"Бассыздыққа жол беріп қоя алмаймыз" - министр Аймағамбетов

4214

А4 және одан үлкен көлемдегі кітаптар оқушылар үшін ыңғайсыз.

"Бассыздыққа жол беріп қоя алмаймыз" - министр Аймағамбетов

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқулық сапасын арттыруға арналған кеңесте мектеп оқушыларының кітаптары қатеден көз ашпай жатқанын және оқулықтың бағасы қымбат екенін мәлімдеді.  

"Орыс әдебиеті" оқулығын парақтап көрейік. Қарапайым қателер. Физикада да солай. Берілген есептің жауабы дұрыс емес. Мұнда 0,24 деп көрсетілген. Ал есепті дұрыс шешсеңіз 0,27 деген сан шығуы керек. География оқулығы да сондай. Карталар бойынша қате бар. Ағылшын тілі оқулығында аударма мағынасы өзгеріп кеткен. Мәтінді мағынасына қарамай, сөзбе-сөз аударған.

Орыс тілінен қазақшаға аударылатын оқулықтардың да сапасы сын көтермейді. Мұндайға жол берілмеуі керек. Балаларымыз осындай аудармалармен оқуға мәжбүр. Жыл сайын бір қателік қайталанып келеді. Бір басқан шоқты қайта айналып басамыз. Қашан бітеді бұл?", – деді министр. 

Асхат Аймағамбетов оқулықтың бағасына арнайы талдау жүргізгенін тілге тиек ете келіп, өз байламын жариялады. 

"Бізде бастауыш сыныптар базалық оқулық пайдаланады. Негізгі және жоғары сыныптарға арналған балама оқулықтар бар. Екеуінің бағасын салыстырдым. Базалық оқулықтарды басуға белгілі бір баспалар мүмкіндік алып отырған. Сәйкесінше бағасы жоғары болған. Ал баламасы бар оқулықтарды 4-5 баспа шығарған. Бұл жерде мектептер өзіне тиімдісін таңдай алады. Осы бәсеке оқулық бағасына әсер еткен. Яғни базалық оқулықтар баламасы бар оқулықтарға қарағанда қымбат", – деді министр. 

Асхат Аймағамбетов А4 және одан үлкен көлемдегі кітаптар оқушылар үшін ыңғайсыз екеніне де тоқталды. 

"Елестетіп көріңіздер, бірінші сынып оқушысы отыр дейік. Олардың парталары шағын болады. Қасында парталасы отыр. Жаңағы көлемді оқулықтар партаға сыймай, баланы әуреге түсіреді. Бір қарағанда бұл ұсақ-түйек мәселе сияқты. Бірақ баланың білім алуында рөлі орасан. Мұның соңында білім беру сапасы мен тиімділігі тұр. Жалпы, бүгінгі оқулықтардың сапасына көңіл толмайды", – деді ол. 

Сөз арасында министр оқулық шығару жүйесіне өзгеріс енгізілетініне назар аударды.  

"Салада жүйелі мәселелер бар. Оқулық дайындау, оның сапасын сараптау, іріктеу жүйесіне өзгеріс енгіземіз. Оқулық басу барысында барлық баспаларға бұған дейінгі кемшіліктерді ескеруі тиіс. Бассыздыққа жол беріп қоя алмаймыз. Нақты шешім қабылдап, жүйелі жұмыс жүргізетін кез жетті", – деп қорытты ойын Асхат Аймағамбетов.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу