Министр: Мұғалімдерге үй тапсырмасын беруге тыйым салынды

20149

БҒМ басшысы ата-аналардың оқушыға көмектеспеуі керегін қадап айтты.  

Министр: Мұғалімдерге үй тапсырмасын беруге тыйым салынды

Білім және ғылым министрлігі жұмысбасты адамдардың өз балаларына аз көңіл бөлетініне шағымданған кезі болды. Мысалы, министр Ерлан Сағадиев 15 мамырды "бірыңғай ата-аналар күні" деп жариялап, барлық жұмыс берушілерден сол күні баласы бар қызметкерлерін жұмыстан ертерек босатуды сұрағаны есте. Идея бойынша ата-аналар мектепке келіп, күнді оқушылармен бірге өткізуі керек-тін.

"Егер Қазақстан мен Финляндияны салыстырсақ, бізде ата-аналар жиналысына 10%, ал Финляндияда – 94% келеді. Министрліктің бір міндеті – отбасының бала тәрбиелеудегі ықпалын күшейту, ата-аналарды мектеп ісіне қатыстыру. Сондықтан бірыңғай ата-аналар күнінде олардың барлығын жұмыстан ертерек жіберуді сұраймыз. Сонда ата-аналар ең болмаса бір күн мектептің проблемасына, өз баласының мәселелеріне терең бойлай алады", – деген еді Сағадиев мырза.

Коронавирус пен карантин бұл идеяның өзектілігін жойды. Қазіргі кезде балдырғаны бар барлық қазақстандық жаппай "мектеп проблемасына терең бойлап жатыр". Нәтижесінде, әлеуметтік желілерде "36 жасында қарияға айналған", "ауырмай есінен жаңылған", "карантинге жабылу үшін көшеге шығып, жүргіншілерден өзіне әдейі жөтелуді сұраған" ата-аналар туралы әзіл-анекдоттар, бейнероликтер көбейіп кетті. Тіпті мессенджер топтарында ата-аналар педагогке: "неге жоғарғы сынып оқушыларын мектепке қамап, карантинге жауып тастамасқа? Сонда оқысын, ұйықтасын. Тамақты тұрақты түрде апарып тұрамыз!" деген ұсыныспен шығыпты.

Төрт баланың әкесі, қарағандылық Үсен Жүрсінбай педагогтерге ызалы.

"Бұрын үй тапсырмалары аз болушы еді, енді мұғалімдер құтырып кетті: алты-жеті пән бойынша үй тапсырмасын жібереді. Және бұрын бала оны орындамаса да мектебіне бара беретін. Енді қайта-қайта қақылдап, орындалған үй тапсырмасын фотоға түсіріп, WhatsApp-пен кешке дейін жіберуді талап етеді. Өйткені соны директорлар талап етеді екен. Жынданатын болдық қой. Тапсырмалары да түсініксіз. Біз оқыған кеңес кезінде басқаша жаттығулар болатын. Мыналары миды ашытады, қанша бас қатырсаң да түсінбейсің не сұрап отырғанын. Біз мұғалімдердің жұмысын істеп жатырмыз", – дейді Үсен Жүрсінбай.

Оқушының ата-анасы Зульфия Заровова білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен оқушыларға үйде, ата-аналармен бірге орындау үшін берілетін үй тапсырмасын азайтуды сұрап, хат жазыпты.

"Өтінемін, мектептердің оқушыларға жолдайтын үй тапсырмасын қайта қараңызшы! Біз, ата-аналар, оны орындауда қиындыққа жолықтық. Барлық дерлік мектеп қашықтан оқытуға көшкелі жаңа тақырыптарды балаларға түсіндіру үшін ата-аналарға таңнан кешке дейін тер төгуге тура келуде. Теледидардан көрсеткенді түсіндіру сыртында мұғалімдер жіберетін үй тапсырмаларын орындауға мәжбүрміз. Мектептер жабылғанда енді үйге берілетін жаттығулар аз болады деп күтіп едік. Ата-аналардың көбі үйлерінде қашықтан жұмысын жалғастыруда, жұмыс беруші алдындағы міндеттемесі бар. Оны орындауға тиіспіз, әйтпесе, жұмыстан айырыламыз немесе ақысыз демалысқа жібереді. Отбасы қаражатсыз қалады. Бірнеше баласы бар отбасыларда ата-ананың үй тапсырмасын орындап отыруға уақыты жетпейді, себебі, ең алдымен жаңа тақырыптарды түсіндіруі қажет", – дейді Зульфия Заровова.

Мұндай хаттар білім саласы басшысына көптеп түсуде. Ата-аналар үй тапсырмасы бойынша жүктемені төмендетуді сұрайды.

Ал министр Асхат Аймағамбетов ата-аналардың өздері шатасып отырғанына меңзеді. Оның айтуынша, төтенше жағдай кезеңінде бірде бір мектеп үй тапсырмасын бермейді. Оған тыйым салынған. Ал үбірлі-шүбірлі қазақстандықтардың "үй тапсырмасы" деп жүргені – оқушылардың бұрын мектептегі сабақтар кезінде оқитыны. Ол азайтылмайды.

БҒМ басшысы биылғы 1 сәуірде "Пандемия кезеңінде білім беру ұйымдарында COVID-19 коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы" бұйрығын бекітті.  

Оған сәйкес, барлық мектеп директорлары, сонымен қатар облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының басшылары "Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын", оқу бағдарламаларын және үлгілік оқу жоспарларын орындауды қамтамасыз етуге міндеттелді.

"Олар сағаттардың, сабақтардың қысқартылуына жол бермеуі тиіс. Осыған байланысты мектеп директоры бекіткен сабақ кестесі бойынша педагогтер қолжетімді интернет-тұғырнамаларды пайдалана отырып, барлық пәнді өз бетінше жүргізуі тиіс. Бұған қоса, "қашықтан білім беру технологияларын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар" әзірленді. Ол бойынша мұғалімдердің өз бетінше әзірлейтін сабағының құрылымы 30 минуттан ұзамауы керек. Сабаққа мұғалімнің оқу материалын түсіндіруі, жаңа тақырыпты санада бекіту үшін 2-3 сұрақ және 2-3 тапсырма, бірлескен жаттығу, тақырып бойынша цифрлық ресурсты қолдануды қарастыратын 1-2 жаттығу, қосымша ресурстарға сілтеме кіреді", – деді министр А.Аймағамбетов.   

Оның айтуынша, өзіндік жұмыс аясында мұғалім оқушыдан оқулықты, анықтамаларды қарауды; тезистер құруды; конспект жасауды; схемалар, эскиздер, кесте-графиктер сызуды; жазбаша жұмыстар тапсыруды; тесттен өтуді; мысалдар мен міндеттерді шешуді; шығарма жазуды; қандай да бір проблемалық жағдайларға төл шешімін ұсынуды талап ете алады екен.

"Мұғалім оқушының өзіндік жұмысын, яғни өз бетінше жасағанын тексеріп, қорытынды шығарады, формативтік бағалау жүргізеді. Қашықтан оқу кезінде оқушының бұдан өзге үй тапсырмасын орындауы қарастырылмаған. Оқушы тек мектептегі пәндер бойынша өзіндік жұмысты орындайды. Өзіндік жұмысты ата-аналар емес, оқушының өзі жасауы тиіс!" – деді білім және ғылым министрі Асқар Аймағамбетов.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу