Ақмола облысы Аршалы ауданы Ольгинка ауылында сібір жарасы (сібір жарасы - түйнеме) індетінің анықталуына байланысты жарияланған карантин екі аптадан соң алынады.
Естеріңізге салайық, осыдан 3 күн бұрын ауыл тұрғындары ветеринарлық тексерістен өтпеген малдың етін жеп, қауіпті ауруды жұқтырып алды.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты аса қауіпті инспекциялар мен биоқауіпсіздікті эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Зәуреш Жұмаділованың айтуынша, 5 адам сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен анализ тапсырған. Сынама қорытындысында 4 адамның ағзасынан түйнеме белгісі анықталған.
"Түйнеме адамнан адамға жұқпайды. Сондықтан қауіптенудің қажеті жоқ. Бұл дертке ауру малдың етін жеген адам ғана шалдығады. Бұған дейін 114 келі ет өртелді", – деді Зәуреш Жұмаділова.
Белгілі болғандай, ауыл тұрғындары ауру малды сойып, етін сатқан. Ауру осылай тараған.
"Қазір Ольгинка, Николаевка, Аршалы елдімекендерінің тұрғындарын күніне екі рет медициналық тексерістен өткізіп жатырмыз. Қандай да бір ауытқушылық анықталса, адамдарды бірден ауруханаға жатқызамыз", – деді Зәуреш Жұмаділова.
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы министрлігі Ольгинка ауылында дезинфекция жүргізіп жатыр. Екі апталық карантин жариялануына байланысты ауылға сырттан ешкім кірмейді және ауылдан ет шығарылмайды.
"Сібір жарасы ошағын жою үшін жедел штаб құрылып, барлық мүдделі мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен іс-қимыл жоспары қабылданды.
Карантиндік бекеттер қойылды. Ауылдағы 156 аула дезинфекцияланды. Тұрғындарға 400-ге жуық жадынама таратылды. Күн сайын жануарлардың термометриясы жүргізіліп жатыр", – деді ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов.
Ветеринариялық бақылау комитеті өткен жылдың күзінде сібір жарасына қарсы 247,6 млн теңгеге 22, 6 мың доза вакцина сатып алған. Осы ақшадан Ольгинка ауылының жануарларына егу жұмысы жүргізілген. Соған қарамастан ірі қарада жұқпалы дерт пайда болған.
Айта кетейік, Қазақстанда соңғы 71 жылда сібір жарасының 2598 ошағы тіркелген. Оның 27 мың гектары Ақмола облысының аумағын алған. Қазір мұнда сібір жарасының 249 ошағы бар. Ал Аршалы ауданының 545 гектар аумағында жұқпалы аурудың 13 ошағы тіркелген.
Біле жүріңіз, сібір жарасы қойға – топалаң, жылқыға – жамандат, ірі қараға – қараталақ, түйеге – қарабез болып тиеді.
Абылай Бейбарыс