Трамптың соңғы соққысы Қазақстанды 26 жылғы жеңілдіктен айырды

35726

Еліміз АҚШ үшін айрықша мәртебесін жоғалтты.  

Трамптың соңғы соққысы Қазақстанды 26 жылғы жеңілдіктен айырды

Өткен 2020 жыл аяқталар тұста еліміздің Сауда және интеграция министрлігі кәсіпкерлер үшін суыт хабарын жеткізді: АҚШ "Бас преференциялар жүйесінің" (Generalized System of Preferences немесе GSP) қолданылуын ұзартпай тастады. Кетіп бара жатқан Дональд Трамптың әкімшілігінің шешімі сондай. АҚШ-тың жаңа сайланған Президенті Джо Байден тек 2021 жылғы 20 қаңтарда ғана инаугурациясын өткізіп, лауазымына кірісетіні мәлім.

"2020 жылғы 31 желтоқсанда АҚШ-тың бас преференциялар жүйесінің 119 бенефициар елі үшін, соның ішінде Қазақстан үшін де осы жүйені қолдану мерзімі аяқталды. Қазақстан Республикасы бұл жүйеге 1994 жылғы 4 наурыздан бастап кірген болатын. Бұл дегеніміз – 119 бенефициар ел осы жүйеге жататын тауарларды АҚШ-қа әкелу кезінде кедендік баждардың нөлдік мөлшерлемесі түріндегі артықшылық-преференцияларды 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап пайдалана алмайды", – деп түсіндірді Сауда және интеграция министрлігі.

Бұған дейін АҚШ өз серіктестерінен көптеген тауар түрі бойынша баж салығын алмайтын. Енді ол жеңілдік жойылды. Демек, Құрама Штаттарға апарылатын қазақстандық өнімдер мен шикізат 10%-ға және одан көп қымбаттап, бәсекеге қабілеттігін жоюы мүмкін.

Айта кету керек, 2019 жылғы 10 мамырда Д.Трамп Қытайдан тасылатын, жалпы құны 200 миллиард долларды құрайтын тауарлардан жиналатын кедендік алымдарды 10%-дан 25%-ға дейін күрт көтергенде, экономистер мұны "сауда соғысы" деп бағалаған болатын.

2014 жылы Ресей Қырымға және Украинаның оңтүстік-шығысына басып кіргенде, оған қарсы енгізілген санкциялардың бірі ретінде АҚШ Президенті Барак Обама Ресейді "Бас преференциялар жүйесінен" шығарып тастады. Тиісінше, солтүстік көршіміз барлық сауда жеңілдіктерінен жұрдай болды.

Сарапшылардың айтуынша, GSP 1976 жылы экономикалық дамуда кенжелеп қалған елдерге көмек ретінде енгізілген. АҚШ ол тізімнен мемлекеттерді кейде саяси, кейде экономикалық себептермен алып тастап тұрады. Осылайша, бұл жүйе игілік алушы елге сауда және саяси тұрғыдан ықпал етудің бір құралы ретінде қарастырылады. 

Бұл жолы тізімнен елдер алғаш рет "оптом" шығарылып отыр. Ендеше бұл қадамды АҚШ-тың бүкіл серіктестеріне қарсы санкция енгізуі деп те қабылдауға болады. Осы елдерге биылдан бастап жалпыға бірдей кедендік баждарды төлеуге тура келеді.

Енді не болады?

Қазақстан Үкіметі АҚШ депутаттары немесе бұл елдің жаңа басшылығы тізімді қалпына келтіреді деп үміттенеді. АҚШ-тың GSP бағдарламасының қолданысын ұзарту мүмкіндігін ертең, 3 қаңтарда Конгресс қарайтын болады. Қатарында демократиялық партияның өкілдері басым конгресмендер Трамптың көптеген шешімінің күшін жойғаны мәлім.

Оның үстіне Конгресте "бағдарламаны ұзарту туралы" постфактум, яғни кері күші бар шешім қабылдау тәжірибесі таралған. Сондықтан бұл жолы қабылданбағанымен, жыл ішінде жаңа ел басшылығының сұрауымен мәселе қайта көтеріліп, оң шешілуі де ықтимал.

"Мұндай жағдайда, GSP-ге жататын тауарлар бойынша бұрын төленген бүкіл баж экспорттаушыларға қайтарылады. Осыған байланысты қазақстандық экспорттаушылар сол бұрынғыдай GSP-ге кіретін тауарларын GSP үшін көзделген арнайы бағдарламалық индикатормен – "А" белгісімен таңбалауын жалғастыруы қажет. Сонда бұл кейін оң шешім қабылданып жатса, АҚШ-тың Кедендік және шекаралық бақылау қызметіне баждарды автоматты түрде қайтаруға мүмкіндік береді. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда экспорттаушылар Сауда және интеграция министрлігіне және "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығына 8 (7172) 76-88-23, zh.makhambetaliyev@qaztrade.org.kz электрондық поштасына хабарласуы керек", – деді ведомство.

Негізі, GSP тек преференцияны пайдаланатын елдерге ғана емес, Американың өзіне де аса пайдалы: бұл жергілікті компанияларға шетелден ресурстарды арзанға алып, дамуына жол ашады. GSP тізімі мыңдаған (шамамен 3500) тауар түрінен тұрады, дегенмен, негізгі бөлігін АҚШ-та тапшы не мүлдем жоқ шикізат түрлері құрайды. Бұл тізім дүркін-дүркін қайта қаралып тұрады.

Қазақстан не жоғалтты?

АҚШ-тың сауда өкілінің сауда саясаты және экономика мәселелері жөніндегі көмекшісі болған Эдвард Грессердің байламынша, жаһандық нарыққа шығатын қазақстандық кәсіпкерлердің біразы бұл жүйеден және ол беретін артықшылықтардан хабарсыз болып келді. Әйтпесе, Қазақстанның Құрама Штаттарға сататыны көбірек болар ма еді. Нақты бір тауардың преференцияны пайдалана алатынын білу үшін АҚШ-тың Үйлесімді тариф (Harmonized Tariff Schedule of the United States) порталындағы тауарлар тізіміне үңіліп, тексеру керек-тін.

Мысалы, астықтың көптеген тауар санаттарын, күнбағыс пістесі мен майын, май түрлерін, ферроқорытпаларды, металл бұйымдарын және басқасын АҚШ-қа баж салығынсыз апаруға болатын.

2019 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара тауарайналым 1,8 миллиард долларды құрады. Соның ішінде 682 миллион доллары – Қазақстанның Америкаға өткізген экспорты болған (салыстыру үшін: 2017 жылы бұл елге жеткізілген отандық экспорт 779 млн долларды құраған). Яғни, жылдан жылға ұлғайып келе жатты. Алайда GSP күшінің тоқтатылуы кесірінен 2021 жылы алыс-беріс күрт құлдырауы мүмкін.

Америка қазақ елінен феррохром, ферросилиций, кремний, байытылған уран, фосфор, күкірт, титан, тантал, қорғасын, құбырлар секілді шикізат пен өнімді сатып алып келді.

Э.Грессердің дерегінше, Қазақстан GSP аясында артықшылықты аса ірі көлемде пайдаланушы 12 елдің бірі болатын.

Шамамен 2 мыңдай қазақстандық өндіруші өз тауарын АҚШ-қа тұрақты түрде жеткізіп тұрады.

Қазақстанның АҚШ-пен өзара саудада айрықша мәртебесінен айырылуы мүмкін екені 2018 жылдан бері айтыла бастады. Сонда Inbusiness.kz порталының сауалына жауап берген Ұлттық экономика министрлігі "Қазақстанның Бас преференциялар жүйесіне ары қарай қатысуын Америка еліміздегі кәсіподақтар қызметін реттеуге қатысты мәселелермен байланыстырып отырғанын" хабарлады.

Өйткені сол тұста Халықаралық еңбек ұйымы Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақтар қысым көріп жатқанын жариялады. Мұны естіп, Америка еңбек федерациясы өз Үкіметіне петиция жолдады. Өз кезегінде Қазақстан Үкіметі дереу ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізді. Бұл реформа жайында Inbusiness.kz жеке сараптама берді. Қазақстан тарапы Американың еңбек федерациясының, өндірістік кәсіподақтар конгресінің (AFL-CIO), АҚШ еңбек министрлігінің делегацияларын шақыртты. Сөйтіп, мәртебесін сақтап қалды.

GSP тізімін АҚШ Президенті 2 жыл сайын жаңартып тұрады. Ол бұл шешіміне Конгрестің міндетті түрде келісімін алуы қажет. Бұл жолы Қазақстанды артықшылықтан қағуға не себеп болғаны белгісіз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу