Отандық COVID-19 вакцинасына қатысты жаңа дау туып отыр

11211

Ресей вакцинасы өтуі үшін өзіміздікі "тұншықтырылып" жатыр ма? 

Отандық COVID-19 вакцинасына қатысты жаңа дау туып отыр

Үш апта бұрын Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Ресейдің вакцинасын сатып алу бойынша келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге ұшып барғаны туралы хабар Қазақстанда үлкен сын толқынын туғызды. Ресей клиникалық сынақтары аяқталмағанына қарамастан, төл вакцинасын 11 тамызда өзінде ресми тіркеуден өткізіп, қораптап, үлкен көлемде өндіре бастады. Қазақстан оның сынақтары аяқталысымен солтүстік көршісінен 2 миллионнан астам дозасын сатып алуды жоспарлап отыр.

Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресей вакцинасының тиімділігіне күмән келтірді және бұл асығыстықтан қауіптеніп отыр. Ресейдің клиникалық фармакологы Глеб Пуцман ресейлік вакцинаның көп кері әсерінің біріне тоқталды.

"Клиникаға дейінгі зерттеулер сатысында жүкті әйелдерге шағын дозада салынғанның өзінде ұрық-эмбрионның өлуіне соқтырғаны, сондай-ақ тератогенділік (эмбрионның дамуының бұзылуы) байқалды. Сондықтан бұл вакцина аяғы ауыр әйелдерге, сонымен қатар жүктілікті жоспарлау кезінде ерлер мен әйелдерге қауіпті", – деді Глеб Пуцман.

Өткен аптада Италияның бір топ зерттеуші-медицина маманы Lancet ғылыми журналында жарияланған коронавирус инфекциясына қарсы ресейлік вакцинаның клиникалық зерттеуі деректерінің шындық екеніне шек келтірді. Олар әртүрлі эксперименттердің нәтижесінде алынған деректердің бір-біріне ұқсас болып шығуы күдікті деп отыр.

10 қыркүйекте онлайн-брифинг берген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанның өткен айда "Спутник V" вакцинасын сатып алу ниеті туралы Ресеймен келісімге қол қойғанын, енді вакцинаны тестен өткізудің ресми нәтижелерін күтіп отырғанын жеткізді. Ал сарапшылардың байламынша, бұл В.Путиннің мақтанышы әрі "жаһандық көзірі" болып есептелетіндіктен, допинг қолданған ресейлік спортшылардыкі секілді "Спутник V"-ның ресми нәтижелері де міндетті түрде "тамаша" болып шығады. 

Отандық вакцина өндірушілер неге ашынды?

Кеше БҒМ-ның "Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты" республикалық мемлекеттік кәсіпорыны әділдік іздеп тікелей Әділет министріне жүгінді. Институт отандық вакцинаның 2 миллион дозасын дайындап беруге әзір екенін мәлімдеді.

Институттың бас директоры Күнсұлу Закарья COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинаны Үкімет тапсырмасына сәйкес және арнайы ғылыми-техникалық бағдарлама аясында әзірлеп жатқандарына назар аудартты. 

"Біздің отандық вакцина ДСҰ-ның кандидаттық вакциналары тізіміне ресми енгізілді. Бүгінде коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in отандық инактивті вакцинасы клиникаға дейінгі барлық сынақтан табысты өтті. Нәтижесінде вакцинамыздың ағзаға зиянсыз екені анықталды және клиникалық зерттеулер өткізуге ұсынылды. Биылғы қыркүйекте біздің институт вакцинамызды "Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында" ерікті адамдарға клиникалық сынауға кірісіп кетті", – дейді Күнсұлу Дальтонқызы.

Оның айтуынша, осы жылғы 6 тамызда Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңестің отырысы өткен. Кеңес қойған міндет бойынша институт COVID-19 індетіне қарсы вакцинаны сынауға және өндіріске қоюға бағытталған "жол картасын" әзірледі.

"Қазақстанда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін осы кеңес 2020 жылғы 15 қарашаға қарай отандық вакцинаның 2 миллион дозасын өндіру туралы шешім қабылдады", – дейді институттың бас директоры.

Не кедергі?

Бір қарағанда, қуанышты жаңалыққа ұқсайды. Бірақ ол тым кешігуі ықтимал. Өйткені Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты өз вакцинасына бірнеше ай патент ала алмай жүр.

"Вакцинаны өндіру үшін СТ KZ сертификатын алу қажет. Ал ол үшін өнертабыстың патенті болуы шарт. Еске сала кетейік, Ресей Үкіметінің тапсырмасы бойынша ресейлік ғалымдар төл вакцинасына патентті жеделдетілген тәртіппен 2020 жылғы маусымда-ақ алып алды. Осы орайда біздің институт КВИ-дің екінші толқыны қаупіне байланысты сізден өнертабыс бойынша екі өтінімге Қазақстан патентін беру мәселесін қарауды табанды түрде өтінеді", – деді институт басшылығы Әділет министрі Марат Бекетаевқа жазған хатында.

Бұл жерде қазақстандық ғалымдар "COVID-19 алдын алуға арналған инактивті вакцинаны алу тәсіліне" (ол 18 маусымда дайын болған) және "COVID-19 коронавирус инфекциясының SARS-CoV-2/KZ_Almaty/04.2020 штаммына" патент ала алмауда. Бұл штамм спецификалық профилактика құралын әзірлеу, лабораториялық диагностика және вакцинаның індеттен биологиялық қорғау тиімділігін бағалау үшін пайдаланылады.

"Біздің институт осының алдында да Әділет министрлігінің "Ұлттық зияткерлік меншік институтына" (Қазпатент) өнертабысқа өтініштеріміз бойынша сараптама жүргізуді жеделдетуді сұрап, хат жазған болатын. Алайда Қазпатент ол өтінішімізді қараудан бас тартты. Мұнсыз, патент алмай біз отандық вакцинаны кең ауқымда өндіруге кірісе алмаймыз", – дейді Күнсұлу Закарья.

Әділет министрлігі әзірге жауап қатпай, тым-тырыс отыр. Соған қарағанда, ұлтымыздың болмысын ескеретін қазақстандық вакцинаның өндірісі кешеуілдеп, Қазақстанның күні қауіпті шетелдік вакцинаға қарайтын түрі бар.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу