Жұмыс берушілер жұмыскерлерге жағдай жасай алмай отыр

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2365

Жалдамалы жұмыскерлердің бестен бірі аптасына 40 сағаттан артық жұмыс істейді.

Жұмыс берушілер жұмыскерлерге жағдай жасай алмай отыр

Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) лайықты еңбекті статистикалық өлшеу бағдарламасы шеңберінде Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті жасаған баяндамада 2018 жылғы III тоқсанда Қазақстан экономикасының әр түрлі салаларында 8,7 млн адамның жұмыспен қамтылғаны мәлімденген.

Олардың 51,6%-ы ерлер болса, 48,4%-ы әйелдер. Жалдамалы қызметкерлер саны 6,6 млн адамды немесе экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 75,8% құрайды. Жұмыспен қамтылған халықтың арасында өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкерлер саны 2,1 млн немесе 24,2%.

Жалдамалы жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының ішінен 41,4% кәсіподақ мүшесі, ал 77%-ы еңбек заңнамасында көзделген жеңілдіктер мен өтемақыларға құқығы бар. Бұл көрсеткіш нарықтың тең жартысына жуығы болғанымен, әлі де болса кәсіподақтарға деген сенім төмендеу.

Тағы 21,1%-ы аптасына 40 сағаттан астам уақыт жұмыс істейтіндерін көрсетсе, олардан ішінде 68,1%-ы жұмыс берушінің талабы бойынша, 16,2%-ы қосымша табыс табу үшін, тағы 7,9%-ы өндірістік қажеттілікке байланысты артық жұмыс істейтіндерін айтқан.

Айте кетерлігі, 2017 жылы аптасына 40 сағаттан артық жұмыс істейтін жұмысшылар саны жалпы жалдамалы жұмыскерлердің 23,5%-ын құраған екен. Яғни, жыл санап қызметкерлердің жұмыс уақытынан кейін түрлі себеппен кеңседе қалып қоюы азайып келеді. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштің әлі де айтарлықтай төмендей түсуі ықтимал. Олай дейтініміз, артық жұмыс істейтіндер негізінен мемлекеттік қызметкерлер болса, таяуда Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысы мемлекеттік қызметкерлердің кеңседе артық отыруын шектейтін нормаларды енгізетінін мәлімдегені есімізде.

Осы орайда, баяндамада жұмыс істейтін әйелдердің жалпы санының 13,2%-ы отбасылық міндеттер мен жұмысты қоса алып жүруге қиналатыны да айтылған екен.

Бұдан бөлек, жұмыспен қамтылған халықтың арасында 493,1 мың адам (5,6%) кәсіби оқудан өткен, олардан 493,1 мыңы (82,3%) үшін оқу жұмыс берушінің, басқа ұйымдардың қаражаты есебінен төленген екен.

Жұмыспен қамтылған халықтың ішінен 12,0%-ы қолайсыз немесе қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндіктерін белгілесе, солардың 11,6%-ы қолайсыз температуралық режимде жұмыс істейтінін, 11,5%-ы қауіпті механизмдермен жұмыс істейтінін, 16,7%-ы жүйке жүйесіне жоғары жүктеме сезінетінін, 17,4%-ы далада жұмыс істейтінін, 25,8%-ы ауыр жұмыс істейтінін көрсеткен.

2017 жылы қолайсыз немесе қауіпті жұмыс мамандық иелерінің саны жалпы көрсеткіштің 10,7%-ын құраған екен. Яғни бұл мәселеде мемлекеттік саясат өз міндетін атқара алмай отыр деуге негіз бар. Жалғыз үміт, бірер жыл бұрынғы зейнетақы реформасында. Жаңа заңнама бойынша, осындай қауіпті жұмыс істейтін әйелдерді өзгелерден ерте зейнетке шығару туралы баптың болғаны анық. Дәл қазір бұл статистикада көрінбегенімен, алдағы жылдары осы көрсеткішті жақсартуға септігін тигізіп қалуы мүмкін.

Қорыта айтар болсақ, Қазақстанда жұмыскерлерге әлі де болса қолайлы жағдай жасалып отыр деуге болмайды. Басты мәселелер ретінде ауыр еңбек жағдайы, артық жұмыс істеу мен әлеуметтік қолдауға толық ие болмау күн тәртібінен түспей отыр. Ал мұны шешетін бірден бір тарап кәсіподақтар десек, жұмыскерлердің тең жартысының өзі сол кәсіподақтарға мүше емес болып шықты.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу