АҚШ-Қытай: визалық шектеу және қара тізім

5217

Вашингтон Шыңжаң мұсылмандары үшін қытайлық шенеуніктер мен технологиялық компанияларды нақты жазалауға кірісті. 

АҚШ-Қытай: визалық шектеу және қара тізім

Америка Құрама Штаттары Қытай үкіметі мен Коммунистік партиясының мүшелеріне қарсы визалық шектеу жариялады. Себебі Вашингтонның ойынша, олар Шыңжаңда ұйғырларды, қазақтарды және өзге де мұсылмандарды себепсіз ұстап, қудалағаны үшін жауап беруі керек. Мұны сейсенбі күні АҚШ Мемлекеттік департаменті мәлімдеді.

Американың бас дипломаты Майк Помпео ресми Бейжіңді Шыңжаң аймағында "репрессия науқанын" тоқтатуға, жөнсіз тұтқындалғандарды босатуға, шетелге қашқан мұсылмандарды қудалауды доғаруға шақырды.

"Адам құқығын қорғау – фундаменталдық маңызға ие және барлық ел оны құрметтеу міндеттемелерін орындауға тиіс. Құрама Штаттар мұндай озбырлыққа жауап беру өкілеттігін әрі қарай да қолдана береді", – дейді Помпео.

Бұның алдында Трамп әкімшілігі мұсылмандарға қатал шара қолданды деген себеппен қытайлық шенеуніктерге санкция жариялау мәселесін қарастырып жатқаны белгілі болды. Сол лауазым иелерінің арасында  Шыңжаңдағы Компартия хатшысы Чен Куангуо да бар.

Дегенмен мемлекеттік департамент Қытайда нақты кімдерге визалық шектеу жарияланғанын және кімдердің Америкаға сапар шегуіне тыйым салынғанын атаған жоқ. Кейбір сарапшылардың ойынша,  бұл санкциялар Бейжің мен Вашингтонның осы аптада сауда келісімін жасау мүмкіндігін азайтуы мүмкін.

Республикалық сенатор Том Коттон мемлекеттік департаменттің Қытайға қатысты шектеуіне мақтау айтып, Американың одақтастарын да осындай шешімдер қабылдауға шақырды.

"Ұйғырлар мен өзге де мұсылмандарды "концентрациялық лагерлерге" қамаған қытайлық лауазымдылар Құрама Штаттарға келіп, бостандықтың рахатын көрмесін", – дейді Коттон мырза.

"Ойдан шығарылған сылтау"

Мемлекеттік департаменттің шешімінен кейін Қытайдың Вашингтондағы елшілігі мәлімдеме жасап, АҚШ-тың визалық шектеуін айыптады.

"Құрама Штаттардың шешімі халықаралық қатынастардың негізгі нормаларын бұзып, Қытайдың ішкі істеріне араласып, еліміздің мүдделеріне зиян тигізбек. Шыңжаңда, АҚШ айтқандай, адам құқығы проблемасы жоқ. Бұл айып – ішкі істерімізге араласу үшін ойдан шығарылған сылтау", – деп жазылған осы дипломатиялық миссияның баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

АҚШ үкіметі мен тәуелсіз зерттеушілердің мәліметінше, Шыңжаңда 1 миллиондай мұсылман тұтқындау лагерлеріне жіберілген. Олардың арасында ұйғырлар ғана емес, қазақтар мен ислам дінін ұстанатын өзге де ұлт өкілдері бар. Бірақ Қытай бұл мекемелерді адамдарды кәсіпке үйретіп, экстремизм мен терроризмнің алдын алатын орталықтар деп атап отыр.

Бірқатар бақылаушының сөзінше, Бейжің Шыңжаңда тәуелсіздік пен автономия талап етушілерге ондаған жылдар бойы қысым жасап келеді. Ал, Қытайға сенсек, бұл аймақта радикализмге қатысты жасалған жекелеген зорлық-зомбылық оқиғалары халықаралық терроризммен байланысты. Зерттеушілер болса, бұған ешқандай дәлел жоқ дейді.

Қара тізімге 28 ұйым ілікті

Дүйсенбі күні АҚШ Қытайдың 28 ұйымын қара тізімге алды. Вашингтон бұл шешімді де Бейжің Шыңжаңдағы ұйғырларға, қазақтарға және өзге де мұсылмандарға дұрыс қарамады деп қабылдап отыр.

Құрама Штаттар Сауда министрлігінің мәліметінше, тізімге Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық Аймағының Қауіпсіздік бюросы, 19 бағынышты мемлекеттік агенттік және 8 коммерциялық фирма іліккен. Соңғыларының қатарында бейнебақылау құралдарын шығаратын ірі компаниялар бар. Олардың жылдық табыстары миллиардтаған долларға жетеді.

"Ассоушиэйтид пресс" агенттігі хабарлағандай, адамның жүзін танитын және өзге де жасанды интеллект технологияларын шығаратын қытайлық компаниялар мұсылмандарға қысым жасауға қолданылып отыр.

Сонымен қатар, жаңа санкцияға сәйкес, Америка технологиясын үкіметтің рұқсатынсыз Қытай компанияларына сатуға тыйым салынады. Сол фирмалардың қатарында Hikvision мен Dahua бар. Бұл кәсіпорындар әлем нарығына бейнебақылау технологиясын сатумен айналысады.

АҚШ Сауда министрлігінің қара тізіміне Sense Time, Megvii, iFlytek тәрізді компаниялар да енгізілді. Sense Time азаматтардың жүзін, iFlytek дауысын анықтайтын және тілмаштық қызмет көрсететін өнімдер шығарады.

Бұған дейін Қытайдың алғашқы технологиялық брэнді Huawei де Вашингтонның санкциясына ұшырады. Бұл компания смартфондар мен өзге де байланыс құралдар шығаратыны белгілі.

Үмітсіз келіссөздер және әлемге төнген рецессия қаупі

Осыған қарамастан, Америка сауда министрлігінің мәлімдеуінше, Қытай вице-премьері Лю Хэ бейсенбі күні Вашингтонға сауда келіссөздерін жүргізуге барады. Ол бастайтын делегация құрамына сауда министрі, орталық банк жетекшісі, индустрия, технология, ауылшаруашылығы министрліктерінің өкілдері кіреді.

Келіссөздер қарсаңында екі держава бір-бірімен татуласуға да ұмтылысын байқатып, жазалаушы тарифтерді алып тастауға немесе кейінге қалдыруға ниет танытып отыр. Алайда тараптардың Қытайдың саудалық және технологиялық амбицияларына қатысты өзекті мәселелер бойынша бір шешімге келуі екіталай.

Қытай мемлекеттің көмегі арқасында роботтық және басқа да технологиялар жасаудан ғаламдық бәсекеде көш бастап барады. Сол үшін АҚШ оған қарсы қысымды күшейтті деген болжам бар. Бейжің болса, бұған қарсылық көрсетіп отыр.

АҚШ, Еуропа, Жапония сияқты елдер осы жағдай үшін Қытайды ашық нарық міндеттемелерін орындамай отыр деп кінәлап келеді. Ал, кейбір америкалық ресми өкілдердің пікірінше, әділетсіз бәсеке Құрама Штаттардың индустриялдық лидерлігін тоқтатуы мүмкін.

Екі мемлекет бір-бірінің миллиардтаған долларлық тауарларына салықты көтерді.  Сонымен қатар АҚШ-Қытай сауда соғысы әлем экономикасын рецессияға ұрындырады деген қауіп күшейіп келеді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу