Мемлекет әр студент үшін хостелге 381 мың теңге төлемек

5008

БҒМ бюджеттен кәсіпкерлерге берілетін миллиардтар көлемін жария етті.

Мемлекет әр студент үшін хостелге 381 мың теңге төлемек

Осыған орай білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың "2020 жылға арналған студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты бекіту туралы" бұйрығы бекітілуде.

Құжат Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуге ұсынылған.

Үш жылдан бері мемлекет бюджет есебінен қаптатып жатақхана салу тәжірибесінен бас тартты. Оның орнына қонақүйінде, жалға беретін жеке жатақханасында және хостелінде студенттерге орын бөлетін бизнесмендерге бюджеттен жыл сайын қаражат бөлініп тұрады.

Ел Үкіметі студенттерге, магистранттарға және докторанттарға жатын орнын ұсынатын кәсіпкерлер арасында биылғы жылы 4 миллиард 218,4 миллион теңгені бөліске салынатынын мәлім етті.

Республикалық бюджеттің осы қаржысына тура 20 мың шәкірт ең болмағанда, төсек орнымен және шкафпен қамтылуға тиіс.

Алайда министрлік әр өңір үшін жатын орынға әртүрлі баға белгіледі. Сонымен бірге, "тариф" ғимарат жағдайына қарай да сараланады. Мәселен, жаңадан салынғанына берілетін қаржы көп жылдан бері қолданыста болып келе жатқан нысанға қарағанда көбірек.

"Атап айтқанда, еліміздегі жер сілкінісі қаупі 9 балдан жоғары болатын республикалық және облыстық маңыздағы қалаларда, сондай-ақ студенттерге арналған жатақханалардағы орын тапшылығы жалпы республикалық қажеттіліктің 20 пайызынан асатын қалаларда жаңадан салынған жатақханадағы 1 орын үшін мемлекеттік тапсырыстың жылдық мөлшері АЕК-тің 144 еселенген мөлшерін құрайды", – деп хабарлады БҒМ.

Яғни, бұл санаттағы қалаларда 1 студентті орналастыру үшін министрлік бір жылға 381 мың 744 теңге төлейді. Демек, шәкірттер жылдың екі айынан астам уақыт демалып, ауыл-аймаққа тарайтынын ескерсек, 1 айға шамамен 38 мың теңгеден келеді.

Екіншіден, бұдан басқа елді мекендердегі және Нұр-Сұлтан қаласындағы ЖОО-да оқитындарға орын ұсынған бизнесменге әрбір жас үшін айлық есептік көрсеткіштің 122 еселенген мөлшерінде төлемақы, немесе 323 мың 422 теңге аударылып тұрады.

Бұл жаңадан тұрғызылған ғимараттарға қатысты.

Егер кәсіпкер осы тетіктен табыс тапқысы келіп, ескі жатақхана не өзге де ғимаратты жөндеп, реконструкция жұмыстарын жүргізсе, оған есептелетін төлемақы көлемі екі еседен астамға азаяды. Білім және ғылым министрлігі бұл жағдайда әрбір студент, магистрант және докторант үшін бір жылға тек 47 еселенген АЕК көлемінде немесе 124 мың 597 теңге төлейтініні жөнінде құлағдар етті.

Мысалы, жатақханада жеке азамат 4 баладан орналастырса, мемлекет арқасында әр бөлмеден 50 мың теңгедей кіріс көрмек.

Бір қарағанда, табысы аздау көрінгенімен, кәсіпкерлер кепілдендірілген тапсырысқа және тұрақты клиенттерге ие болады екен. Келісімшарт сегіз жылға дейін бекітіледі. Ал елордада көптеген хостелдер бос тұратыны мәлім.

Осы бағдарламаны жүзеге асыратын БҒМ-нің қаржы орталығының мәліметінше, 90 мыңнан астам ЖОО мен колледждер студенті жатақханадағы жатын орынға мұқтаж. Оның үштен бірі сейсмикалық қауіпті Алматының үлесіне келеді.

Қаржы орталығы бұл бизнеске шетелдік инвесторлар да қызығушылық білдіріп отырғанын айтады. Түріктің Akfen Infrastructure Holding инвесткомпаниясы студенттік жатақханалар және жеке мектеп құрылысына қаржы салса, мемлекеттік тапсырыстың орналасу тәртібі, төлемақының уақытылы және толық көлемде түсуі, келісім бекіту рәсімдері қалай жүретінін анықтап жатқан көрінеді.

"Қазіргі уақытта тұтастай алғанда, 28 мың 5 орынға арналған 70 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Оның ішінде 21 мың 874 орынға арналған 44 нысан жаңадан салынады. 6 мың 131 орынға арналған 26 нысан реконструкция жасау жолымен енгізіледі. 16 жоба аясында мемлекеттік ЖОО-лар мен колледждер өз аумақтарындағы бос учаскеде ғимарат салып жатыр. Ал қалған 54 жобаны немесе 77%-ын шағын және орта бизнес өкілдері жүзеге асыруда", – деп түсініктеме берді министрліктің қаржы орталығы.

Жалпы, Н.Назарбаев соңғы президенттік сайлауына түсу кезінде 5 әлеуметтік бастамасын жариялап, оның үшінші бастамасы аясында оқушы жастарды жатақханамен қамтудың жаңа тәсілін енгізгелі бері, елімізде 5 мың 149 орынға есептелген 20 жатақхана пайдалануға беріліпті. Тарата айтсақ, шәкірттер үшін 2018 жылы – 3 мың 192, 2019 жылы 1 мың 957 жатын орын пайда болды.

Соның ішінде 2 мың 780 орынға арналған 9 нысан жаңадан бой көтерген. Ал 2 мың 369 орынға арналған 11 ғимаратты кәсіпкерлер осы бағдарлама үшін реконструкциялап, жатақханаға айналдырған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу