінше, иммундаудың тиімділігін кейінгі 20 жылдағы көрсеткіш дәлелдейді: қызамық-краснуха 1998 жылғы 15 мың 346 оқиғадан 2018 жылы 1 оқиғаға дейін 3 мың есеге азайды. Паротит 1998 жылғы 5 мың 490-нан 2018 жылғы 38 дерекке дейін, яғни 140 есе кеміді. "В" гепатиті 1998 жылғы 3 мың 943-тен бертіндегі 95 сырқатқа дейін 40 есе төмендеді. Қазақстанда 1996 жылдан бері дифтерия, полиомиелит індеттері тіркелмеді.

АҚШ, Италия, Франция, Бельгия секілді дамыған ел халықтың жаппай иммундалуына қатты мән береді. 10-нан аса инфекциялық ауруға қарсы екпе жүргізу Италия, Израиль, Түркия, Біріккен араб әмірліктері, Сербия, Қытай, Беларусь және басқа елдерде міндетті саналады.

"Дүниежүзінде екпеден бас тартудың белең алуына орай қызылшаға (корь) қатысты эпидемиологиялық ахуал күрделеніп кетті. Сондықтан Италия, Сербия, Германия, Польша секілді бірқатар ел вакцинадан бас тарту үшін айыппұл жазасын енгізді. Мысалы, Италияда айыппұл 3500–7500 еуроны, Сербияда – 500-ден 1000 еуроны, Чехияда – 200 еуроны, Польшада – 200 поляк злотасын, Германияда – 2500 еуроны құрайды. Австралияда егер ата-ана екпеден бас тартса әлеуметтік жәрдемақы төлеу тоқтатылады. Мұсылман елі Пәкістанда 2016 жылы өз балаларын полиомиелиттен егуге қарсы болғаны үшін 500-дей ата-ана тұтқынға алынды, 1000 дерт оқиғасы бойынша тұтқындауға ордер берілген. Себебі, бүгінде Пәкістан мен Ауғанстан полиомиелит таралуы тән елдер болып қалуда. Егуден бас тарта отырып, ата-ана баласын Ата заңмен кепілдендірілген денсаулықты қорғау құқығынан айырады және вакцинамен басқаруға келетін инфекция жұқтыру қаупіне ұшыратады", – деп нықтады Денсаулық сақтау министрлігі.

Ведомство кодекс жобасы Сенатқа жеткенше, біраз өзгеріске ұшырауы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Дегенмен, әлеуметтік желілерде екпеге қарсы науқан жалғасуда. "Денеге екпемен бірге чип ендіріп жібереді екен, алты айдан кейін ондай адам өліп қалатын көрінеді" дейді интернет пайдаланушылар.

Америка отбасылық дәрігерлер қауымдастығының (AAFP) мүшесі, дәйекті медицина маманы, қазақстандық белгілі доктор Дмитрий Киреев мұның барлығын бос әңгіме дейді. Сарапшы әлгі қауесет ғаламтордың Ресей бөлігінен тарағанына назар аудартады.

"Сол ақпарат кеңістігінде айналымда жүрген әңгімелер бойынша "Билл Гейтс және оның әйелі Мелинда өздерінің BMGF қоры арқылы COVID-19 қарсы вакцина жасауды қаржыландырып жатыр", ол дәрі-дәрмек "егілгендердің жаппай өлуіне", кейбір нұсқасында – "тегіс бедеу болуына" соқтырады-мыс. Тағы бір нұсқасында – "вакцинамен бірге чип ендіріледі және ол адамдарды ары қарай бақылауға алу, әр басқан ізін қадағалау үшін пайдаланылады" дейді. Дұрысында, мұның барлығы ағылшын тілінен орыс тіліне қате аудару және сөзді бұрмалау кесірінен туындаған. Биылғы 18 наурызда Гейтс Reddit әлеуметтік желісінде тіркеліп, Ask me anything форматында пайдаланушылар сұрақтарына жауап бере бастады", – деп түсіндірді ғалым.

Интернеттегі сол жүздесулердің біріне коронавирус тақырыбы арқау болыпты. Билл Гейтс былай деп жазды: "Барлық елдер ары қарай не істейтіндері жөнінде әзірге тек айқындалып жатыр. Түптің түбінде бұл дерттен кімдердің айығып шыққаны, кімнің тестілеуден өткені немесе қашан вакцинациялау жүргізілгені туралы ақпараттар жазылған цифрлық сертификаттар қолымызда болады".   

"Осы сөзді бұрмалаған кейбір адамдар шу көтерді. Гейтс коронавируспен күресті пайдаланып, әр адамға цифрлық сертификаты бар микрочиптер ендіреді деп даурықты. Зер салсақ, Reddit-те Гейтс микрочиптер туралы бір сөз айтпаған. Buzzfeednews де, Reuters те, Factcheck.org та чиптеуге қатысты зерттеу жүргізіп, жоққа шығарды. Бірақ біздің адамдар әлемдік астыртын сөз байласу теорияларын жақсы көреді. Бұл жолда қауесет тасқынын ештеңе тоқтата алмайды. Шынында, егер қандай да бір мемлекет өз азаматтарын чиптендірейін десе, мұндай алдауға бармайды. Алдаса, көтеріліс болар еді. Оның үстіне, чип енгізілуі үшін арнайы жабдық керек. Қарапайым шприцпен оны енгізу мүмкін емес. Тек екпе ғана егіледі", – дейді сарапшы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу