Биліктің міндетті вакцинациялау ұсынысы тағы дүрбелең туғызды

5191

Халықтың бұл жолы неге қарсы екені белгілі болды. 

Биліктің міндетті вакцинациялау ұсынысы тағы дүрбелең туғызды

Әлемді жайлаған коронавирустық инфекция індеті қазақстандықтардың екпеге қатысты теріс көзқарасын өзгертпепті, керісінше, наразылықты күшейтіп жібергендей. Бұған кейбір ғалымдардың тұмауға қарсы егілген адамдардың пандемиядан аз зардап шегетіні туралы жорамалы да еш әсер етпегенге ұқсайды.

Денсаулық сақтау министрлігі "Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын және оларды жүргізу ережесінің" жобасын жария етті. Нәтижесінде, әлеуметтік желілер және "Ашық НҚА-лар" порталы қарсы пікірге толып кетті. Біз әр тараптың ойбайлары мен ой-байламдарына құлақ түріп көрдік.

Ана Диана Кенжетаева азаматтарды вакцинациялауға міндеттеуге болмайтынын айтады.

"Мен бұған ана ретінде қарсымын. Бұл тек ерікті процедура болуы тиіс. Әйтпесе барша Қазақстан азаматтарының таңдау құқығы аяққа тапталады.Қазіргі кезде балалар әлжуаз, көбінің денсаулығында салмақты проблемалар бар. Шенеуніктер вакцина түрін тендер арқылы таңдағанда халық пікірімен санаспайды. Егер олар сапасызын сатып алса, алғашқы адамдар жапа шеккенше еге береді. Ата-аналар өз баласын қорғауда таңдау құқығынсыз қалады. Әсіресе, жатыр мойнының қатерлі ісіктері (С53) деген екпе үрей тудырады. Оның бедеулікке соқтыратыны туралы деректер жетіп-артылады", – дейді Д.Кенжетаева.

Ол тағы бір түйткілге назар аудартты:

"Емханаларда дәрігерлер тұрақтамайды. Жас мамандар бір-екі жыл тәжірибе мен өтіл жинақтап, жеке секторға кетіп қалады. Осындай жағдайда екпелердің кері салдарлары үшін ешкім де жауапкершілік арқаламайтын болады. Табыс табуды басты орынға қоятын фармкомпаниялардың конвейеріне барлық баланы жаппай жолдауға болмайды. Егер билік осы сынағын жалғастыра берсе, жуық арада елде мүгедектер саны өсіп шыға келуі ықтимал", – дейді Диана Кенжетаева.

Сарапшылар шынында, Денсаулық сақтау министрлігі кейінгі жылдары не себепті елде сал-ДЦП-ға, аутизмге шалдыққан балалар санының күрт артқанын толыққанды анықтап, соған ықпал еткен факторларды елге жария етпегенін еске салады.

Қоғам белсендісі Дмитрий Карпов биліктің осындай маңызды заңды төтенше жағдай кезеңінде асығыс-үсігіс қабылдап жатқанына қынжылыс білдірді. Мысалы, міндетті екпені қарастыратын "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексін Мәжіліс мақұлдап та тастады. Журналистер ТЖ жағдайында Парламентке кіргізілмейді, яғни осыған жауапты Үкімет мүшелерін ұстап алып, жауап ала алмайды.

"Министрлік қоғамдық талқылауға шығарған егу ережесінің жобасы астында пікір қалдырудың өзі көбіне мүмкін болмай тұр. Қаншама рет талпындым, бірақ пікірімді жариялау орнына "504 Gateway Time-out" деп шыға береді. Мен ол құжаттағы бірқатар тұжырымдармен келіспеймін. Оған өз түзетуімді енгізгім келеді. ТЖ енгізілген кезде мұндай талқылауды кейінге, COVID-19 пандемиясымен күрес аяқталған заманға қалдыруға болатын еді", – дейді Дмитрий.

Кәсіпкер Төлеген Қорабаев та қоғамдық талқылау алаңында өз пікірін қалдыра алмағанын жеткізді: "Number of connections exceeded. Please, try later" деген сөз шыға беретін көрінеді.

"Мен міндетті вакцинациялауға түбегейлі қарсымын. Ерікті болсын. Билік өкілдері түсіндіру жұмыстарын лайықты жүргізуге қабілетсіз, халыққа түсіндіре білмейді. Тек шекеден қарап, өктем сөйлеуге үйренген. Әйтпесе, оның қажетін жете жеткізсе, қауіпсіз екенін паш етсе, жұрт жақтайды ғой. Қазіргі қарсылық вакцина сапасына және денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімнің жоқтығынан. Мен де сенбеймін. Өйткені осы министр тұсында министрлік сапасыз екпе сатып алып, елге кесапат әкеле жаздаған", – дейді ол.

Тағы бір ана Ақмарал Тобылова екпеден нендей нәтиже бары беймәлім деген пікірде.

"Бұл екпелердің тиімділігі дәлелденбеген. Егілген балалар бәрібір сол аурулармен ауырып жатады және басқа адамдарға жұқтырады. Бізде вакцинациялаудың кері әсеріне және зардаптарына не министр, не Үкімет басымен жауап бермейді. Ешқандай жауапкершілік жоқ. Артынан ата-аналар сап-сау күйден мүгедекке айналған балаларының проблемаларымен және дерттерімен жалғыз қалады. Ешқандай өтемақы да ала алмайды, ешкімді сот алдында жауапқа тарта алмайды. Себебі, оның екпе салдары екенін дәлелдеу мүмкін емес. Ал байғұс дәрігерлер жоғарыдан түскен жоспарды жаппай және бейберекет орындай береді. Тек невропатологтың қарауына жіберіп, қызуын өлшеп, қан анализіне жіберуі мүмкін. Медицинаның олқылығы көп болып тұрған кезде біздің таңдау құқығымыз болуы керек", – дейді ол.

Егілген балалардың да ауыратыны туралы пікір қоғамда бекер туындаған жоқ: 2018 жылдың қаңтарында Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында, соның ішінде Қарағанды, Саран қалаларында, Абай және Шет аудандарында гепатит күрт ушықты. ШҚО-ның Шолпан ауылында бір адам қаза тапты. Індет бірнеше мектепті, соның ішінде Қарағандының №58, Теміртаудың №5, Шахтинск қаласының №26 мектептерін жайлады. Сол кездегі бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин не себепті бұл кеселге мектепте үнемі егілетін балалар шалдыққанын түсіндіре алмады. Бекшин мырза сонда жұмысынан кетпегені белгілі. Әлгі мектептерде дезинфекциялау жүргізілді, ауыл-қалаларда барлық бұқаралық спорттық-мәдени іс-шараларға тыйым салынды.

Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзі жаппай екпе шараларының маңызды екенін хабарлайды. Жаһандық ұйым дерегінше, әлемде 5 жасқа дейінгі шамамен 1,5 млн бала екпе арқылы басқаруға болатын инфекциялар кесірінен көз жұмады. Күл ауруымен науқастанған әрбір үшінші, ал сіреспе-делбемен ауырған әрбір екінші адам өлуі мүмкін. Полиомиелитпен ауырғандар сал болып қалуы ықтимал.

Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, егер вакцинациядан өткендер үлесі халықтың 90%-ынан кем болса, онда әлгі індеттердің бірінің бас көтеру және ушығу қаупі туындайды. Мемлекет сол себепті егуден қашқан екі адам қалған сегіз адамға қатер төндірмеуі үшін міндетті екпе жүргізуді таңдап отыр. "Қазақстанда жүзеге асырылған тиімді вакцинациялау бағдарламасы арқасында 2009 жылдан бері дифтерия таралуының деректері тіркелмеді. Еліміз 2002 жылдан бері дүниежүзінде полиомиелиттен азат аумақ деп жарияланды. Қызылшамен ауыру 3 мың есе, бауыр цирррозына соқтыратын "В" гепатитінің вирусын жұқтыру 79 есе азайды", – дейді министрлік.

Бірақ Мәжілісте денсаулық кодексін талқылау кезінде айтылғандай, шенеуніктердің жемқорлығы, сапалы вакцина сатып алу ісіндегі жариялылықтың жоқтығы, жауапкершіліктің ақсап жатуы ақыр соңында халықтың 65%-ының екпеден бас тартуына соқтырды.

Сондықтан денсаулық кодексін бірінші оқылымда мақұлдаған Мәжіліс ДСМ Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің өкілеттігін кеңейтіп, оған екпенің сапасын тексеру құзырын берді. Тендерге жауапты органдардың жауапкершілігі күшейтілді. Заң жобасына енгізілген түзету бойынша сапасыз екпе жеткізген компания өкілі 5 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Мынадай індеттерге қарсы екпе міндетті түрде жүргізіледі деп ұсынылып отыр: "А" гепатиті (В15); "В" гепатиті (В16); b типті (В96.3) гемофильдік инфекция; дифтерия (А36); жатыр мойнының қатерлі ісіктері (С53); көкжөтел (А37); қызылша (В05); қызамық (В06); құтырма пневмококк инфекциясы (В95.3); полиомиелит (А80); сіреспе (А33-А35); туберкулез (А15-А19); эпидемиялық паротит (В26).

Бұл кодекске Сенат депутаттарының не айтары осы алтыншы сессия соңына дейін, яғни жаздың алғашқы айында анықталып қалар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу