Петиция жарияланған кодекс

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4249

Парламентке 170 мың адамның қарсылығын жеткізе алмады.

Петиция жарияланған кодекс

Осыдан бір жыл бұрын талқылау үшін Денсаулық сақтау министрлігінің сайтына жарияланып, күні кешеге дейін қоғамды қырықпышақ қылған "Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасы Мәжілістің екінші оқылымында мақұлданып, Сенатқа жөнелтілді.

Бұған дейін арнайы құрылған жұмыс тобы 42 отырыс, 11 қоғамдық тыңдау өткізіп, кодексті жетілдіруге қатысты 1 мың ұсыныстың 791-ін іріктеп алды. Нәтижесінде кодекстің жаңа жобасына 600-ге жуық өзгеріс енгізілді.

Құжатта адам ағзасын алмастыру, вакцинация жасау, денсаулық сақтау саласын цифрландыру сонымен қатар медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру сынды маңызды мәселелер қамтылды.  

Талқылау барысында қоғам екіге бөлінді. Бірі екпе егуді жақтаса, екіншісі даттады. Мәжіліс депутаттары Бекболат Тілеухан мен Ирина Смирнова даттаушылардың қатарында болды.

Бекболат Тілеухан: "Азаматтарды екпе егуге мәжбүрлеу – адам құқығына қол сұғу. Адамдарды "Міндетті түрде екпе аласың" деп қинауға болмайды. Адамның жаны Денсаулық сақтау министрлігіне емес, өзіне керек. Ақылы бар адамның барлығы вакцинаны алады. Мен вакцинаның өзіне емес, оны міндеттеуге қарсымын. Депутаттық мандатымды берсем де, осы істі аяғына дейін алып шығатынымды мәлімдеймін. Алдыма келмей-ақ қойыңыздар, ертең кабинетке келесіздер, ананы саласыздар, мынаны саласыздар, министр шығады. Кім шықса, ол шықсын, мына жерде ең құрығанда азаматтық позициясын, адамгершілігін сақтап қалатын жағдайда болуымыз керек", – десе, Ирина Смирнова: "Қазақстандықтар елдегі екпенің барлығы сапалы дегенге сенбейді. Өйткені бұған дәлел боларлық мысал өте көп. Ал денсаулық сақтау министрлігінің позициясын қолдайтындар кеңестік тәжірибеге емес, шетелдік тәжірибеге сүйенеді. КСРО кезінде барлығына бірдей екпе салынды дегендерге айтарым, ол кезде екпе материалдарының бәрі отандық өнім еді. Ал шетелден алынған өнім мұқият тексерілетін. Қазір фармация саласындағы жемқорлық асқынып тұр. Дәрі-дәрмекті көлеңкелі жолмен сатуға және оны тиісті жерге жеткізбеуге қатысты дерек көп. Осыған дейін екпенің тізімін айқындау туралы айттық. Біздің пікірімізше, ол тізім денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен емес, талқылаудан кейін бекітілуі керек. Министрлік Қазақстанның барлық тұрғынынан екпе алуды қатаң талап ететін болса, онда ведомства екпенің сапасына қатысты жауапкершілікті өз мойнына алуға тиіс", – деді.

Өз кезегінде осыдан 5 ай бұрын екпенің кесірінен 9 айлық қызынан айрылған  Марина Шаймаханова есімді ана вакцинаға қарсы "Бас тарту құқығы" петициясын жариялады. Құжатқа 170 мың адам қол қойып, кодекске қарсылық танытты.

"Кез келген отбасының баласы қайтыс болса, бүкіл отбасы өлгендей болады. Бұл жағдай өз басымнан өтті. Ата-аналардың екпенің кесірінен балаларынан көз жазып қалғанын қаламаймын. Медициналық қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі комитет қызымның өлімі неден болғанын анықтамай жатып, бұл вакцинациядан болған өлім емес деп кесімді пікір білдірді", – деді петиция авторы.

Петицияға алғашқылардың бірі болып қол қойған Евгения Чеботаревская ұлы Данилдың дамуы екпе алғаннан кейін тежелгенін айтады.

"Баламның тірі қалғанына шүкірлік етіп отырмын. Ұлым екпе алған соң  қимылдамай қалды. Тіпті дыбысы да шықпайтын болды. Оңалту жаттығуларының арқасында аяқ-қолына әрең дегенде жан бітірдік", – дейді ол.

Біле жүріңіз, былтыр еліміздің 17 мың тұрғыны екпе алудан бас тартқан.

Әлдекімдер екпе алмаған сәбилер балабақшаға қабылданбайтыны, ал ата-аналардың жазаланатыны туралы жалған ақпарат таратқанда әлеуметтік шиеленіс одан сайын өршіді. Бұған кодекс жобасының басы-қасында жүрген мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова: "Заң жобасында "екпе алмаған балалар балабақшаға қабылданбасын!" деген норма жоқ. "Егер ата-ана баласына екпе жасатпаса, қатаң жазаланады, ата-ана құқығынан айрылады" деген талап болған емес. Балабақшадағы балалардың 95% екпе егілсе, мұндай топқа вакцинация жасалмаған балалар қабылдана береді", – деді.

Бүгінгі таңда әлемді "мәжбүрлі вакцинациялау идеясын миллиардер Билл Гейтс көтерді. Оның компаниясы вакцинация арқылы қаржысын көбейтіп жатыр" деген қауесет кезіп жүр. Мұның рас-өтірігін тап басып айтатын біз емес. Алайда бір анық бар: вакцинацияға қатысты түрлі ақпарат WhatsApp мессенджері арқылы тоқтаусыз тарап жатыр. Ресейді дүрліктірген белгісіз біреудің: "Дәрігерлер вирустық инфекцияға тест жүргізіп, арты өлімге әкеп соғатын екпе егеді. Адам жарты жылдан соң өледі. Өтінемін, вакцина еккізбеңіздер, әйтпесе бәріміз өзімізді өлім жазасына кесеміз", – деген жазбасы қазақстандықтарды да үрей құшағына орап үлгерді. Салдарынан елімізде вакцинацияға қарсы адамдардың саны күрт көбейді.

Халықаралық медицина орталығының директоры, дәрігер Александр Шинкаренконың сөзінше, екпе егілген адамдарда түрлі инфекцияға қарсы иммунитет қалыптасады, ал егілмеген адамдар тәуекел тобына қосылады. "Әр адамда таңдау құқығы бар. Вакцина 100% қауіпсіз деуден аулақпыз. Оның жанама әсері болуы мүмкін, бірақ "екпе адамдарды өлтіру құралы" деген пікірмен келісе алмаймыз. Екпе егілген емес, егілмеген адамдар өздеріне де, өзгелерге де қауіп төндіреді. Себебі олар кез келген инфекцияны алғашқылардың бірі болып қабылдайды және айналасындағыларға жұқтырады", – деді дәрігер.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтің сөзінше, былтыр елімізде 4 841 334 екпе егілген. Нәтижесінде 143-ақ адам өзін жайсыз сезінген. Олардың дене қызуы көтеріліп, терілері бөрткен. Вакцинация бірде-бір адамның өміріне қауіп төндірмеген.

Денсаулық сақтау министрлігі биыл 4 млн адамға екпе егуді жоспарлап отыр. Себебі вакцинадан бас тартудың салдарынан адамдар арасында инфекциялық ауру түрлері көбейіп кеткен.

"Елімізде вакцинация мәжбүрлі болмайды. Бүкіл әлемдегідей бізде де ерікті түрде жасатуға болатын және міндетті вакцинацияға жүгінеміз. Ата-ана баласына вакцина салғызатынын немесе салғызбайтынын өзі шешеді. Вакцинация жасалмаған балалардың құқығына шектеу қоятын ешқандай норма жоқ", – деді Елжан Біртанов.

Айта кетейік, гепатитке, гемофил инфекциясына, дифтерияға, жатыр мойнының қатерлі ісігіне, көк жөтелге, қызылшаға, қызамыққа, пневмококк инфекциясына, полиомиелитке, сіреспеге, туберкулезге және паротитке қарсы вакцинация міндетті профилактикалық екпе саналады.

Министрдің мәлімдеуінше, вакцинаның ару жұқтырудың алдын алатынын  жоққа шығаруға болмайды.

"Фактіні эмоциядан ажыратсақ игі болар еді. Біз барлық жағдайға дайынбыз, қажет болған жағдайда тексеріс жүргізе аламыз", – деді Елжан Біртанов.

Ол мәжіліс мақұлдаған "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс денсаулық сақтау саласындағы жұмыстың аяқталғанын емес, керісінше басталғанын көрсетеді.

"Кодекс жобасын қарау барысында вакцинация, донорлық, трансплантация, психикалық және репродуктивті денсаулық, скрининг, жеке медициналық мәліметтерді жинау және темекі тұтынуды реттеуге қатысты нормаларға қатысты консенсус табылды. Кодекс жобасында вакцинаның сапасына дәрігерлер жауапты болатыны нақтыланды. Денсаулық сақтау саласында бірде-бір заң бұрын соңды дәл осылай ашық әрі кең ауқымда талқыланған емес", – деді еліміздің бас дәрігері.

Елжан Біртановтың баяндауынша, ел аумағындағы әр вакцина көпсатылы тексерістен өтеді. Тексеріс халықаралық стандартқа сай жүргізіледі. Вакцина халықаралық ұйымдар арқылы сатылып алынса, оның қауіпсіздігі мен сапасы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы деңгейінде тексеріледі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу