Вакцина аналар бойындағы ұрықты жоя ма?

4415

Денсаулық сақтау министрлігі өз тұжырымын айтты, деп жазады Inbusiness.kz.  

Вакцина аналар бойындағы ұрықты жоя ма?

Ақпарат құралдары ресейлік ғалымдарға сүйеніп, "Спутник V" және басқа да тірі вирусы бар вакциналардың "ұрыққа еш зияны жоқ-мыс" деген сыңайда хабар таратуда. Себебі, "Спутник V" аденовирусқа негізделгені мәлім.

Ресей ғалымдары не дейді?

"Новости" ақпарат агенттігі хабарлағандай, коронавирусқа қарсы "Спутник V" ресейлік вакцинасын жасаған Гамалея атындағы Эпидемиология және микробиология ғылыми ​зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбургтің мәлімдеуінше, "бұл препарат бедеулікке соқтырмайды, өйткені ол аденовирустың екі түрі негізінде жасалған, ал олармен адамзат бұрыннан қатар өмір сүріп келеді".

"Адамзат 7,5 миллиардқа дейін көбейді. Осы қос вирус кейбір адам ағзасында тіршілік етеді, біз оларды өткір респираторлық ауру түрінде оншақты рет жұқтыра береміз. Бұл бойға бала бітуге немесе басқа да репродуктивті процестерге кедергі келтірді ме? Бірде бір медициналық хаттамада ондай жайт тіркелмеген", – деді А.Гинцбург.

Мәскеудің №40 ауруханасының бас дәрігері Денис Проценко да ресейлік вакцинаны қорғаштап сөйледі. Ол Covid-19 вакцинациялау бедеулікке соқтырады деген сөзді қауесет әрі спекуляция деп атады.

"Бұл өсек қайдан шыққанын білмеймін. Бұл пікірді растайтын дерек жоқ. Коронавирусқа қарсы вакцина кеңес кезінен қолданылып келе жатқан ескі технология негізінде әзірленген. Біз полиомиелитке қарсы егілеміз, бірақ адамзат содан бедеу болып, жоғалып кеткен жоқ қой", – деп насихаттады Д.Проценко Инстаграм парақшасы арқылы.

Жүктілерге вакцина салуға әлі ерте ме?

Сарапшылар ресейлік вакциналардың қарсы көрсетілімдеріне "жүктілік пен емізу кезеңі" кіретініне назар аудартады. Бұған қоса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары да аяғы ауыр әйелдерге вакцинациялаудан бойды аулақ сала тұруға кеңес берген.

"Қазіргі уақытта жүкті және нәрестесін емшекпен емізіп жүрген аналарға коронавирусқа қарсы вакцина егуге үзілді-кесілді тыйым салынған. Себебі, бұл вакциналар ондай аналарға мүлдем зиянсыз деп сеніммен айтуға негіз болатындай жеткілікті зерттеу жүргізілген жоқ. Осының алдында Гамалея атындағы ҒЗИ директорының орынбасары, "Спутник V" жасау тобының жетекшісі Денис Логунов баспасөз конференциясында вакцинаның жүкті әйелдер организміне ықпалы зерттелмегенін жария еткен-тін", – дейді ресейлік зерттеуші, акушер-гинеколог Елена Зайцева.

"Вакцинаның жүктілер үшін қауіпсіздігі туралы айтуға ерте. Оның компоненттерінің бірі тератогендік әсерге ие болуы және ұрықтың эмбрионалдық дамуының бұзылуына соқтыруы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды", – дейді жалпы тәжірибе дәрігері Анастасия Тараско.

Айта кету керек, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қазандағы №ҚР ДСМ-146/2020 бұйрығына сәйкес, "Профилактикалық екпелерді жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдердің тізбесі" бекітілді.

Онда "Тірі вакциналарды пайдалануға тұрақты қарсы көрсетілімдердің" 3 негізгі түрі белгіленген. Біріншіден, АИТВ/ЖИТС жұқтырғандарға, "иммун тапшылығы дәрежесіне қарамастан, адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған ауруды қоса алғанда, иммун тапшылығы аурулары" барларға тыйым салынған. Екіншіден, "қатерлі қан ауруларын қоса алғандағы қатерлі ісікпен ауыратындарға" коронавирусқа қарсы егілуге болмайды.

Үшіншіден, қарсы көрсетілімге жүктілік те жатады.

Бұдан бөлек,  "уақытша қарсы көрсетілімдер" де бар, біріншіден, адам орталық жүйке жүйесінің жедел ауруларына (менингит, энцефалит, менингоэнцефалит) шалдықса, вакцинация толық сауыққаннан кейін бір айдан соң жасалады. Екіншіден, "жіті гломерулонефрит" анықталса, вакцинациялау сауыққан соң 6 айға дейін, ал нефротиялық синдромда –кортикостероидтермен емделу аяқталғанға дейін кейінге қалдырылады.

Үшіншіден, температураға байланыссыз ауырлығы орта және ауыр дәрежедегі жіті инфекциялық және инфекциялық емес ауруларда – вакцинациялау сауыққаннан кейін 2–4 аптадан соң рұқсат етіледі.

Төртіншіден, лейкоздар, мүшелер мен тіндерді трансплантациялаудан кейінгі жағдайлар, апластикалық анемия, иммундық тромбоцитопения және бірқатар вакциналарды қоспағанда (тұмауға, В гепатитіне, пневмококкқа қарсы) қолдануды бейінді мамандардың (гематолог, иммунолог немесе басқалар) қорытындысынан кейін көрсетілген басқа да қан аурулары бар пациенттер де абай болғаны абзал.

Бесіншіден, созылмалы аурулардың өршуі және асқынуы вакцинацияны кейінге ысыруға себеп. Алтыншыдан, үдемелі немесе тұрақсыз неврологиялық бұзылулар, бақыланбайтын құрысулар немесе үдемелі энцефалопатия болса, вакцинация емдеу аяқталғанға дейін және жағдай толық тұрақтанғанға дейін кейінге шегеріледі.

Зерттеу нәтижелері ІІ жартыжылдықта жарияланбақ

Ғалымдардың әрқилы пікірін тыңдап, қайсысы дұрыс екенін бажайлай алмай, екі ортада әрі-сәрі күйде қалған қазақстандықтар соңғы инстанция ретінде бір тоқтамын айтуды сұрап, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға жүгінуде.

"Барлық вакциналардың жалпы әрі тұрақты қарсы көрсетілімдері адам ағзасына вакцина компонентін тікелей енгізуге организмнің поствакциналы теріс және тосын реакциясымен ғана байланысты болып келеді. Алайда "Спутник В" секілді тірі вакциналардың қосымша қарсы көрсетілімдері де бар екен. Мысалы, оны жүкті аналарға егуге болмайды дейді. Бүгінде жұбаймыз екеуіміз мемлекеттік квота аясында экстракорпоралды ұрықтандыруға өз кезегімізді күтіп жүрміз. Ол кез келген күні беріліп қалуы мүмкін. Сондықтан егілуден аяқ тартып отырмыз", – дейді Елшібек Қанатбеков.

Сонымен бірге ол биліктің жаппай вакцинациялануға үндеуді күшейткенін қаперге салды. Егілмегендердің жүріс-тұрысы шектелетінге ұқсайды

"QazVac отандық вакцинасы тірі вакцине емес, инактивті, "өлтірілген" вакцина екен. Соны салғызсақ па деген ойдамыз. Бірақ оның жүктілерге рұқсат етілген, етілмегенін білмейміз. ЭКО рәсімін күткендерді вакцинациялауға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі жеке шешім және қаулы қабылдаса жөн болар еді", – дейді ол.

ДСМ-нің түсіндіруінше, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2021 жылғы 27 қаңтардағы №3 "Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі жүргізу туралы" қаулысына сәйкес, жүктілік және емізу кезеңі – коронавирусқа қарсы кез келген вакцинаны енгізуге қарсы көрсетілімдер болып табылады.

"Мамандар жүктілікті немесе экстракорпоралды ұрықтандыруды жоспарлағанға дейін 2–3 ай бұрын вакцинациялануға кеңес береді. Әйтпесе, жүктілік кезінде вирустық инфекциялық аурулармен ауыру ананың және жатырдағы ұрықтың өмірі мен денсаулығына теріс ықпал етуі мүмкін. Ал күнібұрын вакцинациялану нәтижесінде қол жеткізілген иммунитет қауіп-қатерді кемітуі ықтимал", – деп жауап қатты ДСМ басшысы Алексей Цой өз блогында.

Оның мәліметінше, вакцинаның эмбрионға қалай әсер ететіні әлі күнге белгісіз болып қалуда.

"Қазіргі уақытта КВИ-ге қарсы вакцинаның ұрыққа зиянын растайтын қандай да бір ғылыми деректер жоқ. Қосымша хабарлағым келеді: эксперттер коронавирусқа қарсы вакцинациялаудың ана мен бала денсаулығына ықпалына зерттеу жүргізуде. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл зерттеулердің нәтижелері 2021 жылдың екінші жартыжылдығында дайын болады", – деді министр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу