Сібір жарасы қан арқылы жұққан

Ауруханаға жатудан бас тартқан марқұм емшінің көмегіне жүгінген.

Сібір жарасы қан арқылы жұққан

Қайғылы оқиғаның алдын алуға болар ма еді? ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың қатысуымен өткен брифингте ақпарат берген қоғамдық денсаулық сақтау, ветеринарлық бақылау және қадағалау, денсаулық сақтау салаларының мамандары бірауыздан "иә" деп жауап берді. Олар мәселенің мән-жайын төмендегідей баяндады.

Малдан індет жұқтырып, көз жұмған марқұм "Малика" шаруа қожалығының басшысы болған. 9 қыркүйек күні ол ауру малды союға кіріскен. Малдың етін мүшелеп жатқан кезде оқыстан сол қолын жарақаттап алған. Ауру жасушалары сол жарақат арқылы адамның ағзасына енген. Сойылған еттің бір бөлігін қожалық иесі тамаққа пайдаланып, қалғанын ауылдастарына сатып жіберген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановтың айтуынша, ауру белгілері сыр берген шақта марқұм оны елемеген. 

"Аурудың алғашқы белгілері 12 қыркүйек күні біліне бастаған. Бірақ марқұм медициналық көмекке жүгінбеген. Әу баста ол өз бетінше емделген. Тек 15 қыркүйекте ғана аудандық ауруханаға шағымданған. Ол жерде тиісті көмек көрсетіліп, жатып емделу ұсынылған. Алайда марқұм ауруханаға жатудан үзілді-кесілді бас тартқан. Осы оқиғаның мән-жайын тексерген жұмыс тобы марқұмның емшінің көмегіне жүгінгенін де анықтады. 19 қыркүйекке қараған түні марқұмның денсаулығы күрт нашарлаған. Сол күні ол санитарлық авиацияның көмегімен Өскеменге алдырылған.  21 қыркүйекте ауруы асқынып кеткен науқас көз жұмған. Марқұм  медицина қызметкерлерінің ұсынысын дер кезінде қабылдаса, қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді", – деді Марат Шоранов.

17 қыркүйектен бері жүргізілген зерттеу індеттің қайдан пайда болғанын анықтады.  Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев айтты.

"Індеттің ошағын анықтадық. 1972 жылы осы ауданда қарасанмен ауырған мал көмілген екен. Мал сойған орын сол жерден 5 шақырым қашықтықта орналасыпты", – деді ол.

Брифинг барысында малдың ару екенін жергілікті ветеринар марқұмға алдын ала ескерткен деген ақпарат таратылды. Алайда сойылған малдың ветеринарлық куәлігі болмаған.  Қайшылыққа толы ақпараттар арасында осы ауданда тағы бір өгізшенің қарасанға ұқсас аурудан өлгені айтылды. Ол малдың ағзасы мен етінен сынама  алынып, лабораторияға  жіберіліпті.   

Бұған дейін ауру бұзаудың етін 37 тұрғын пайдаланғаны белгілі болған. Медициналық тексеру барысында олардың ешқайсынан түйнеме белгісі анықталмаған.  

Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ғазез Сүлейменовтің айтуынша, назарға іліккен тұрғындар күн сайын екі мәрте тексеруден өтуде. 15 күндік карантин мерзімі аяқталғанша осындай режимде қадағалау жүреді екен. Ауылда адамды қойып, әр малдың  денсаулығы жіті бақылауға алынған. Жергілікті ветеринар ерекше назардағы 150 бас малдың дене қызуын ұдайы өлшеп отырған көрінеді. Ал Кіші Нарынмен көрші жатқан 5 ауылдық округ буферлік бұғатқа алыныпты.  Өріс ортақ болған соң ондағы малдың барлығы қарасанға қарсы егілуге тиіс.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, бүгінге дейін 1021 бас сиырға, 1455 бас қой мен ешкіге, 153 бас  жылқыға вакцина салынған.  Вакциналау 29 қыркүйекке дейін толық аяқталады.  

Брифингті қорытындылаған Даниал Ахметов облыстың экпизоотикалық жағдайы толықтай бақылауға алынған айтты.

"Індет ошағы тұтанған жерде 70 маман жұмыс істеді. Қажетінше арнайы техника бөлінді. Ауыл тұрғындарына атқарылып жатқан шаралардың барлығы олардың  денсаулығы үшін қажет екені түсіндірілді", – деді Даниал Ахметов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу