Халықтың үнін естімеу тиімді емес – Асхат Аймағамбетов

7982

Білім және ғылым министрі халық алдында есеп берді.  

Халықтың үнін естімеу тиімді емес – Асхат Аймағамбетов

Халыққа есеп беру кездесуінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім саласының барлық деңгейіне тоқталып, жетістіктері мен кемшіліктерін ашып айтты. Өткен жылы "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданғанын және 2020-2025 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілгенін еске салып, тарихи маңызы бар заң педагогтерді міндетіне жатпайтын функциялар мен қызметтерден босатуға және материалдық-моралдік жағынын ынталандыруға бағытталғанын айтты.

"Педагог өзінің тікелей функциясымен ғана айналысуға тиіс. Бұрынғы есеп беру үшін тексерушілер тарапынан сұралатын құжаттардың барлығын қайта қарадық. Барлық шектеу толықтай алынды деп айтуға болады", – деп атап айтты бас ұстаз.

Республика бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баратын 3-6 жас аралығындағы балалар 98,5%-ға қамтылған. Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, Алматы, Нұр-Сұлтан тәрізді ірі қалаларда көші-қон үрдісінің көп болуына байланысты бұл мәселеде қиындықтар бар көрінеді. Дегенмен осы және басқа да мәселелер оң шешімін табатынын министр тілге тиек етті.

"Бұрын баланы балабақшаға орналастыру білім беру бөлімдері арқылы жүзеге асатын. Жақында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін баланы кезекке қою, жолдама беру үдерістерін цифрландырдық. Қазір бұл қызметті электронды үкімет порталында алуға болады. Балалардың қауіпсіздігі өте маңызды. Бүгінгі күні мектепке дейінгі мекемелердің 89%-ында бейнебақылау жүйесі орнатылды. Мектепке дейінгі білім берудің жаңа бағдарламасымен жұмыс істеп, оның мазмұнын, стандарттарын, әдістерін қайта қарастыра бастадық. Жалпы мектепке дейінгі мекеме педагогінің жалақысын жыл сайын 25%-ға көтеріп жатырмыз. Жаңа аттестациялау жүйесінен өткен педагогтер жалақысына 30-50% үстемеақы алады", – деп айтып өтті министр.

Орта білім жүйесінде білім алушылардың 96%-ы жаңартылға бағдарлама бойынша оқытылып, 156 мың мұғалім жалақысына қосымша 30-50% үстемеақы ала бастаған. Сонымен қатар, білім министрі баяндамасында оқулық сапасына да ерекше тоқталды.

"Министрлік оқулық сапасын кешенді түрде қадағалайды. Бағдарлама мен кітаптарды әзірлеу, сынақтан өткізу, сараптама жасау және сарапшылар мен авторлардың әзірлігі қамтылады. Содан кейін ғана баспаханаға жіберіледі. Осының барлығы мемлекеттік органдар, ұлттық білім беру академиясы және баспаханалардың жауапкершілігіне жатады. Бірқатар нормативтік-құқықтық актіні қабылдадық. Бізде оқулыққа қосымша құрал ретінде қарау үрдісі қалыптасқан. Бұнымен мен келіспеймін. Оқулық – негізгі білім көзі, басты материал. Егер оқулық сапасыз болса, баланың алған білімі де сапасыз болады. Сол себепті, оқулық сапасы білім министрлігінің күн тәртібінде тұрған басты мәселе", – деді Асхат Аймағамбетов.

Мұғалімді жұмысқа алудың жаңа тәртібі бекітіледі. Қабылданатын нормалар білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл болмақ.

"Жұмысқа орналасу үшін пара сұрау – жүйелі проблемалардың бірі. Жасыруға болмайды, бұндай проблема бар. Дегенмен статистикаға қарасақ, қазіргі уақытта осындай мәселелер азайып келе жатыр. Мектеп басшылығын жұмысқа алу үшін жаңа жүйе қалыптастырып жатырмыз. Сондықтан, жаңа жүйе бойынша қамқоршылық кеңесі, облыстық басқарма және басқа да құзырлы органдар қатысатын ашық жүйе дайындадық. Менің ойымша, бұл мәселе осылайша шешіледі. Сонымен қатар, бүгінгі күнгі мұғалімдерді жұмысқа алу рәсімі ашық емес. Мұғалімнің қызметке орналасуының нормалары, әдістемелері жоқ. Сондықтан мұғалімдерді конкурс бойынша қабылдау және жалпы мұғалімді жұмысқа алу тәртібін бекіту жөніндегі жұмысты бастадық. Ол үшін "Білім туралы" заңға өзгеріс енгізу қажет болады. Бұл өте маңызды мәселе. Заңбұзушылықты болдырмау біздің парызымыз", – екенін ескертті БҒМ басшысы.

Министр ауыл, қала, өңірлер арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқартуға байланысты пікір білдірді. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, ауылды жерде бала аз болғандықтан сағат пен жалақы да аз. Жалақысы аз жерге мұғалім де баруға ынталы емес. Мәселені шешудің бір жолы ретінде министр ауылдағы мұғалімдердің жалақы алу жүйесін өзгерту қажет екенін айтты. Тағы бір шешім – бірнеше жақын пәндерді оқытатын мұғалімдерді даярлау екені айтылды.

Тағы бір жаңашылық ретінде мектеп асханаларына видео бақылау орнатылмақ. Камералар арқылы тамақ әзірлеу процесі бақылауға алынады.

"Қаржы министрлігімен мемлекеттек сатып алу порталын пайдалану мәселесін шештік. Мектептегі тамақтану жөніндегі мемлекеттік сатып алулар электронды түрде жүзеге асады. Бұл маңызды қадам. Осы нормативке тағам қалай әзірленіп жатқанын бейнебақылаудың құқықтық негіздері енгізілді. Мектеп асханаларында қолма-қол емес түрде ақы төлеу мүмкіндігін беру де міндеттеледі. Қала мектептерінде техникалық мүмкіндік бар", – деп айтып өтті министр.

Соңғы жылдары елімізде ата-анасыз қалған балаларға арналған мекемелер мен олардағы тәрбиеленушілер саны азайып келе жатқаны мәлім болды. Білім және ғылым министрінің халықпен кездесуіндегі есебінде елдегі балалар үйлері жүйесінің саны 140-тан 101-ге дейін, яғни 28%-ға кемігені көрнекті түрде көрсетілді.

"Жоспарлы жұмыс нәтижесінде соңғы 10 жылда балалар үйлерінің тәрбиеленушілері саны 70%-ға, 14 мыңнан 4 мыңға дейін азайды. Ал соңғы 4 жылда осындай балалар саны саны 42%-ға азайды. Балалар үйлері жүйесі үштен бірге кеміді. Сонымен қатар, балалар үйлерін балаларға қолдау көрсету орталықтарына айналдырамыз. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам да белсенді түрде атсалысты. Атқарып жатқан қызметі үшін оларға алғысымды білдіремін әрі болашақта да үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеуді жалғастыра береміз", – деді Асхат Аймағамбетов.

Елімізде 300 мыңнан астам студент алғашқы техникалық және кәсіби білімін тегін алып жатыр. Дуальді білімге ерекше көңіл бөлінуде. Студенттердің стипендиясы да көтерілген. Білім министрі техникалық және кәсіби білім беру саласында бірқатар норма қабылданғанын алға тарып,  білім алушыларға академиялық еркіндік беру маңызды екенін айтты. Сондай-ақ, колледждерге қабылдау тәртібі де өзгерген. Бұдан былай құжатты оқу орнына бармай-ақ, электронды үкімет порталы арқылы тапсыруға болады.

Еліміздегі 131 жоғары оқу орнында 586,6 мың адам білім алуда. Грант көлемі 340-420 мыңнан 1 млн теңгеге дейін өседі.

"Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс ұлғайып келеді. Биыл 53 мыңнан астам грант болады. Жоғары оқу орындарында грант бағасы 10 жылдам астам өзгерген жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша грант бағасы өседі. Сонымен қатар, мемлекеттік ЖОО-ларға жалақыны көтеруді міндеттеп отырмыз. Гранттардың ұлғаюына байланысты, профессор-оқытушылардың жалақысы да көбейеді деп ойлаймын", – деді ведомство басшысы.

Жоғарғы оқу орындарына штаттан тыс қызметкерлер санын арттыруға рұқсат берілді. Бұл практикалық өндірісте тәжірибесі бар мамандарды ЖОО-ларда жұмыс істеуге көптеп тартуға мүмкіндік бермек.

Қазақстан ғылымын цифрландыру үшін "Қазақстан ғылымы" бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленуде.

"Ғылымды қаржыландыру екі есеге дейін ұлғайды. Ғылымға ЖІӨ-нің 1%-ын жұмсау қарастырылуда. 2021-2023 жылдарға ғылымның басым бағыттары айқындалды. Шағын гранттар, шұғыл гранттар және коллоборацияға гранттар бөлінеді. Жас ғалымдардың жобалары бойынша байқаулар өткізілуде. Ғылымды цифрландыру да маңызды. Бүгінгі күні "Қазақстан ғылымы" бірыңғай ақпараттық жүйесі жасалып жатыр. Ғылыми дәйексөздің қазақстандық индексі, отандық ғалымдар базасы болады. Бұған қаржы бар. Жас ғалымдар кеңесі және басқа ғалымдар осы жұмысты бізбен бірге бастауда", – деп мәлім етті Асхат Аймағамбетов.

Докторанттарға диссертациясын қорғау үшін төртінші жыл беріліп, академиялық адалдық мәселесі де күшейтілді. Ғылыммен айналысушылар үшін ғылыми жоба ұсынысы – Research proposal енгізілген. Айта кетсек, бүгінгі күні елімізде 1045 доктор PhD, 4241 ғылым кандидаты 4 827 магистрант бар. Ғылым инфрақұрылымын жақсарту үшін 2020 жылы – 1 млрд, 2021 және 2022 жылдары 4 млрд теңгеден бөлінбек.

"Біреулер Совет үкіметі кезіндегі білім жүйесін енгізуді ұсынады, енді бірі Финляндия еліндегідей заманауи білім жүйесі керек дейді. Осы сынды пікірлер бар екенін білеміз. Дегенмен басқа бір мемлекеттің білім жүйесін ала салмай, біздің елдің, менталитеттің, балаларымыздың ерекшелігін ескеруіміз керек. Кейбір келісетін жерде келісу де өте маңызды. Халықтың үнін естімеу тиімді емес. Бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Сондықтан барлық деңгейдегі әріптестеріміз бірге екенімізді сезінуі тиіс", – деп сөзін түйіндеді Білім және ғылым министрі.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу