Коронавирус жағдайында Токио Олимпиадасы қалай өтеді?

3226

Пандемияның төртінші толқыны Жапонияда Жазғы Ойындардың тағдырына көпшілікті қайта алаңдатып отыр.  

Коронавирус жағдайында Токио Олимпиадасы қалай өтеді?

Жапонияда үшінші мәрте төтенше жағдай жариялануы Токионың Жазғы Олимпиада ойындарын өткізу қабілетіне байланысты жаңа алаңдаушылық тудырып отыр. Премьер-министр Ёсихидэ Суга сәуірдің 25-нен мамырдың 11-не дейін Токио, Осака, Киото және Хиого төтенше ахуал режимінде өмір сүретінін хабарлады. Жапонияда шамамен жарты миллиондай COVID-19-ды жұқтыру оқиғалары анықталып, осы инфекциядан 10000 адам қайтыс болды. Бірақ, соған қарамастан, елде локдаун жарияланған жоқ. Мұның бәрі Олимпиада үшін нені білдіреді?

Соңғы "төтенше жағдай" нені білдіреді?

Жаңа режим сондай әсерлі емес. Жапонияда төтенше жағдай -  үйде мүлде қамалып отыру емес. Бұл алкогольдік ішімдіктер сататын мейрамханалар, барлар және караоке-салондар жабылып, үлкен спорттық шаралар көрерменсіз өткізілуі керек дегенді білдіреді. Сонымен қатар,1000 шаршы метрден асатын әмбебап дүкендер, кинотеатрлар және басқа да коммерциялық нысандар да жұмысын доғарып, компанияларға адамдардың көбіне үйде жұмыс істеуге рұқсат беру туралы өтініш айтылады. Алайда, мектептер ашық қалып, сабақ беруді тоқтатпайды.

Жапонияда соңғы төтенше жағдай белгілі бір аймақтармен шектеліп қалып отыр. Ол Токио, Киото, Осака және Хиого префектураларын ғана қамтымақ. Демек, бұл режимге Жапонияның 126 миллион тұрғынының шамамен төрттен бірі мен экономикалық қызметінің үштен бірі ғана ілігеді. Төтенше жағдай жексенбіде күшіне еніп, келесі бейсенбіде басталатын "Алтын апта" мерекелеріне дейін жалғасады. Экономика министрі Ясутоши Нишимураның айтуынша, мұны "қысқа әрі қуатты" карантин деп те сипаттауға болар.

"Біз адамдардың қозғалысын мүлдем шектеуге тиіспіз. Және де бұған батыл кірісуіміз керек. Бізге күшті, қысқа және жинақы іс-шаралар қажет. Ал, шектеулерді бұзушылар кейбір жағдайларда жуырда қайта қаралған заңға сәйкес айыппұлмен жазалануы қажет", - дейді Нишимура,

Жапонияда пандемия қаншалықты қиын?

Пандемия басталғаннан бері Жапонияда 550000 жұқтыру оқиғасы тіркеліп,  9761 адам қайтыс болды. Бұл басқа ірі экономикаларда кездесетін көрсеткіштерден едәуір төмен. Мысалы, Ұлыбританияда коронавирустың 4,4 миллион расталған жағдайы анықталып, 127 000-нан астамы жан тәсілім еткен. Айта кетсек, Біріккен Корольдік тұрғындарының саны Жапония халқының жартысынан да аз.  

Жапонияда пандемияның соңғы өршуі коронавирустың "мутант" нұсқасының тарауымен және кейбір жерлерде медициналық персонал мен аурухана төсектерінің жетіспеушілігімен байланысты. Сонымен қатар, Күн Шығыс елінде вакциналау науқаны мардымсыз жүргізіліп жатыр. Жұма күні Токиода 759 адамнан жаңа инфекция анықталды. Бұл - қаңтардың 29-нан бергі ең жоғарғы көрсеткіш.

Неліктен жапонның ‘мутант’ штаммы үлкен мәселеге айналды?

Себебі, бұл мутанттық варианттар көбірек жұқпалы тәрізді және де олар вакциналарға төтеп беруі мүмкін. Айта кету керек, Жапонияда екпелер әлі де кең таралмаған. Коронавирустың мутанттық нұсқаларын жұқтыру оқиғалары қаншалықты көп екені әзірге белгісіз. Себебі, COVID-19-ға тест тапсыру кезінде позитивті нәтиже көрсеткендердің аз бөлігіне ғана жаңа варианттарды анықтау мақсатында геномдық зерттеу жүргізіліп жатыр.

Жапонияда вакцина бағдарламасы бар ма?

Йә, бар. Бірақ, бірнеше айдан кейін жер-жаһандағы ең үлкен спорттық шоу өткізбекші елде вакциналау науқаны баяу жүргізіліп жатыр. Жапония өз халқына Pfizer-BioNTech екпесін егуді ақпан айында бастады. Демек, ол бұл жұмысқа Ұлыбритания мен АҚШ-тан екі айға кешігіп және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы екпені мақұлдағаннан кейін алты апта өткенде кірісіп отыр. Қазіргі уақытта Жапония халқының бір пайыздайы ғана толықтай вакциналанған.

Жапония үкіметі қауіптенгендіктен, екпе егу науқанын әдейі баяу жүргізіп жатырмыз дейді. 50 жылға созылған вакцина жанжалдарынан кейін елдің иньекцияға деген сенімі әлем бойынша ең төменгі деңгейде. Алайда, одан биліктің атына айтылып жатқан сын тоқтай қойған жоқ.

Сауалнамалар қорытындыларына қарағанда, жапондықтардың 70 пайызы вакциналау жұмыстары өте баяу жүргізіліп жатыр деген ойда. Екпе салуға  жауапты министр Таро Коно егде жастағы тұрғындарды (36 миллион адам), денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін және өзге санаттағы адамдарды вакцинмен қамтамасыз ету үшін маусым айына дейін 100 миллион доза жинақтау қажеттігін мәлімдеді. Бұл дегеніміз - Олимпиада басталатын күн - шілденің 23-не дейін Жапония халқының жартысынан азына ғана вакцина егілуі мүмкін.

Бұның Олимпиадаға әсері бар ма?

Қазірдің өзінде бар. Жапония биыл бірнеше олимпиадалық іс-шараны сынақтан өткізуді доғарып, шетелдік көрермендердің Ойындарға келуіне тыйым салып отыр. Дегенмен, ұйымдастырушылар әлі де болса кейбір спорттық турнирлерді тамашалауға жергілікті көпшілікті қабылдаудан үмітті. Мысалы: бейсболға, футболға, сумо күресіне.

Бұл іс-шараларға қоғамдық қолдау күмәнді болып тұр. Жуырда Kyodo News жүргізген сауалнама қорытындыларына жүгінсек, жапондардың 39 пайызы Ойындардан бас тарту керек десе, 33 пайыздайы оның өтетін уақытын ауыстыру қажет деген пікір айтқан.

Алайда, осындай күмән-күдіктерге қарамастан, Жапония басшылары Ойындарды қайтсе де өткізуге бекініп отыр. Бірақ, әзірше жергілікті көрермендерге вакцина алу талабы қойылып отырған жоқ. Халықаралық Олимпиада Комитеті да спортшыларды екпе салуға үндегенімен, олардан бұны нақты талап етпеді.

Барлық шетелдік қонақтар - спортшылар, жаттықтырушылар, көмекші персонал, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары – Жапония аумағына енерде COVID-19 тестінің теріс нәтижелерін көрсетулері керек. Және де олар коронавирустан сақтану жайындағы кітаптың ережелерін ұстанып, әр төрт күн сайын тестілеуден өтіп отыруға міндеттелмек.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу