Пандемия озат оқушылар сапына жойқын соққы берді

8640

Мұғалімдер Олимпиаданы сағынды, ал ол сағымдай алыстауда.  

Пандемия озат оқушылар сапына жойқын соққы берді

Ұстаздардың айтуынша, коронавирус пандемиясы және карантин шаралары қызықты үрдіске түрткі болды. Бір жағынан, бастауыш сыныптарда озат оқушылар ("отлишниктер") саны күрт өскен. Екінші жағынан, жоғары сыныптарда "екілік" және "үштік" алатын үлгерімі нашар шәкірттер саны алапат өсіп барады. Педагогтер жоғары сыныптарда "Алтын белгі" алатын бала қалмай ма деп алаңдайды.

Егер солай болса, еліміздің осы саладағы әлемдік рейтингтері одан әрі құлдырап, ел беделіне нұқсан келіп, білім беру саласындағы сапаның төмендегеніне қатысты сын қайта өршуі мүмкін.

Мұндай проблеманың қалайша қалыптасқанын ұзақ жылғы тәжірибесі бар ұстаз Ғани Елікбаев түсіндіріп берді.

"Бастауыш сыныптарда озат оқушылардың күрт артуына таңдануға болмайды. Өйткені 1-ден 3-ке, кейде 5-6 сыныпқа дейінгі балаларының күнделікті сабағын және жаттығуларын орындауға ата-аналар, ересектер көмектеседі, кейде тіпті бас қатырмау үшін өздері жасап береді. Мысалы, бастауыш сынып мұғалімдеріне орындалған тапсырмалар Classroom арқылы компьютерге терілген күйде келеді. Олай жасауға болмайтынын, бала өз қолымен жазуға тиістігін қаншама рет ескерттік, болмайды. Яғни, ата-аналар жұмыс орнындағы компьютерде баласының сабағын өзі орындап, жібере салады. БЖБ, ТЖБ секілді тесттерді де ата-аналар орындайды", – дейді ол.

Жоғарғы сыныптарда жағдай басқаша: кеңес кезінде не ХХІ ғасыр басталғанға дейін мектеп бітірген ересектердің қазіргі оқу бағдарламасына тісі батпайды. Нәтижесінде, оқушылар өз бетінше орындауға мәжбүр.

"Мектеп бітіруге таяған түлектер сыныпта, мұғалім алдында әзер оқиды. Ал бозбалалар мен бойжеткендер қашықтан оқытуға көшірілгесін, өзімен-өзі, жалғыз қалғасын, оқуға зейін қоймай, кежегесі кері тартып тұратын болды. Бұған елде интернеттің шабандығы қосылды. Сондықтан педагогтер мен ата-аналардың сұрауымен мемлекет амалсыз, 9,11,12 сынып оқушыларын ІІІ тоқсанынан бастап аралас оқытуға көшірді. Әйтпесе, білім беру саласының сау-тамтығы қалмайын деп тұр", – дейді Ғ.Елікбаев.

Биология мұғалімі, шәкірттері түрлі жарыстарда жүлде алып жүрген білікті педагог Ільяс Сакимов білім және ғылым министріне хатында мектеп олимпиадаларын да жаппай өткізе бастауға рұқсат етуді сұрады.

"Пандемия салдарынан ағымдағы оқу жылында жалпы білім беру пәндері бойынша оқушылардың Республикалық олимпиадасы кешігуде. Тіпті бірінші кезеңдерін өткізуге де дайындалып жатқан жоқ. Оның мерзімдерінің анықталмауы кесірінен бұған дейін олимпиадаға қызу әзірленген оқушылардың бүгінде көңілі пәс, ынта-ықыласы жойылған. Олар олимпиадаға даярлықты ары қарай жалғастыру керек пе, керегі жоқ па, оны да білмейді. Сонша дайындалғанда, жарыс өтпей қалуы да мүмкін деп тұнжырайды", – дейді ол.

Ұстаздар қауымы қазіргі уақытта БҒМ-ның білім бәйгесінен де зор бас ауруы бар екенін түсінеді. Дегенмен, оларға өз жағдайын да, оқушысының мерейін де ойлау керек.

2019 жылғы 27 желтоқсанда күшіне енген "Педагог мәртебесі туралы" заңына сәйкес, білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасындағы халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың және спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке 3 лауазымдық айлық мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді.

Бұдан бөлек, шәкіртінің бабын келтіріп, білім додасында оздыра алған мұғалімдер жаңа марапатқа – "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағына ұсыныла алады. Мұндай атақ берілген педагогтер республикалық бюджеттен 1 мың АЕК (2021 жылы 2 миллион 917 мың теңге) көлемінде біржолғы төлем алады.

"БҒМ бүгінде оқушылардың негізгі оқуын ұйымдастыруға көбірек бас қатырып жатқанын түсінеміз. Нәтижесінде, олимпиадалар кейінгі орынға сырғыды. Әйткенмен, болашақта біздің ғылымды көтеруге үлкен үлес қосатындар да осы олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері екенін естен шығармаған жөн. Мысалы, пандемия кезінде Қазақстан вакцина жасай алатын зерделі ғалымдарға, коронавируспен күресетін білікті медицина қызметкерлеріне қатты мұқтаж болды. Сондықтан министрліктен Республикалық олимпиададан бас тартпауды өтінеміз", – дейді Ільяс Сакимов.

Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушы Асхат Аймағамбетов пандемия жағдайында мұндай кең ауқымды жарыс өткізуге қатысты ақырғы шешім қабылданбағанын жеткізді.

"Жалпы пәндер бойынша Республикалық олимпиада – біздің министрлік өткізетін аса маңызды іс-шараның бірі. Шынында, олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері білім мен ғылым қуған, ғұмырын осы салаға арнауға әзір жастар, болашақ ғалымдар болып табылады. Сарабдал басқарушылар да, еліміздің интеллектуалдық элитасының өкілдері де солардың арасынан шығады. Қазіргі уақытта пандемияның ушығуына байланысты қабылданып жатқан шектеу шаралары жағдайында РО кезеңдерін өткізудің форматы әлі айқындалу үстінде. Оны ұйымдастырудың форматы мен мерзімдеріне қатысты ақырғы шешім қабылданған соң тиісті ақпарат жария етіледі", – деді БҒМ басшысы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу