ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Кеңес Әбсатіров "Күнделік" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің кемшілігін жою туралы депутаттық сауал жолдады.
"Орта білімді цифрландыруды оқу үдерісіне енгізу мәселесі ата-аналар мен мұғалімдер арасында айта-айта жауыр болды. Соның бірі – "Күнделік" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі. 90% істемей тұратын сайтты ата-аналар мен мұғалімдерге не үшін пайдалануды міндеттейтіні түсініксіз. Сайлаушылар "Күнделіктің" жұмысына тағы шағымдануда. Мәселе мынада -тоқсан аяғында мұғалімдер оқушыларына тоқсандық баға қоюға тиіс. ҚР білім және ғылым министрлігі мұғалімдерден "Күнделікке" бағаны дереу қоюын талап етеді. Ал мұғалімдер сайт жұмысындағы ақаудың кесірінен уақытылы баға қоя алмайды. Бір уақытта көп пайдаланушы электронды күнделікті толтыра бастаған кезде сайттың "қатып қалатындығын" ведомствода ескермеген. Егер жүйе осындай жүктемені көтере алмаса, оны бүкіл енгізудің қажеті қанша? Осылай жылда қайталанады. Оның өзінде жеті жүздей мектепте секундына 4 мб немесе одан да кем бір ғана қосылу нүктесі бар. Жүз шақты мектепте интернет желісі мүлдем жоқ", – деді депутат.
Депутат Кеңес Әбсатіров "Күнделік" теориялық тұрғыдан да толыққанды жұмыс істей алмайтындығын айтты.
"Мүмкіндік бола қалса, электронды күнделікті педагогтар түнделетіп толтырады. Ауылдық жерлерде ғаламтордың болмауынан, аудан орталығына барып интернетке кіруге тура келеді. Кейбір мұғалімдер қалада тұратын туыстары болса, оларға телефон шалып, "Күнделікті" толтырып берулерін өтінеді. Жүйедегі техникалық ақаудың себебінен қала тұрғындары да толтыра алмай отырады. Жүйенің дұрыс істемеуінен, ата-аналар балаларының білім үлгерімін бақылай алмауда. Бес жүз пайдаланушы кірсе, жүйе істемей қалады. Қазір орта мектептерде 2 млн 800 мыңнан астам оқушы білім алуда. Яғни, қазір бұл жүйе теориялық тұрғыдан алып қарасақ та, толыққанды жұмыс істей алмайды", – деді халық қалаулысы.
Депутат "Күнделік" автоматтандырылған ақпараттық жүйесін мектептерде міндетті түрде пайдалануды тоқтатуға шақырды.
"Біріншіден, "Ақ жол" фракциясы педагогтар мен ата-аналарды тыңдап, кең жолақты интернет еліміздің барлық мектебін толық қамтығанша "Күнделік" автоматтандырылған ақпараттық жүйесін қолдануды тоқтатуды ұсынады. Екіншіден, осы уақыт аралығында қанша пайдаланушы кірсе де, кідіріссіз жұмыс істейтіндей және заңсыз жарнама мен басқа да заңбұзушылықтар болмайтындай жүйені жетілдіру қажет", – деді депутат Кеңес Әбсатіров.
Нұржан Көшкін