Тағы бір ЖОО-ның дипломы жарамсыз деп танылуы мүмкін

3799

Өткен жылы ғана белсенді жұмыс істеген ғылым ордасының түлектері енді меморгандарға шағымданып жатыр.  

Тағы бір ЖОО-ның дипломы жарамсыз деп танылуы мүмкін

Бұл жоғарғы оқу орны Сыр елінде білім беру ісінің алдыңғы қатарлы ұйымының бірі саналатын. Ол 1998 жылы "Қызылорда инженерлік-экономикалық институты" болып құрылды. 2009 жылы "Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институты болып қайта тіркелді.

Институт Қызылорда қаласындағы 5, 3 және 2 қабатты үш оқу ғимараттарында орналасқан. Оның 50 орынға арналған 1 жатақханасы, 170 мыңнан астам кітап қоры бар көрінеді.

Ғажабы сол, Қызылорда облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы жариялаған аң аулайтын алқаптарға иелік ету құқығын беру туралы тендерге қатысып, жеңіп шығу арқылы осы ЖОО жалпы аумағы 6 292 гектар болатын Иіркөл аң аулау алқабына иелік етеді. Институт ол аймақты экология және дизайн мамандықтары бойынша оқу өндірістік базасы ретінде пайдаланды.

Институт былтырғы қыркүйекте жаңа оқу жылын бастап, жұмысын қалыпты режимде жүргізіп жатқан. Мысалы, бос оқытушылық қызметтік лауазымдарына конкурс жариялап, инженерлік мамандықтар кафедрасының меңгерушісін, кітапхана мамандығы бойынша аға оқытушыны, құрылыс мамандығы бойынша 3 аға оқытушыны іздеді. Үміткерлерге жоғары талап қойды, ғылыми дәрежесінің немесе атағының болуы сұралды.

"Ақмешіт" ректоры, PһD доктор Ерлан Шынбергенов өз блогы арқылы 2021 жылғы 9 желтоқсанда өзіне сауалмен жүгінген азаматтарға жауап қайырып, азаматтардың "Информатика" мамандығында жоғары білім негізіндегі қысқартылған оқу бағдарламасымен білім алуға толық мүмкіндігі барын, оқу мерзімі 2 жылды, ал оқу ақысы 1 оқу жылына 250 мың теңгені құрайтынын хабарлады.

Былтырғы желтоқсанда Ресей педагогикалық университетінің 2-курс студенті Тамерлан ұқсас бағдарлама бойынша "Ақмешітке" ауысуға болатын-болмайтынын нақтылапты. Оған жауап қатқан ректор бір ЖОО-дан екіншісіне жазғы не қысқы каникул кезінде ауысуға рұқсат екенін жеткізді.

"Қысқы каникул 2022 жылғы 3-14 қаңтар аралығында болады. Бірақ шетелдік оқу орындарынан ауысу – тек ақылы негізде", – депті ректор.

Барлығы тыныш, бәрі де қалыпты сияқты.

Енді оның түлектері шағым айтып, Білім және ғылым министрлігіне жүгініп жатыр.

"Билік дипломымызды жарамды етіп берсін"

Қызылорда облысының тұрғыны Анар "Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институтын 2021 жылы бітіріпті. Қуана қолына алған күректей дипломның қу қағаз екенін кейін білдім дейді.

Айтпақшы, жаңғырған білім туралы заңнамаға сәйкес, өзге ЖОО-лар қатарында "Ақмешіт" институты да білім туралы өзіндік үлгідегі құжатты – мемлекеттік емес, төл дипломын беруге көшкен екен.

"Осы орайда бізге берілген дипломымыз жарамсыз болып жатыр. Былтыр 399 түлек бітірген болатынбыз. Дипломды тіркеу нөмірінсіз берді. Қаншама жыл ақылы түрде оқып, енді жұмысқа орналасамыз ба деп қуанып жүргенімізде соңы осылай болды. Мен өзімнің ғана емес, барлық 399 студенттің атынан БҒМ-ге жүгініп отырмын. Министрлік осы мәселемізді шешіп, дипломымызды жарамды етіп берсе дейміз! Қаншама отбасына қуаныш сыйлар еді. Ендігі үмітіміз тек министрде", – дейді Анар.

Ұлардай шулап қалған түлектер, олардың ата-аналары барлық сұрақтарын алдымен институт өкілдеріне қойыпты.

"Олардан көңілге қонымды жауап ала алмадық. Масқарасы сол, олар қаншама студентті әлі оқытып жатыр. Қызым Гүлсая 2-курс студенті. Биылғы жылға да төлемін жасадым. Институттағылар: "Біз толығымен жабылсақ, басқа жоғарғы орындарына ауыстырамыз" деп отыр. Айтуларынша, лицензиясы жарамды дейді, акредиттеуден өтіп жатқан көрінеді", – дейді арызданушы.

Билік не дейді?

БҒМ-нің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті "Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институтына қатысты түсініктеме берді.

Ведомствоның түсіндіруінше, қазіргі кезде "Білім туралы" заңының 39-бабы 5-1-тармағына сәйкес, білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттарды білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар және танылған аккредиттеу органдарында аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындары береді.

Министрліктің ескертуінше, университет не институттың өзіндік үлгідегі дипломының нөмірі мен QR-кодтары болуы шарт. Ондай нөмір мен ку-ар-код білім беру саласындағы уәкілетті орган ұсынатын арнайы сервисте түзіледі.

"Ал генерацияланған нөмірлері және QR-кодтары жоқ, сондай-ақ, аккредиттеуден өтпеген жоғары оқу орындары берген өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттар жарамсыз деп есептеледі!", – деді департамент.

Оқу орнының өкілдері айтқандай, "лицензиясы жарамды" болса, "Ақмешіттің" дипломында неге тіркеу нөмірі жоқ?

"Себебі қазіргі уақытта аталған институттың аккредитациясының қолдану мерзімі өткен. Осылайша, аккредитациясы жоқ ЖОО ретінде өзіндік үлгідегі дипломдарды бере алмайды. Бұл ретте Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы №595 бұйрығымен бекітілген "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына" сәйкес, аккредиттеуі тоқтатыла тұрған, қайтарып алынған немесе қолданылу мерзімі өткен жағдайда, осы жоғары оқу орнының студенттері аккредиттеуді тоқтата тұру, қайтарып алу немесе қолданылу мерзімінің өтуі туралы шешім қабылданған күннен бастап 1 ай мерзімде оқуын жалғастыру үшін басқа ЖОО-ларға ауыстырылады", – деп мәлімдеді БҒМ-нің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті.

Жоғарғы білім саласындағы бейберекет сілкіністер мен толқулар жалғасып жатқанға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу