Вакцина дауы ұлттық бюроға жетуі мүмкін

3940

Кәсіпкерлер мен ветеринариялық бақылау комитеті бірін-бірі сотқа сүйреп жүр. 

Вакцина дауы ұлттық бюроға жетуі мүмкін

Елімізге осыдан екі жыл бұрын мемлекеттік сатып алу арқылы құтыруға қарсы вакцина жеткізген 7 компанияға қандай кінә тағылып отыр, ветеринарлық бақылау комитеті вакцинаны неге дер кезінде тексермеді, өңірлерде қолданылған сапасыз вакцинаның салдарына кім жауап береді? "Атамекен" ҰКП жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында осы сұрақтар күн тәртібіне қойылды.

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау комитеті мемлекеттік тапсырысты орындаған 7 компания осыған дейін сатқан препараттарды алмастыруға тиіс дегенді талап етті. Ал кәсіпкерлер бұл талапты орындаса банкротқа ұшырайтындарын алға тартып, вакцинаны қабылдау кезінде зерттеу жұмыстарын кешіктіргені үшін ветеринарлық бақылау комитетін кінәлауда.

Қос тараптың текетіресін "Атамекен" ҰКП-ға республикалық ветеринарлық және азық-түлік қауіпсіздігі қауымдастығының төрағасы Нұрлан Тұрғамбаев жеткізді.

"Препараттар сертификатпен бірге жеткізіледі, өйткені біз ДСҰ-да халықаралық келісім бойынша жұмыс істейміз. Алайда ветеринариялық бақылау комитеті вакцинаны 9 айдан кейін тексереді де, тауардың сапасыз екенін айтып, сотқа талап-арыз береді. Орындалған тапсырыстың барлық  партиясын алмастыруды талап етеді. Бұл миллиондаған ақша. Кешіріңіздер, бұлай болмайды, олар банкротқа ұшырайды", – деді Нұрлан Тұрғамбаев.

Белгілі болғандай, "Ветбиофарм" ЖШС 1 млн доза вакцина жеткізген. Препаратты сатып алуға 98 млн теңгеден артық ақша жұмсалған.

"Сот шешіміне сәйкес, тапсырысты орындаған компания препаратты  алмастыруға тиіс. Ветеринариялық бақылау комитеті елге әкелінген вакцинаның сапасыз екенін жануарлардың арасында тараған түрлі аурулармен байланыстырып отыр. Алайда олар бұл фактіні сотта дәлелдей алмады. Нақты қанша сиырға сапасыз вакцина салынғаны туралы сұрақ жауапсыз қалды. Қолданылған вакцинаның тізімі, жануарлардың паспорты бар. Бірақ комитетте қанша сиырға, қандай вакцина салынғаны туралы мәлімет жоқ Бұл қалай?", – деп сұрады республикалық ветеринарлық және азық-түлік қауіпсіздігі қауымдастығының төрағасы.

Айтпақшы, жиында ауыл шаруашылығы министрінің ветеринариялық препараттарды қолдануға тек зерттеу нәтижелері оң болған жағдайда ғана рұқсат беру қажеттігі туралы бұйрығы бар екені, осы бұйрықты ветеринариялық бақылау комитетінің лауазымды тұлғалары белден басқаны айтылды.

Вакцинаның иммундық белсенділік көрсеткішін "КазНИВИ" ЖШС анықтаған. Бірақ оның бұл істі атқару құқы болмаған.

"Атамекен" ҰКП жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшесі, мәжіліс депутаты Айгүл Соловьеваның сөзінше, "КазНИВИ" ЖШС тиісті аккредитациядан өтпеген.

Кеңес мүшелерінің пікірінше, ветеринариялық бақылау комитеті осы жерде де заңға қайшы әрекет еткен.  

Айтқандайын, отырыста мал дәрігерлік бақылау комитетінің өкілдері қара көрсетпеді. Олар алдын ала ресми түрде шақырылғандарына қарамастан, жиынға қатыспады.

Мына қызықты қараңыз, даулы мәселеде сот шешімдері де бір біріне қарама-қайшы келіп тұр. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен азаматтық істер жөніндегі сот алқасы ветеринариялық бақылау комитетіне талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты. Ал Жоғарғы сот кәсіпкерлерді мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушы деп таныды. Екі компанияға қатысты соңғы шешім әлі шыққан жоқ.

Кеңес мүшесі, мәжіліс депутаты Кеңес Абсатировтың айтуынша, вакцинация дауын шешу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюроға тергеу жүргізуді ұсыну қажет.

Кеңес отырысында бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов ветбақылау комитетінің қызметі мен атарып отырған міндетіне күмән келтірді.

"Комитет немен айналысуға тиіс екенін қайта қарау керек. Мүмкін онда тек сатып алумен айналысатын адамдар тобы отырған шығар. Сіздер кәсіби мамансыздар, ұсыныс енгізейік. Мүмкін ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан департамент құру қажет шығар? Түкке тұрмайтын іспен айналысатын аппарат кімге қажет, оны не үшін ұстаймыз? Мен сіздерге кәсіби маман ретінде тағы да осы сұраққа тереңірек үңілуді  ұсынамын", – деді Болат Палымбетов.

Жиын соңында "Атамекен" ҰКП жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов Жоғарғы соттың шешімін ескере отырып, кәсіпкерлерге бұл мәселеде көмек көрсету оңай болмайтынын тілге тиек етті.

"Комитет өзінің теріс пиғылын көрсетті. Алайда қорқудың қажеті жоқ. Бас прокуратураға мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде осы ведомствоның қызметіне талдау жасауды ұсыну қажет", – деді Қайырбек Сүлейменов.

Сөз арасында кеңес төрағасы осыған дейін ауыл шаруашылығы министріне ресми хат жолдағанын, министрдің бірінші орынбасарымен сөйлескенін, нәтижесінде ветеринарлық қадағалау және бақылау комитетінің басшылығына отырысқа қатысу тапсырылғандығын жеткізді. Алайда іс барысында комитеттің лауазымды тұлғалары тапсырманы орындаған жоқ.

Орындаса олар кеңес отырысына қатысып, өздеріне қойылған сұрақтарға жауап берер еді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу