"Бұл жерде әртүрлі алыпқашпа сөздер бар. Бірақ алыпқашпа сөз дейміз бе, оған келісеміз бе, келіспейміз бе – шындықты бәріміз білеміз. Өмірде қандай жағдайлар болып жатқанынан хабарымыз бар. Ондай мәселелердің, тәуекелдердің барын біз мойындауымыз керек. Оны білеміз. Білгеннен кейін біз арнайы нормаға бастамашы болып, заңнамаға енгіздік. Ол қандай норма? Әр мектептің басшысы мұғалімді жұмысқа қабылдаған кезде өзі жеке дербес шешім қабылдайтын. Әлбетте, мектеп директорының жұмысқа алуының өзі үлкен тәуекел болып саналады. Екіншіден, мектепке қабылдар алдында нақты критерийлер болуға тиіс", - деді Асхат Аймағамбетов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінде берген сұхбатында.
Министрдің айтуынша бұдан былай мұғалімдерді жұмысқа директор қабылдамайды. Мектепке тұру үшін үміткер конкурстан өтуі керек.
"Сонда бір орын болса – алдын ала ол туралы жарнама беріледі. Сол хабарлама бойынша жалақысы қандай, жұмыс талаптары айтылады. Содан кейін үміткерлер өз құжаттарын тапсырады. Бұның бәрін әлбетте, біз электронды форматқа ауыстыруымыз керек. Мұғалімнің біліктілігіне, құзыреттілігіне, кәсібилігіне сәйкес комиссия тиісті шешімді ашық әрі жария түрде қабылдап, мектепке ең қабілетті әрі білімді мұғалімдер келуі керек. Осы механизм білім туралы заңға норма ретінде енгізілді. Енді біз қазір осы норманы іске асыру үшін министрліктің бұйрығын дайындап жатырмыз. Екі аптаның ішінде осы бұйрыққа қол қоям", - деді Асхат Аймағамбетов.
Білім және ғылым министрі сонымен қатар кейбір мектепте 30 жыл бойы бір адамның директор болып отырғанынан да хабардар екенін атап өтті. Оның айтуынша кейбір жағдайда 30 жылдық тәжірибесі бар директорлардың мықты басшы болатыны да кездеседі. Әйтсе де бұл да сирек жағдай.
"Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кадрлар жаңарып отыруы керек. Жаңа ротация туралы бұған дейін сөз қозғағанымда, қоғамда "ертеңнен бастап бүкіл елдегі 7500 директор бірден жұмысынан кетеді" деген дүрбелең туып жатқан да көрінеді. Олай болмайды. Екіншіден, біз мәселен, Павлодар облысында еңбек ететін мектеп директоры Қарағанды облысына жібергелі жатқан жоқпыз. Себебі әлеуметтік пакет, отбасылық жағдай, тұрып жатқан жері – бәрі ескерілуі тиіс. Сондықтан біз бір ғана әлеуметтік территориялық орын туралы сөз қозғап отырмыз. Жаңа мехнизмнің жекелеген мүдделерге жұмыс істеп кетпеуін қатты қадағалаймыз", - дейді ол.
Аян Бекенұлы