Министр: Ауылда COVID-19 жұқтырмау үшін 80 бала 3 ауысымға бөлінеді

6564

Ата-аналар масканы қолдан тігіп, бахилы орнына "маечка" кигізуде.  

Министр: Ауылда COVID-19 жұқтырмау үшін 80 бала 3 ауысымға бөлінеді

Білім және ғылым министрлігі, қоғам және ақпарат құралдары қашықтан оқыту мәселесіне көбірек бас қатырды. "Қашықтан оқыту бойынша ең жиі қойылатын сұрақтар" жадынамасы мен тиісті нұсқаулықтар әзірленіп, таратылды.

Осы орайда есігін қайта ашып жатқан ауыл мектептерінің мәселелерін билік пен қоғам ұмытып кеткен сияқты. Ақпараттық технология заманының игілігінен жұрдай қалған, сондықтан әлеуметтік желілерге қол жеткізе алмаған, ғаламторды пайдаланушылар арасында белсенді ұсынылмаған шалғай ауылдардың үні әрі шықпайды, елге естілмейді.

Осыған назар аудартқан қоғам белсендісі Рүстем Балғожин ауыл мектептерін қайта ашуға өзі рұқсат еткенін БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетовтың есіне түсірді.

"Қазақстан ел тарихында тұңғыш рет 2019-2020 оқу жылының 4-ші тоқсанында дистанциялы режимде оқу жүйесіне ауысты. Бірақ Білім және ғылым министрлігінің шешімімен жекелеген ауылдағы мектептерге бұрынғыдай қалыпты жағдайда оқуын жалғастыра беруге рұқсат берілді. Қалыпты жағдайда оқуын жалғастыруы тиіс ауылдарда орналасқан мектептерге министрлик қандай талаптар қойды? Әлде министрдің ойынша ауылда оқитын оқушыларға коронавирус жұқпайды ма? Қалыпты жағдайда оқу процесін жалғастыратын мектептерде қандай қашықтық сақталуы керек?" – деген ол министрден осы сұрақтарға жауап естігісі келетінін жеткізді.

Саясаттанушы Зейін Сабырқұлов ауылда баласын мектепке жібермеуге дайын отырған отбасы жетерлік екенін ескертті. Ал барғаны қалай қорғалады?

"Министр А.Аймағамбетов шәкірті аз мектептер қалыпты жағдайда оқуын жалғастыра берсін деді. Қалыпты жағдай деген аты ғана. Әлемді аты жаман дерт жайлап жатқанда, қалыпты жағдайдың қаупі бар. Осы шешімді қабылдағанда министрлік мәселеге қаншалықты жауапты келіп отыр? Әлде ауылды интернетпен қамтуды сәтсіздікке ұшыратқан шенеуніктер ауыл баласының басын бәйгеге тігіп отыр ма? Аймағамбетов мырза айтуын айтып алып, енді ол жайында жақ ашпайды. Нақты қанша бала мектепке барды? Олар арасында COVID-19 таралмауы үшін не істеледі? Ол туралы нұсқаулықты министрлік жариялаған жоқ. Шалғайдағы ауылдарда тіпті қарапайым маска сататын дәріхана да жоқ. Бірақ ауыл толық оқшауланбаған, жолай жүк көліктерін жүргізушілер тоқтайды, өзге аудан-қалалардан тауар тасылады, қатынас бар. Онымен бірге вирус еніп кетуі ғажап емес. Сонда қияндағы тұтас бір ауылды орталықтағы карантин ауруханаларына тасымалдауға санитарлық авиация күші жетпес", – дейді сарапшы. 

Яғни, білім және ғылым министрі денсаулық сақтау министріне проблема тауып бергелі отырғандай.

Асхат Аймағамбетов бұл сұрақтарға жауап қайырды.

Ол қашықтан оқыту Қазақстанда білім және ғылым министрінің биылғы 1 сәуірдегі "Пандемия кезеңінде білім беру ұйымдарында COVID-19 коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы" №123 бұйрығымен жолға қойылғанын айтты. Бұл ретте ауыл-аймақтың қолында бар технологиялары мен мүмкіндіктері ескеріліп, дистанциялы оқыту бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде.

Алайда оның айтуынша, шалғайда орналасқан ауыл тұрғындары мен мектептердің интернет желісіне қолжетімдігі жоқ. Сол себепті оқушылар саны 80 баладан аспайтын ауыл мектептерін жергілікті әкімдіктер өз шешімі бойынша штаттық режимде оқуға көшіріп жатыр.

"Оларға коронавирустық инфекцияның жұғуының және таралуының алдын-алу іс-шараларын сақтау тапсырылды. Сонымен қатар шалғайдағы, әрі коронавирустық инфекция тіркелмеген елді мекендерде орналасқан мектептерге бір мезетте адамдардың көп шоғырлануын болдырмау шаралары сақталған жағдайда, 4-ші тоқсанда оқу процесін күндізгі нысанда жалғастыруына болады. Бұл үшін олар Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық бөлімшесінің келісімін алуы қажет. Содан кейін ол мектептер санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі, дезинфекциялау және кварцтеу жүргізуі, үнемі желдетіп отыруы шарт", – деді министр.

Оның түсіндіруінше, 80 оқушыға дейінгі шағын жинақты мектептердің өзі енді үлкен қалалардағыдай бірнеше ауысыммен білім беруге көшуі тиіс.

"Елді мекен толық оқшаулаған болса, онда күндізгі режимде оқу процесін жалғастыратын мектептер санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жұмыс істейтін болады. Оқушылар мен педагогтар, өзге де қызметкерлер індетке қарсы қауіпсіздік шараларын, нақты нұсқаулықты толық сақтауы қажет. Сабақтар 30 минуттан өткізіледі. Балалар мен ересектердің бір кабинетте немесе қабатта жаппай болуына жол бермеу үшін оқу процесі бірнеше ауысымда ұйымдастырылады. Қажет болған жағдайда кіші топтарда оқыту қарастырылады. Ол жағдайда бөлме міндетті түрде кварцталуы және желдетілуі керек. Әр мұғалім тек қана бір ауысымда жұмыс істейді. Мұғалімнің бірнеше ауысымда жұмыс істеуін болдырмау ұсынылады", – деді білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов.

Ауылдықтардың айтуынша, нұсқаулыққа сүйене отырып, педагогтер балаларға бетіне – маска, қолына – медициналық қолғап, ал аяғына – бахилы киіп келуді тапсырыпты. Бұлардың ешқайсысы ауылда сатылмайды. Сондықтан ата-аналар масканы матадан тігіп жатыр. Бахилы орнына қарапайым целлофан пакеттері мен "маечкалар" киюге тура келіпті.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу