Жаппай декларациялаудың шегерілуінің себептері анықталды

3942

Үкіметтің жаппай декларациялауды бес жыл кейінге ысыруының шын себептері белгілі болды.

Жаппай декларациялаудың шегерілуінің себептері анықталды

Біріншіден, табыс пен шығыс декларациясын жаппай тапсыру тек Қазақстанның барлық елді мекендеріне интернет келгеннен кейін басталмақ.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Талғат Мамаевтың айтуынша, қазақстандықтардың шамамен 80%-дайының салық органдарының қалың нөпір халықтан ұдайы арылмайтын бөлімшелеріне бармай, декларацияны электронды түрде тапсырғылары келетіні мәлім болған.

Ал кең жолақты жылдам интернеттің ұлан-байтақ еліміздің үлкен бөлігіне әлі жетпегені жасырын емес. Бұл білім және ғылым министрлігі – мектептерде электронды күнделікті, ал денсаулық сақтау министрлігі – электронды денсаулық паспортын енгізгенде белгілі болды. Соның салдарынан қазіргі кезде ауыл-кенттердегі мұғалімдер – электронды күнделікке оқушылардың бағаларын түсіру үшін, ал дәрігерлер – ақпараттық жүйелерге науқастар туралы мәліметтерді енгізу үшін ұшқыр ғаламторы бар аудан-қалаларға сапарлап жүруге мәжбүр.

"Декларациялау алдымен пилоттық режимде Қарағанды облысының Осакаров ауданында сынақтан өткізілген болатын. Соның барысында бірқатар проблемаларға жолықтық. Нақтырақ тоқталсақ, алдымен біз пилот барысында халық арасында бірнеше мәселе бойынша сұрау салдық. Жұртшылықтан декларацияны қандай нысанда тапсырғысы келетіндерін сұрастырдық. Халықтың 78%-ы электронды түрде тапсыруға тілек білдірді. Олар ХҚКО-ларға және мемлекеттік кірістер басқармасына барғылары келмейді. Алайда мұны жүзеге асыру үшін біз Қазақстан аумағын интернетпен қамтуда проблема барлығын байқадық", – дейді Талғат Мамаев.

Тиісінше, оның байламынша, декларация келесі жылы енгізілер болса, әлгі 78% қазақстандықтың біразы өз таңдауын жүзеге асыруда қиындыққа кезікпек. Одан қоғамда наразылық пен әлеуметтік кернеу туындауы ғажап емес.

Айтқандай, үкіметтің жоспары бойынша тек 2022 жылға қарай Қазақстанның елді мекендерінің 83%-ына дейінгісі ғана кең жолақты интернетпен қамтылмақ.

Ел аумағын толық қамтамасыз ету 2025 жылға қалдырылды.

Ал әзірше сынақ жүргізілген астана іргесіндегі облыстың өзінде көптеген аудан тұрғындары декларацияны электронды түрде тапсыра алмаған.

Екіншіден, декларацияның мазмұны жөнінде халық арасында жеткілікті түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілмегені де аңғарылған. Осакаровтықтардың көбі декларацияда мемлекеттің өзінен нені талап етіп отырғанын түсінбеген. Ал олардың әрқайсысына түсіндіріп тұруға

мамандар жетіспейді. Соның кесірінен, егер табыс пен шығысты жариялау ел көлемінде жаппай енгізілсе, ел тарихында болмаған кезектер туындап, жиналған қалың нөпір халық арасында дүрбелең туындауы да ықтимал.

Осындай дүрлігіс тұрғындарды уақытша тіркеу енгізілгенде болғаны есте. Бірақ онда Қазақстан көлемінде жүрген науқан тек көшіп-қонған, тұрғылықты жерінен өзге елді мекенге, не өңірге барған қазақстандықтарды ғана қамтыды. Ал табыс пен шығыс декларациясын тапсыру барлық азаматты қамтымақ. Демек, дүрбелең ауқымы мен қарқыны ондаған есе көп болып, алапат сипат алатын көрінеді. Сарапшылардың бағалауынша, салық органдары оны еңсеруге әзірге қауқарсыз.

"Пилоттық ауданда есептілікті тапсыру кезінде біз бір мәселеге маңдай соқтық: халықтың көпшілігі декларацияны өз бетінше толтыра алмады. Яғни, алдымен ауыл халқының қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі бар", – деді мемкірістер органы басшысының орынбасары міндетін атқарушы.

Жалпы, ауыл-аймақта адамдардың тапқан табысы мен жалақысы бір айлық күнкөріске жетпейтіндіктен олар бір-бірінен қарыз алады. Артынша онысын ұмытып кететіндері де жетерлік. Ал мемлекет халықтан оны жыл бойы ұмытпай, жыл қорытындысы бойынша кімге қанша берешек екенін, немесе кімнен қанша борыш алғанын үкіметке жариялауды талап етеді. Әйтпесе, ұмытшақтар жазаланады. Халықтың қаржылық сауатын ашпай, бірден жазаға кірісу тағы да әлеуметтік кернеуге соқтырмақ.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары - қаржы министрі Әлихан Смайылов та Қарағанды облысының Осакаров ауданында пилоттық жобаға қатысқан халықтың 80%-ының өз табыстары мен шығыстарын декларациялау рәсіміне көзқарастары теріс екенін мойындады. Өйткені жұртшылық ол құжаттарды қалай толтыру керектігін түсінбеген.

Сондықтан жедел түрде қолданыстағы салық кодексіне өзгерістер енгізіліп, салық декларациясы жеңілдетілді. Нәтижесінде, ол құжат 15 беттен 2 бетке дейін азайтылған.

"Үшінші мәселе деректер базаларын өзара салғастырғанда туындады. Себебі, салыстыру кезінде біз азаматтардың қолында бар мүлік пен ол туралы базадағы мәліметтер өзара үйлеспейтінін көрдік. Яғни, деректер ескіріп қалған. Біз бұдан бұрын да мәліметтерді өзектілендіру бойынша жұмыс жүргізгенбіз. Бірақ жеке тұлғалардың өздерінің қатысуын қажет ететін, онсыз түзетілмейтін мәліметтер қалуда. Осы проблемалардың барлығы қосымша уақытты қажет етеді. Бұл оларды түзету, жаппай декларациялау процесін халық үшін шын мәнінде тиімді ету үшін керек", – дейді Талғат Мамаев.

Қазақстанда жалпыхалықтық декларациялауды келесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастар енгізу көзделген. Тиісті заң да қабылданды.

Алайда таяуда Қаржы министрлігі бұл науқанды кейінге қалдыру туралы үкімет ұсыныс енгізді. Бұл ретте жалғыз Осакаровпен шектелмей, басқа да өңірлерде пилоттық сынақтар өткізілмек.

Осыған байланысты заңнамалық базаны, ақпараттық жүйелерді дайындау, уәкілетті органдардың деректер базасын өзектендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, жалпыға бірдей декларация тапсыру кезең-кезеңімен енгізілмек.

Бірінші кезеңде, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары декларация тапсыруды бастау ұсынылады.

Екінші кезеңде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері (оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т.б. салаларды қоса алғанда) және олардың жұбайлары.

Үшінші кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары.

Төртінші кезеңде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, халықтың барлық санаттары.

Республикалық кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының бас директоры Дмитрий Казанцев пікірінше, 13 миллион қазақстандықтан құжат қабылдауға салық органдары дайын болмай шығуы ықтимал.

"Халыққа, кәсіпкерлерге қағаз күйде тапсырмауға, кеңес-консалтингтік компаниялардың немесе таныс бухгалтерлердің қызметтеріне жүгінбеуге кеңес берер едім. Өйткені есепте құпия ақпараттар көп болады. Азаматтар барлығын өз бетінше толтырып, тапсыруы маңызды. Ал бұл үшін халықтың, тіпті бизнесмендердің қаржылық сауаттылығын арттыру маңызды. Электронды күйде есеп Egov-тағы салық төлеушілер кабинеті арқылы тапсырылады", – дейді ол.

Finex-Audit консалтинг агенттігінің директоры Сәкен Қарин үкімет әртүрлі министрліктер мен ведомстволардың деректер базаларын өзара кіріктіруді сол бойы аяқтамағанын, оларды өзектілендіру де лайықты деңгейде жүргізілмегенін айтады.

"Әрбір декларацияны тапсырылғаннан кейін бес жыл бойы сақтап, тексереді. Осынша ұзақ уақыт сақталуы көптеген базалардың өзара жеткілікті түрде үйлестірілмеуінен болып отыр. Тапсырылған мәліметтердің шынайылығын тексеру үшін, мәселен, жеке тұлғада жер учаскесінің бар-жоқтығын нақтылау үшін салық органдарының мамандары әкімдіктерге, жер қатынастары департаменттеріне, әділет органдарына және басқаларына сұрау салады. Нәтижесінде, басыартық сергелдең, қағазбастылық көбейеді, қаншама уақыт жұмсалады. Мемкірістер органдары қызметкерлері осы проблемаларын түсінеді. Бұл олардың реформаға дайын еместігін білдіреді", – дейді Сәкен Қарин.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу