Ауыл ұстаздарына 25 пайыздық үстемеақы төленбек

7105

Жиырма бес жылдық жұмыс өтілі бар ұстаздардың ерте зейнетке шығуы тиімсіз деп танылды.

Ауыл ұстаздарына 25 пайыздық үстемеақы төленбек

"Педагог мәртебесі туралы" заң жобасы бойынша түсініктеме берген білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева саланың проблемасы бастан асатынын жасырмады.

"Педагогтердің шешілмеген мәселелері жетерлік. Басты мәселелердің бірі – мұғалім жалақысының төмендігі. Қазір ол еліміздегі орташа жалақының небары 62 пайызын ғана құрайды. Мұғалім болуды армандайтын оқушылар кемде-кем. Педагог мамандығына сұраныстың жоғары болуына қарамастан, оған баратын талапкерлер аз әрі олар төмен балмен түседі. Жас мамандар салада тұрақтамайды", – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, педагогтер ең бастысы, зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шығуды қалайды. Одан кейін жалақылар мен үстемеақыларды көтеруді сұрайды. Содан соң, баспана алу, өздеріне тән емес жұмыстарға тартпау, жүктемені азайту секілді өзекті мәселелер тұр.

Бұл ретте Қазақстандағы 300 мыңнан астам мұғалімге қатысты болатын жаңа заң жобаларының кейінгі нұсқасына не енген?

Осының алдында, биылғы қаңтар айында қоғамдық талқылауға шығарылған "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасында ширек ғасыр бойы ұстаздық етіп келе жатқан адамдардың ерте зейнеткерлікке шыға алатыны жөнінде бап болды.

Онда былай делінген: "11-бап. 3-1. Кәсіптік қызметте 30 жылдық еңбек өтілі бар педагог зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар". Ал 4-ші тармақта "жасына байланысты зейнетақы төлемдері" "ерлерге – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемiнде 25 жыл еңбек өтілі болған кезде; әйелдерге – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемiнде 20 жыл еңбек өтілі болған кезде толық көлемде тағайындалады" деп жазылған. Отыз жылдық еңбек өтілі барларға толық емес көлемдегі "жасына байланысты зейнетақыға" шығуға мүмкіндік беру көзделген-тін.

"Зейнетке уақытынан бұрын шығуды көздейтін бапты мұғалімдердің жүз пайыздайы қолдады. Өйткені Ресейде, Украинада 25 жылдан астам мектепте не басқа білім мекемесінде жұмыс жасаған педагог уақытынан бұрын зейнеткер атану құқығына ие. Алайда біз бұл мәселені еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің келісімінен өткізіп, қайтадан тереңірек зерттедік. Бізде зейнетақы ынтымақты және жинақтаушы болып бөлінеді. БҒМ талдау жүргізді: біз орташа жалақы көлемін алдық, сонымен қатар ауылдағы, аудандағы, қаладағы орта мектептегі мұғалімнің 20-24 сағаттық жүктемесін ескердік. Бірнеше өңірге сұрау салып, солардың мысалында қарадық. Нәтижесінде, егер 25 жылдық өтілі бар педагог зейнетке шығатын болса, олардың зейнетақысының көлемі өте аз болады: 30 мың теңгеден сәл ғана асады. Сондықтан біз мұғалімдерге осыны ақырын-ақырын түсіндірудеміз. Яғни, оларға 25 жылдан кейін зейнеткер болу тиімсіз", – дейді Эльмира Суханбердиева.

Сонымен, қоғамдық талқылау қаңтар айында аяқталған соң, жұмыс тобы алыс және жақын шет мемлекеттердің ұқсас заңдарын зерттей келе, "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасындағы тек 6 тарау мен 21 бапқа тоқтап отыр.

"Жобаның алғашқы нұсқасында, нормалардың жартысында жаңа бастамалар енген еді. Министрлік бұл заңның 1-2 жыл емес, кемінде он жыл қызмет ететінін түсінді. Сондықтан бұл заң жобасында өміршең бастамалардың ғана болуы аса маңызды. Мұны барлық мүдделі ұйымдардағы әріптестеріміздің түсінгенін қалар едік. Дегенмен, көптеген бастамалар қолдау таппай, заң жобасынан алынып тасталды", – деді министрдің орынбасары.

Осы орайда ол ұстаздарға арналған жаңа әлеуметтік кепілдіктердің біршамасы қазіргі нұсқада сақталғанын хабарлады.

Бұған дейінгі нұсқада "Педагог: 1) бастапқы жарнасыз жеңілдікті кредит беру бойынша тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ қызметтік тұрғын үй және жатақхана алуға басым құқыққа ие" делінсе, кейінгі нұсқада "Педагог: 1) Қазақстан заңнамасына сәйкес, тұрғын үй, оның ішінде қызметтік үй және жатақхана алуға басым құқыққа ие" делінді.

Педагогтерге жылына бір рет 56 күндік төленетін еңбек демалысын алуға рұқсат етіледі.

Жергілікті әкімдіктер педагогтің балаларына тұрғылықты жері бойынша балабақшадан кезектен тыс орын беруге міндеттелмек.

Ауылда жұмыс жасайтын ұстаздарға жалақысына 25 пайыздық ұстемеақы төлеу ұсынылып отыр. Бұл туралы заң жобасында: "Ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогке: 1) жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қала жағдайында педагогикалық қызметті жүзеге асыратын педагогтің мөлшерлемелерімен салыстырғанда, айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелер кемінде жиырма бес пайызға арттырылып белгіленеді" деп көрсетілуде.

Бұдан бөлек, жергілікті биліктің ауылдық мұғалімдерге бюджет қаражаты есебінен коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсетуі қарастырылмақ.

Сондай-ақ өз баспанасын өзі салып алғысы келетін ұстаздарға әкім-қаралар тиісті жер учаскелерін бөлулері тиіс болады.

Ал жеке меншігінде малы барларға, жемшөп, мал жаю және шөп шабу үшін жер учаскелері ұсынылмақ.

Басқа да әлеуметтік және қаржылай қолдау шараларына салалық министрліктер келісімін беріп отыр. Атап айтқанда, мұғалімдерге жыл сайын тиісті бюджеттер қаражаты есебінен, біріншіден, "оларға кезекті еңбек демалысын беру кезінде күнтізбелік жылда бір рет сауықтыруға арналған жәрдемақы беру" ұсынылуда. Қоғамдық талқылауға шығарылған нұсқада бұл жәрдемақы көлемі "екі лауазымдық жалақыдан кем емес мөлшерде" болуға тиіс деген норма болған, бірақ қалаулылар назарына ұсынылған жобада ол алынып тасталыпты.

Екіншіден, "Үздік педагог" атағын иеленушіге 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы берілетін болады. Бұл биылғы жылы 2 миллион 525 мың теңгені құрайды.

Үшіншіден, "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" атағын иеленушіге жұмсау бағытын Қазақстан үкіметі айқындайтын 2000 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грант төленеді.

Заң жобасы әр өңірдің, әр әкімдіктің өз бетінше "педагогке тұрғын үй сертификатын басым түрде беру, санаторийлік-курорттық емделуге және демалуға жолдама алу үшін жеңілдіктер белгілеу, сондай-ақ педагогті әлеуметтік қолдауға бағытталған өзге де жеңілдіктерді белгілеу" құқығын бекітпек.

Мұның сыртында, "жұмысқа алғаш қабылданған жас педагог жергілікті өкілді орган мен жұмыс берушілер белгілеген тәртіппен материалдық қолдауға (көтерме ақыға) құқығы бар".

Қазақстанда жаңа мемлекеттік награда тағайындалатын болды. Педагогикалық қызметтегі ерен еңбегі үшін мұғалімдерге "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атты мемлекеттік марапат беріледі.

Бұған дейін Қазақстанда "Ыбырай Алтынсарин атындағы" төсбелгі, "Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісі, "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісі секілді тек министрлік деңгейіндегі ведомстволық наградалары ғана болды. Енді мемлекеттік деңгейдегі награда өмірге жолдама алмақ.

"Материалдық көтермелеумен бірге, педагогті ерекше құқықтық қорғау енгізілді. Енді оны өзіне тән емес жұмыс түрлеріне тартқан, заңнамада қаралмаған есепті сұратқан, жөнсіз тексерумен келген, мұғалімге өз қаржысына құрал-жабдық сатып алғызған лауазым иесі әкімшілік жазаға тартылады. Бұрын ондай жауапкершілік заңнамада болмаған. ЮНЕСКО-ның ұсынысы бойынша егер педагогке қатысты дау, тексеру болса, оның барысы мен шешімі туралы ақпаратты жариялауға тыйым салынады", – деді Эльмира Суханбердиева.

Заң жобасы парламентте талқылау және қабылдау барысында да біраз өзгеріске ұшырап, түзеп-күзелетіні анық.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу