Ресейлік цирктер Қазақстанда әр қойылымнан 10 миллион теңге табады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2578

Отандық цирк бизнесі дағдарысты бастан кешуде.

Ресейлік цирктер Қазақстанда әр қойылымнан 10 миллион теңге табады

Ал ел қаржысына тұрғызылған алып цирк ғимараттарының қызығын гастролмен келетін шетелдік, негізінен ресейлік цирктер көріп, пайда табуда. Сарапшылар отандық бұл нарықтың басыбайлы дерлік жатжұрттық импортқа тәуелді болып отырғанына алаңдайды.

"Қазақстанның мәдени саясатының тұжырымдамасында" цирк саласын "бизнес-бастамалар үшін инвестициялық тартымды салаға айналдыру", нәтижесінде, цирк өнерін "экономикалық тұрғыдан табысты-рентабельді деңгейге шығару" көзделген. Осы мақсатта елімізде алты "шығармашылық кластер" қатарында "Театр, музыка, хореография және цирк өнері" кластерін құру көзделген.

Осы мемлекеттік құжаттың қабылданғанына бес жылдай уақыт өтті. Алайда бұл сектордың кәсіпкерлер мен инвесторларға тартымды бизнеске айналғаны шамалы.

"Негізі, цирк – әртістер үшін де, қожайындар мен дирекциялары үшін де аса табысты бизнес. Мәселен, ресейлік цирктер өздерінде бір қойылым арқасында 1 миллион рубльдей кіріс табады. Қазақстанға гастролі нәтижесінде табатыны бұдан екі еседей көп. Мәселен, қазір елордаға ресейлік "Инди-ра" циркі келуде, ал астаналық цирк 2 мың орынға есептелген. "Росгосцирктің" ұйымдастыруымен өтіп отырған бұл қойылымның орташа бағасы 5 мың теңге және одан жоғары. Демек, олардың әрбір қойылымнан табатыны орташа алғанда 10 миллион теңгеден аспақ. Айтқандай, ұйымдастырушылар қойылымдарға билеттер сатылып біткенін хабарлауда. Реквизитке, жалақыға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тасымалдауға, қоймалауға, жануарлар мен аңдарды ұстап тұруға, азық-жеміне және басқасына елеулі шығын жұмсалатынына қарамастан, қазақстандық гастрольдер ресейліктерге қыруар табыс әкеледі. Ал біздің клоундар тек солардың өнер көрсетулері арасындағы үзілістерін толтыруға, сахна жаргонымен айтқанда, "разогревте" жүруге жарайды", – дейді ойын-сауық саласына маманданған кәсіпкер Айбар Ғалиев.

Оның ақпарынша, мәскеулік циркачтардың жалақысы 150 мың рубльден (біздіңше, 870 мың теңгеден) басталатын көрінеді.

Бірақ Екатеринбург, Нижний Новгород, Қазан, Самара, Челябі, Омбы, Ростов-на-Дону, Уфа, Краснояр, Пермь, Волгоград, Воронеж секілді қалалардың цирктерін қоса алғанда, Ресейде бұл өнер қызметкерлерінің жалақысы 77 мың рубльді құрайтын көрінеді.

Ал Қазақстанда цирк әртістерінің ең төменгі жалақысы 56 мың теңге болса, ал жоғарғысы – 277 мың теңгеге жетеді екен. Орташа жалақы – 140 мың теңге көлемінде.

Отандық осы сала мамандары жалақының төмендігіне цирк еңбеккерлерінде жоғары білімнің жоқтығы себеп деген ойда. Өйткені оларға жалақы бюджеттен төленеді. Тиісінше, жоғарғы білімі жоқ мамандарға төмен ставка белгіленеді. Сондықтан Астана мәслихатының депутаты Сергей Солодовников пен "Астаналық цирк" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының бас директоры Ерік Жолжақсынов сенаторларға өтінішпен жүгінген.

Олардың өтінішін негізге ала отырып, сенат депутаты Еділ Мамытбеков үкіметке депутаттық сауал жолдап, Қазақстандағы жоғарғы білім жүйесіне "Цирк өнері" мамандығы бойынша оқытуды қосуды талап етті.

Бүгінде елімізде цирк мамандарын Алматыдағы мемлекеттік "Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі" дайындайды. Бірақ оны бітірген түлектер "арнайы орта білім" алып шығады. Ал сенаторларға шағымданушылар цирк кадрларын университеттерде оқытып, жаппай "жоғары білімді" маман әзірлеуді сұрайды.

Айтқандай, дәл осы мәселе бойынша Еділ Мамытбеков бұған дейін бұрынғы вице-премьер Ерболат Досаевқа хат жазған екен. Ол хатында жоғарғы палата депутаты 2019 жылдан бастап, "Цирк өнері" жанрын "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының аталымдары қатарына қосуды және цирк әртістері үшін "Цирк өнері" мамандығын жоғары білім жүйесіне қосуды сұрапты. Сенатор бұл хатында көтерілген мәселелерді экс-үкімет басшысының орынбасары "мәдениет және спорт министрлігінің жауабына сүйеніп, формальды, атүсті қарағанына" қынжылады. Сол себепті, бұл өтінішін депутаттық сауал түрінде рәсімдеп, күні кеше үкіметке бағыттады. Оны алда жаңа үкімет басшысы қарап, жауабын беруге міндетті.

Бұл ретте "Дарын" сыйлығын тағайындау мәселесі – қоғамдық даму министрлігінің, ал цирк мамандарын даярлау білім және ғылым, мәдениет және спорт министрліктерінің құзырына кіретіні мәлім. Дегенмен, сарапшылар жуырда жаңа үкіметтің құрылымы өзгеріп, министрліктер атаулары басқаша аталуы мүмкін деп болжауда.

"Меніңше, "Дарын" сыйлығының аталымдары тізімін кеңейту үшін 2019 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша қаражаттар табуға болады. Ал "Цирк өнері" мамандығы бойынша жоғарғы оқу орындарына талапкерлер қабылдау мәселесін 2019 жылы шешуге мүмкіндік бар. Өйткені университеттерге мамандар даярлау үшін бөлінетін гранттар әлі бекітілген жоқ", – дейді Еділ Мамытбеков.

Сарапшылар Қазақстанда осы сала бойынша бір ЖОО жоғары білімді кадр даярлауға кіріскенін еске салады. Рас, ол тек бір мамандық түрін ғана игерген. Атап айтқанда, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы "Цирк режиссурасы" мамандығы бойынша 2017 жылы екінші рет түлектерін шығарды. Бірақ Ерік Жолжақсынов түлектері санаулы бұл тар мамандық саладағы кадр тапшылығы мәселесін шешпейтінін айтады. Олар цирк саласының барлық мамандары жоғары білім алуға мүмкіндігі болуға тиіс деген пікірде.

"Жоғарғы цирк білімінің жоқтығы цирк әртістерінің жалақысына кері әсер етуде. Цирк әртістерін даярлау үшін жоғары білімді енгізу цирк әртістерінің мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуын елеулі көтерер еді", – дейді сенатор Еділ Мамытбеков.

Әлемдік экономика және саясат институты (ИМЭП деген атпен белгілі) ұйымдастырған дөңгелек үстелде де осы тақырып сөз болған еді.

"Жалпы алғанда, елімізде цирк өнері ауыр жағдайда. Мен ешкімді де айыптағым келмейді. Бірақ біздің цирк ештеңені де өзгерткісі келмейді. Отандық цирк қалпымен мемлекеттік дотацияда масыл болып отыр. Біздегі цирк күні бүгінге дейін қарызға батып жүр. Бұл тұйықтан шығар бір жол бар: алматылық зоопарк секілді циркті де жекешелендіру, бизнестің қолына, жеке инвесторға беру, сенімді басқаруға тапсыру қажет. Сонда жағдай өзгеріп сала береді. Мұны әрине, үкіметтің өзі қалауы керек. Цирк ақша әкеле алатын сала", – деді талқылауға қатысқан цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов. 

Елімізде Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкентте 4 стационарлы цирк бар.

Соған қарамастан, әзірге, қазақстандық көрермендер негізінен жатжұрттық цирк ұжымдарының өнеріне қол соғуға мәжбүр.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу