Өзін өзі жұмыспен қамтушылардың табысы тым төмен

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2687

Жұмыссыз азаматтар шағын кәсіпкерлікпен айналыспай, жалданып жүр.

Өзін өзі жұмыспен қамтушылардың табысы тым төмен

Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, үйде отырып ақша табатындардың табысының басым бөлігі жалдамалы жұмысқа тиесілі екен.

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, 2018 жылдың үшінші тоқсанындағы көрсеткіш бойынша үй шаруашылықтарының ақшалай табысы бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 8,3%-ға ұлғайып, 545,3 мың теңгеге жетті. Осы аралықта инфляцияның 6% болғанын ескерсек, табыстың нақты өсімі -2,3%.

Ал өткен жылдың екінші тоқсанында үй шаруасындағы азаматтардың табысы 4,2%-ға артып, сатып алу қабілеті 3,7%-ға өскен болатын.

Айта кетейік, 2013 жылы үй шаруасындағы азаматтардың табысы 377,9 мың теңгені құраған. Сол уақыттан бері көрсеткіш 2015 жылғы болмашы 4,6%-дық өсімді санамағанда жылына 7-9% аралығында ұлғайып отырды. Ең жоғарғы қарқын 2017 жылы байқалды. Ол жылы көрсеткіш 8,9%-ға көбейген екен.

Үйде отырып ақша табатын азаматтардың табысының негізгі бөлігі, яғни 403,3 мың теңгесі жұмыс істеуден екен. Көрсеткіштің жылдық өсімі 5,8%. Соның ішінде өзін өзі жұмыспен қамтушылар мен кәсіпкерліктен түскен табыс жалпы табыстың 15,3%-ын құрайды. Қалған 84,7%-ы жалдамалы жұмысқа тиесілі.

Табыс көлемі жағынан екінші орында зейнетақы (102,7 мың теңге) тұр. Бұл жалпы табыстың 18,8%-ы. Зейнетақы көрсеткішінің жылдық өсімі бұл тұрғыда 21,5%-ға көбейіп отыр.

Алимент пен туыс-таныстардан материалдық көмек 1,7% азайып, бір жылда 15,3 мың теңгені құрады.

Өңірлер арасында үйде отырып ақша табатындардың ішінде ең көп табыс табатын Маңғыстау облысы (796,5 мың теңге), Астана (741,5 мың теңге) мен Атырау облысы (622,7 мың теңге) тұрғындары екен.

Ал ең аз көрсеткіш Шымкент, Жамбыл мен СҚО облыстарында тиісінше 406,5 мың теңге, 443,1 мың теңге және 458,8 мың теңге.

Өсім қарқыны жағынан көшбасшы өңірлер - Атырау облысы (13,2%), Қостанай облысы (13,1%), Павлодар облысы (12,5%), Қызылорда облысы (12,4%) және БҚО (12,2%).  Ал ең төменгі қарқын Алматы қаласы (2,4%) болса, Ақтөбе облысында тіпті көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан мүлде өзгеріссіз қалған екен.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап минималды жалақы 1,5 есеге артып, 42,5 мың теңгеге жеткен. Осының нәтижесінде 1,3 мың азаматтың жалақысы артып отыр. Сонымен қатар 6 млн жалдамалы жұмысшының жеке табыс салығының азаюынан олардың айлық кірісі орта есеппен 15 мың теңгеге ұлғайып отыр. Бұлардан бөлек бюджеттік қызметкерлердің де жалақысының аздап өскені анық.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу