Жүз мың адам жаңадан педагог атанды

7765

"Педагог мәртебесі туралы" заңның негізгі ережелері түсіндірілді.  

Жүз мың адам жаңадан педагог атанды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Педагог мәртебесі туралы" заңға қол қойған еді. Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің қос вице-министрі Бибігүл Асылова мен Шолпан Каринова жаңа заң ережелеріне түсініктеме берді.

БҒМ вице-министрі Бибігүл Асылова қабылданған заң бойынша қанша қызметкер "педагог" атанатынын нақтылады.

"21 баптан тұратын "Педагог мәртебесі туралы" заң педагогтің кәсіби қызметін, материалдық жағдайын жақсарту, әлеуметтік кепілдіктер беру және т.б мақсаттарды көздейді. Ең алдымен ҚР "Білім туралы" және "Педагог мәртебесі туралы" заңға "педагог" бірыңғай ұғымы енгізілді. Педагог лауазымының тізбесі 28 атауға дейін көбейді. Бұл жаңадан жүз мың адам педагог атанғанын білдіреді. Заң олардың кәсіби құқықтарын кеңейтеді, соның ішінде авторлық жұмыстарын пайдалану, оқу құралын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктігін арттыру формасын таңдау, тағылымдамадан өту тәрізді артықшылықтарға қол жеткізе алады. Біліктігін арттыру курсынан өткеннен кейін, білім берген ұйым курстан кейінгі қолдау қызметін тегін көрсетеді", – деді ол.

Вице-министр педагог мәртебесі иегерінің материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілуі жаңа заңда нақты көрсетілгенін айтып өтті.

"Жаңа заңда мектеп мұғалімдерінің сапалық құрамын арттыру үшін магистр дәрежесі бар тұлғаларға 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы төлеу көзделген. Бүгінгі күні бір айлық есептік көрсеткіш 2651 теңгені құрайды. Қазір бізде жеті жарым мың магистр дәрежелі педагог қызмет етуде. Бұл еліміздегі педагогтердің тек 3,5%-ы ғана. Ал әлемдік тәжірибеде мұғалімдердің 40-50%-ында магистр дәрежесі бар екені белгілі. Алғашқы жылы жұмыс істеген кезінде педагогке белгілі бір талаптарға сай келетін тәлімгер ұсынылады. Осындай тәлімгерлік жұмыс жүргізгені үшін ұстазға бір базалық лауазымдық жалақы көлемінде қосымша ақы төленеді. Бір базалық лауазымдық жалақы 17 697 теңге мөлшерінде",  – деді Бибігүл Асылова.

Сондай-ақ, вице-министр ұстаздарға сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін де үстеме ақы екі есе өсетінін мәлім етті.

"2020 жылдың 1 қаңтарына дейін сынып жетекшілігі үшін ең азы 4424 теңге, ең көбі 5409 теңге төленетін. Бұл сома екі есе өседі. Дәптер тексеруге келетін болсақ, ең кемі 3533 теңге, ең көбі 4424 теңге төленетін. Бұл да жалпы алғанда екі есе көбейеді", – деді вице-министр.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу