Ұл-қыздарына екпе салдырмаған ата-аналар айыппұл арқалайды

7573

Тоғыз айлық балалар вакцинацияналып жатыр.  

Ұл-қыздарына екпе салдырмаған ата-аналар айыппұл арқалайды

Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин елордада өткен конгресте ұл-қыздарына екпе салдырмаған ата-аналар әкімшілік айыппұл арқалайтынын айтты.

Осыған қатысты ұсыныс Парламентке жолданады екен. Әзірше айыппұлдың мөлшері нақтыланбаған көрінеді.

Жандарбек Бекшиннің түсіндіруінше, екпе салдырмау бала құқығын бұзумен  және оның денсаулығына қауіп төндіргенмен тең.

"Бізде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бар. Соған сәйкес, балаларды вакцинациялау 95%-ға, ересектерді вакцинациялау 80-85%-ға жету керек. Осы деңгейге жетсек  елімізде жұқпалы аурулардың таралуы тыйылады. Біз Қазақстанда бұл көрсеткішті 97%-ға жеткіздік. Бізді  қызылша ауруы алаңдатып отыр. Бұл ауру қазір пандемия ретінде әлем бойынша таралып жатыр. Конгресске келген қонақтар Дүниежүзілік денсаулық сақтау деректері бойынша, қазіргі уақытта әлемде қызылшамен ауырған 375 мың жағдай тіркелгенін мәлімдеді. Осыған байланысты Мадагаскар және басқа да бірқатар мемлекеттерде өлім-жітім болған. Бұл ауру АҚШ-та да таралуда. Біз алдын алу шараларын жасап жатырмыз. Келесі аптадан бастап денсаулық саласында жұмыс істеп жүрген дәрігерлермен бірге қосымша егу жұмыстары қолға алынады", – деді Жандарбек Бекшин.

Оның сөзінше, қазір 10-12 айға жетпеген сәбилер ауырып жатыр.

"Негізі екпе 12 айдан бастап егіледі, бірақ біз жағдайға байланысты егуді 9 айдан бастап жатырмыз. Ауру іштен тарамас үшін еліміздегі медицина қызметкерлердің 99,7%-ы егілді. Біз қазір балабақша мен мектептерге вакцинацияланған балаларды ғана жіберу туралы ұсыныс айтып жатырмыз. Балаларының құқықтарын бұзып, вакцинация жасатпаған ата-аналарға әкімшілік айыппұл салынады. Айыппұл көлемі әзірге белгіленген жоқ. Жоба денсаулық сақтау ұйымдарында талқыланғаннан кейін Парламентке жолданады", – деді Жандарбек Бекшин.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу