Мұғалімнің смартфоны суретке толды

17329

Министр педагогтерге смартфон ішіндегісін не істеу керектігін айтты.

Мұғалімнің смартфоны суретке толды

Биылғы 6 сәуірден бастап барлық мектеп қашықтан оқытуға көшкелі ұстаздар қауымы бір тосын қиындыққа кезікті. Олардың ұялы телефондарының жады тез толып қалған. Енді олар не істеу керектігін білмей дағдаруда.

Лицейдегі сынып жетекшісі Сәруар Айғарақызына, тіпті, жора-жолдастарына ұрысуға тура келіпті.

"Балалар күн сайын сабақтарын орындағанын көрсету үшін қаптаған фотосурет, сканерленген материалдар, скриншоттар жібереді. Уатсап чатта ата-аналар да дауыс хабарламасын жолдауды қолайлы көреді. Осылай тасқындаған ақпаратқа смартфон жады тез толады. Директорымыз оның бәрін сақтап қойыңдар деді. Бұған қоса, достарым әртүрлі мерекемен құттықтау сыртында "Жексенбі күн бақ-береке әкелсін!", "Арайлап атқан таң әдемі күлкі сыйласын!" деген сияқты әбден жауыр болған постерлер жолдай береді. Оларға қатты айтып, мұндайды жіберуді тоқтату қажеттігін қатаң ескертуге тура келді. Кейбірі өкпелеп қалды. Өткенде, тіпті, ресми мерекеммен де құттықтамады", – дейді ол.

Ал оқытушылардың бір бөлігі қулыққа басыпты: оқушылардың әрбір суретін, видеожазбасын, скандарын және материалдардың түпнұсқаларын өшірмей, жоймай, сақтап қоюды ата-аналардың өзіне жүктеген. Бірақ мұның тәуекелі жетерлік: ата-аналардың бәрі бірдей жауапкершілік танытпауы мүмкін.

Ай-ти мамандары оның шешімі оңай екенін жеткізді.

"Мұғалімдерге оны тегіс дүркін-дүркін ұялы телефоннан mail, gmail поштаға жіберіп тұруына болады. Қанша сақтағыңыз келсе, поштада сонша жатады. Немесе оларды смартфонның құрылғы жадынан (память устройства) карта жадына (карта памяти) ауыстырып отыру керек. Бұлтты жүйелер де ақпаратты жинау қоймаларын ұсынады. Компьютерге немесе ноутбукке көшіріп қоюға кеңес бермес едім, олардың жады да шектеулі. Онысы толса, жұмыс қабілеті төмендеп, жиі ілініп тұрып қала береді", – дейді бағдарламашы Серік Дәурен.

Ал алматылық ағылшын тілінің мұғалімі Вероника Корницкая тікелей Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке жазды.

"Бізді, педагогтерді қазір екі мәселе өте алаңдатады. Біріншіден, оқушыларымыздың жұмыстарын, яғни олардың дәптерінің фотосуреттерін, сондай-ақ үй тапсырмасын, БЖБ (СОР), ТЖБ (СОЧ) және басқасын қалай орындағаны көрсетілген скан-фотосуреттердің бәрін сақтауымыз керек пе? Олар WhatsApp, Telegram секілді әртүрлі мессенджерлерден күн сайын ағындап келіп жатады. Қашықтан оқыту әзір бітпейтін түрі бар. Демек одан әрі тоқтаусыз ұлғаймақ. Екіншіден, әр сабақ бойынша жоспарды, қашықтан оқыту және кезекші сыныпты оқыту кезіндегі қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді жоспарлауды сақтаудың шектеулі мерзімі бар ма?" – дейді Вероника Игоревна.

БҒМ басшысы мұғалімдерге оқушылардың жібергенінің бәрін бірдей өшіріп тастауға болмайтынын қадап айтты.

Өйткені "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларының" 22-бөліміне сәйкес, мұндай деректер 1 жылдай сақталуға тиіс екен.

"Оқушылардың ағымдағы жылғы суммативті жиынтық жұмыстары (БЖБ, ТЖБ) оқу жылы аяқталғанға дейін сақталады. Ал формативті бағалаудың нәтижелерін принтерден басып шығаруды және ары қарай сақтауды талап етпейсіз. Формативті бағалаудың нәтижелерін ұсыну оқушылардың орындалған жұмыстары немесе мұғалімнің электронды журналдағы комментарий арқылы жүзеге асырылады. Пәндер бойынша қысқа мерзімді жоспарлар әрбір оқу жылы үшін әзірленеді және оны электронды немесе қағаз күйінде педагог өзінде бүкіл оқу жылы бойында сақтауы міндетті. Өйткені мектептің ішкі бақылау жоспарына сәйкес, қысқа мерзімді жоспарлар оқу жылы кезінде тексеріліп тұрады", – деді Асхат Аймағамбетов.

Жалпы, ұстаздар "Пегагог туралы" заңы қабылданғанымен, есептілік жеңілдемегеніне назар аудартады. Мысалы, бүгінде олар әр оқушыдан отбасы және әке-шешесі, олардың аты-жөні, қайда жұмыс істейтіні және басқа да егжей-тегжейлі мәліметтерін жинауға мәжбүр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу