Қазақстанда шәкіртақы көлемі едәуір өсті

5215

Президент былтыр Жастар жылының жабылу рәсімінде стипендия артатынын мәлімдеген еді.

Қазақстанда шәкіртақы көлемі едәуір өсті

Осыған орай Білім және ғылым министрлігі Үкіметтің жаңа қаулысы жобасын және шәкіртақыны өсіру кестесін ел назарына ұсынды.

Құжат бойынша мемлекеттік білім тапсырысы бойынша оқитын жастардың ай сайын бюджеттен алатын мемлекеттік стипендиясы келесідей мөлшерде өсіп отыр.

Біріншіден, жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер бұған дейін 20 мың 949 теңге шәкіртақы алып келсе, биылдан бастап, ол 26 мың 186 теңгеге өскен.

Екіншіден, салмақты жоғарылау интерндерге тиесілі – 37 мың 945 теңгеден 47 мың 431 теңгеге көтерілді.

Үшіншіден, магистранттар да президенттік игіліктен тыс қалмайды, олар бұған дейін 53 мың 530 теңге алып келсе, енді 66 мың 913 теңгеден үміттене алады.

Төртіншіден, барлық оқу орындарында оқып жатқан "бес минутсыз ғалымдар", яғни докторанттар 2019 жылы 81 мың 998 теңге шәкірақы алатын, енді онысы 102 мың 498 теңгеге дейін ұлғаяды.

Бесіншіден, ең жақсы шәкіртақы мемлекетіміздің қазіргі көшбасшы ғылым ордасында екені белгілі болды: "Назарбаев Университеті" дербес білім беру ұйымында оқитын магистранттар былтыр ай сайын 100 мыңды алып отырса, биылғы жылы жақсы жалақыға тең сомаға ие болады: ай сайын оларға 125 мың теңге аударылады.

Алтыншыдан, резидентура тыңдаушыларына және денсаулық сақтау магистранттарына берілетін стипендия көлемі өткен жылғы 61 мың 561 теңгеден 76 мың 951 теңгеге дейін артты.

Стипендия алатын адамдар саны бұлармен шектелмейді.

Жетіншіден, мемлекеттік органдар оқуға жіберген Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттарына соңғы жұмыс орны бойынша лауазымдық айлықақы (оклад) деңгейінде, бірақ мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алып жатқан магистранттар үшін белгіленген стипендиядан төмен емес мөлшерде ай сайын шәкіртақы белгіленеді.

Сегізіншіден, бұлар қатарына тағы бір толыққанды санат қосылуда: техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге, яғни бірінші жұмысшы мамандығын тегін алып жатқан адамдарға 21 мың 787 теңге мөлшерінде стипендия тағайындалды.

Осының алдында колледждерде жұмысшы мамандығын меңгеру курстарынан өтуші қазақстандықтарға ЖОО студенттері шәкіртақысының 80%-ы көлемінде ғана шәкіртақы берілетін. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап, "екі қолға бір күрек" табу үшін мемлекет есебінен жұмысшы біліктіліктерін иеленушілердің стипендиясы 30%-ға, яғни 16 мыңнан 21,7 мың теңгеге дейін арттырылды.

Биыл орта буын мамандықтары бойынша оқитындардың стипендиясы тағы 25%-ға ұлғаймақ.

Бұдан бөлек, елімізде ұзақ жылдардан бері сақталып келген кемсіту-дискриминация ақыры жойылады. Бұл қадам Үкіметтің "Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы" 2008 жылғы 7 ақпандағы қаулысын өзгертетін жаңа қаулыны қабылдау арқылы жүзеге аспақ.

"Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын ерекше білім беру қажеттілігі бар тұлғаларға, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және азаматтардың қамқорлығындағы балаларға мемлекеттік стипендия емтихан сессиясының нәтижелері бойынша берешектері немесе білім алушыларды аралық аттестаттау нәтижелері бойынша қанағаттанғысыз бағасы жоқ болса төленеді", – делінген құжат.

Қарапайым тілге көшірсек, бұған дейін стипендия тек зағип және керең азаматтарға ғана төленетін. Бірақ мүмкіндігі шектеулі басқа да адамдар білім алып жүр. Сол себепті мүгедектерге ортақ "ерекше білім беру қажеттілігі бар тұлғалар" деген термин алынып отыр.

"Бүгінде мемлекеттік стипендия тек көру және есту жөнінен мүгедектерге ғана төленеді. Бұл ерекше қажеттіліктері бар өзге студенттердің құқығын аяқасты етеді. Осыған байланысты ерекше қажеттіліктері бар барлық студенттерге мемстипендия қарастыру қажет. Оның үстіне қолданыстағы заңнама бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға басқа адамдармен тең дәрежеде білімге деген қолжетімділік қамтамасыз етілуге тиіс", – деп түсіндіреді Білім және ғылым министрлігі.

Әйткенмен, тіпті докторантурада оқитын азаматтар үшін бәрібір "Назарбаев Университетіндегі" шәкіртақы көлемі арман болып қала бермек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу