Білім және ғылым министрлігі шығынды кәсіпорнын жабады

3313

Шенеуніктер Президенттің тапсырмасын орындауға кірісті. 

Білім және ғылым министрлігі шығынды кәсіпорнын жабады

Мемлекет басшысы жұма күнгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында квазимемлекеттік сектор құрылымы мен штаты шектен тыс ұлғайып кеткенін сынға алған болатын.

Осы орайда БҒМ өзінің "Мектепке дейінгі балалық шақ" республикалық орталығы" республикалық мемлекеттік мекемесін тарататынын жариялады.

Енді ведомство Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен бірлесіп, оны квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары тізімінен шығару және жою шараларын жүргізеді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл мемлекеттік органның штат санын және шығыстарын оңтайландыру үшін қажет екенін айтады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, 2005 жылғы маусымда тіркелген орталық шығынды болып саналады.

"Мектепке дейінгі балалық шақ" кәсіпорны балабақшалар мен мини-орталықтарды оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етумен айналысқан. Соның ішінде олардағы тәрбие жұмыстарын зерделеп, талдады, оларға арналған стандарт, бағдарлама, оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеп, сынақтан өткізді. Олар үшін инновациялық технологияларды бейімдеу және енгізу де соған жүктелді. Орталық бүлдіршіндерді тәрбиелеу мәселелері бойынша ата-аналарға кеңес беруге тиіс еді. Бірақ орталықтың шынында немен шұғылданып келгенінен ақпарат құралдары өкілдері де аз біледі.

Қазіргі кезде Білім және ғылым министрлігі мен оның аумақтық органдарының және оған ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердің жалпы штаттық саны 967 адамды құрайды.

Оның ішінде "Мемлекет тарихы институтында" 50 адам, "Академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайында" 18 адам, "Дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын республикалық мамандандырылған орта мектеп-интернатта" 121 адам, "Түзету педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығында" 165 адам, "Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханада" 37 адам, "Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған Қарағанды республикалық арнайы мектеп-интернатында" 35 адам бар.

Бұл ретте "Мектепке дейінгі балалық шақ" республикалық орталығының штаттық бірлігі 40 адамды құрайды. Осы сан мемлекеттік штаттан шығарылуда.

Қазіргі кезде бұл саладағы міндеттерді "Назарбаев зияткерлік мектептері" ұйымдары атқара бастады. Тиісінше, бюджеттік қаржыландыру да соған бағытталмақ.

Мысалы, бүгінде "Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге қолжетімділікті қамтамасыз ету" бюджеттік бағдарламасының құқықтық негізі ретінде "Назарбаев Университеті", "Назарбаев зияткерлік мектептері" және "Назарбаев қоры" мәртебесі туралы" 2011 жылғы 19 қаңтардағы заңы көрсетілген.

Бұл бюджеттік бағдарлама аясында 2019 жылы 3 миллиард 970,6 млн теңге жұмсалған. 2020 жылы 3,3 млрд теңге бөлінуде.

Дегенмен келесі жылы бұл сома бірнеше есеге күрт арттырылады. 2021 жылы 12 млрд 534,2 млн теңге, ал 2022 жылы 20 млрд 512,8 млн теңге бағыттау көзделуде.

Бұл сомаға мектепке дейінгі білім жүйесі әдіснамалық, оқу-әдіснамалық қамтамасыз етіледі, балабақшалардың педагогтеріне арналған ұлттық біліктілік тестілеудің тест тапсырмалары әзірленеді. Бұдан бөлек, "Өзін-өзі тану" пәні бойынша электрондық қосымшалар мен әдістемелік оқулықтар әзірленбек. Оқулықтарға сараптама жүргізу қызметтері де осы шығыстардан төленеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу