Елдегі қауіпті өндірістерде ереуілдер жүруі мүмкін

2668

Кәсіподақ тасып жүр, кәсіп иелері жасып жүр.  

Елдегі қауіпті өндірістерде ереуілдер жүруі мүмкін

Бүгін бір сала екі ірі мерейтойын атап өтті: жаһандық кәсіподақ қозғалысы 115, ал отандық кәсіподақ федерациясы 30 жылдық белесіне көтерілді. Бірақ оны кең ауқымда, сән-салтанатпен мерекелеуін тарихтың өзі қаламағандай. Пандемияға орай кәсіподақ бастықтары оны өз арасында, ың-шыңсыз, мақтап-марапаттаусыз тойлауға мәжбүр.

"Қорғамайтын кәсіподақтың өмір сүруге құқығы жоқ"

Сарапшылар отандық кәсіподақтың мақтанатын ісі де шамалы екеніне назар аудартады. Биыл пандемия кезінде құқығы ең көп шектелген кәсіп иелері – дәрігерлер болды. Олар коронавирус індеті өршігелі қатаң карантинге жабылды, көбі суық ауруханалар мен провизорлық стационардан шығарылмай, сонда айлап тұруға мәжбүр. Сол тауқымет аз болғандай, шенеуніктер мазақ етіп, үстемеақысын дұрыс төлемеді. Оларды не шенеунік, не кәсіподақ қорғамады. Медицина қызметкерлері амалсыз жоғарыға хат жазды, сол үшін қудаланды, жұмысынан қуылды.

Еңбек құқығы саласының сарапшысы Бибігүл Нұрашева "Позор профсоюзам!" деп дабыл көтерді.

"Кәсіподақтар, қайдасыңдар? Неге ұзақ жыл бойы ай сайын жалақысының 1%-ын сендерге, кәсіподақтарға тұрақты түрде аударып келген медицина мамандарына өз еңбек құқықтарын өз бетінше қорғауға тура келуде? Ал сендер оларды дәл қажет кезде тастап кеттіңдер. Өзін Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің қоғамдық бірлестігі деп атайтын SENIM кәсіподағы қайда?! Өздеріңді көрсететін шақ осы емес пе? Әлде үнсіз, бас бұғып, әрекетсіз қалу ғана қолдарыңнан келе ме? Медициналық мекеме басшыларымен келіссөз жүргізіп, басын қауіпке тіккен медицина қызметкерлерінің үстемеақыларын, сақтандыру сыйақыларын әперетін, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасайтын кез келді. Өз мүшелерін қорғай алмайтын кәсіподақ ұйымдарының өмір сүруге құқығы жоқ. Адамдар үстінен тегін табыс табуды доғарыңдар!" – деп айызын қандыра, ащы жазды Бибігүл Нұрашева.

Санасы бар жанның сүйегінен өтіп, жүрегін тілгілер ауыр сөздер. Айтпақшы, билеуші партияның өзі бұл іске араласуға мәжбүр болды. Алайда істің ілгерілеп кеткені шамалы. Қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда жалпы саны 11,3 мыңдай медицина қызметкері COVID-19 дертімен ауырды (одан бергі статистиканы ДСМ жарияламады). Оның 186-сы коронавирус инфекциясынан қайтыс болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 9 қазанда жариялаған дерекке сәйкес, соның ішінде бүгінде тек 4 мың 921 медицина қызметкері біржолғы әлеуметтік төлем алды (бірақ мұның арасында вирустік пневмонияны жұқтырғандар да бар). МӘСҚ аурудың салдарынан қайтыс болған 186 медиктің тек 49-ының туыстарына ғана төлемдер аударды.

Бұл жерде тек медицина мамандары ғана қорғалмай отыр екен деген жаңсақ түсінік тумауы керек. 2017 жылғы қаңтарда Ақтауда, Қаламқас және Жетібай кеніштерінде жүздеген мұнайшының аштық жариялауы, 2019 жылғы 29 маусымда Атырауда "Теңіз" мұнайшыларының араб әріптестерімен төбелесі, 2017 жылғы 2 қыркүйекте "Абу-Даби Плаза" жақта қазақстандық жұмысшылардың үндістандық экспаттармен жаппай жағаласуы, басқа да еңбек дауларының өршуі елде еңбеккерлер құқығы дұрыс қорғалмайтынын аңғартқандай.

Қауіпті өндірістерде ереуілге рұқсат етпек

"Қазақстанның кәсіподақтары – тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік-еңбек қатынастарының базалық элементі" – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов өз құттықтауында.

Бұл әрине, сөз ғана. Ал іс жүзінде заңгер Мұхаммед Батырғалидің айтуынша, министрліктің өзі кәсіподақтарға қысым көрсетіп отыр.

"Халықаралық еңбек ұйымының 2019 жылы Женевада өткен 108-ші халықаралық конференциясында бекітілген нормаларды қолдану жөніндегі комитеттің есебіне сәйкес, Қазақстан "қара тізімге" кірді. Есепте еңбек құқықтарын және кәсіподақтар құқығын жүзеге асыруда елімізде ешқандай прогресс жоқтығына екпін жасалған. Мысалы, комитет Қазақстанда "Кәсіподақтар туралы" заңын өзгерту қажет деп санайды. Өйткені қолданыстағы заңда кәсіподақ құрылымдары үшін шектен тыс шектеулер қарастырылған. Заң жұмысшыларға кәсіподақтарды еркін құру және оған кіру құқығын шектейді. ХЕҰ Қазақстанда кәсіподақ мүшелеріне қатысты зорлық пен күш қолдану туралы шағымдардың шынайы тергелуін, кәсіподақ федерациясының және оған мүше ұйымдардың толық автономиясын қамтамасыз ету керектігін айтты", – дейді Мұхаммед Ерікұлы.

Жаһандық ұйым Қазақстанға судьяларға, өрт сөндірушілерге және түрме персоналына да төл кәсіподағын құруға рұқсат етуге кеңес беріпті. Еңбеккерлердің ұлттық ұйымдарына шетелден қаржы және басқалай қолдау алуына жол ашуды ұсынады. Бұл олардың жаһандық азулы кәсіподақ қозғалыстарынан қамқорлық көріп, елімізде пәрменді қимылдауға үйренуіне мүмкіндік бермек.

Министр Біржан Нұрымбетов ХЕҰ-ның біраз ұсынымы іске асырылғанын хабарлады. Ол "Қазақстан ұйымға 1993 жылы кіргелі өз міндеттемелерін орындап келе жатыр" дейді. Содан бері мемлекетіміз ХЕҰ-ның 24 конвенциясын ратификациялаған. Рас, ұйымның 177 техникалық конвенциясының тек екеуін ғана қабылдап, заңға енгізіпті.

"Ұйыммен бірге бекіткен "жол картасы" аясында, кәсіптік одақтар рөлін күшейту мақсатында 2020 жылғы мамырда ұлттық заңнамаға біраз өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, кәсіподақтардың өзінен жоғары тұрған кәсіподақ ұйымына міндетті түрде мүше болуы туралы талап жойылды. Кәсіподақтардың халықаралық ынтымақтастығы және шетелдік серіктестерімен бірлесіп іс-шаралар ұйымдастыруы туралы норма қосылды. Кәсіподақтың мемтіркеу кезінде республикалық, салалық, өңірлік мәртебе алуы жеңілдетілді: мысалы, бұдан былай салалық кәсіподақтан сала жұмысшыларының жалпы санының кем дегенде тең жартысының басын біріктіру талап етілмейді. Әділет органында тіркелу кезінде мәртебесін растау үшін қажетті мерзім 6 айдан 1 жылға дейін ұзартылды", – дейді еңбек министрі.

Ел Үкіметі заңсыз ереуілдерге қатысуға шақыру үшін жазаны жұмсартты: қылмыстық қудалау бүгінде "қылмыстық теріс қылық" дәрежесіне ауыстырылды. Тиісінше, орташа ауырлықтағы қылмыстан ауырлығы шамалы қылмысқа көшірілді.

Алда Үкімет кәсіподақ қозғалысын дамыту үшін жаңа қадам жасамақ.

"Қазақстанда ой-пікірді білдіру еркіндігін толық жүзеге асыру мақсатында "қауіпті өндірістік нысан болып табылатын ұйымдарда" ереуіл өткізуге рұқсат ету ұсынылып отыр. Бұл ретте объектідегі негізгі құрылғылардың, тетіктердің үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілуі керек (жарылыс не апат болмауы үшін). Қазақстанның қазіргі заңнамасы бойынша барлық кәсіподақ алдын ала рұқсатсыз құрыла береді. Яғни, оны құру үшін не мемлекеттің, не кәсіпорын басшылығының келісімі мен рұқсаты қажет емес. Үкімет кәсіподақтарға тіркелу мәселесі бойынша консультативтік көмек көрсетуге күш салуда. Сондықтан қазір кәсіподақты тіркеуде еш проблема жоқ. Ауызша да, жазбаша да ешқандай арыз-шағым түскен жоқ", – деді министр Б.Нұрымбетов.

Енді тек кәсіподақтардың "тісі" шығып, жарна төлеп жүрген еңбеккерлерді тегеурінді қорғауға көшсе деген үміт-тілек бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу