Санитарлық-эпидемиологиялық талапты сақтамаған 15 кәсіпорын жабылды

5422

Елорда да 3 мыңға жуық бизнес субъектісі жұмыс істеп жатыр.  

Санитарлық-эпидемиологиялық талапты сақтамаған 15 кәсіпорын жабылды   Фото: Максим Морозов

Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның 20 сәуірде қабылдаған шешіміне сәйкес, карантин кезіндегі шектеулердің алынуына байланысты Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылыс және жол-құрылыс салаларының компанияларына, ірі құрылыс дүкендеріне, көлік, қоймалау салаларындағы ұйымдарға, ауыл шаруашылығы мақсатындағы сервистік компанияларға, автосалондарға, көлікке техникалық қызмет көрсету станцияларына, авто жуу, дөңгелек ауыстыру сервистеріне, автобөлшек дүкендеріне, химиялық тазалау, кеңсе техникасын жөндеумен айналысатын компанияларға, екінші деңгейлі банктерге сағат 9:00-ден 16:00-ге дейін штат санының 50%-ын шектеумен, нотаруистерге алдын ала жазылу бойынша және қоғамдық тамақтану нысандарына тамақты жеткізіп беру қызметін іске қосу арқылы 
сағат 22:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді. Барлық бизнес субъектілері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мен жұмыс істеу алгоритмінің бекітілген талаптары мен шарттарын бұлжытпай орындауға міндеттелді. 
Карантин жағдайында жұмыс қалай жүріп жатыр, кәсіпкерлер міндеттерін мінсіз атқарып отыр ма, бизнес субъектілеріне мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде деген мәселелерді Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының өкілдері онлайн талқылады. 

Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Бейсен Жолболдиевтің сөзінше, бизнес субъектілері карантин кезінде жұмыс істеу тәртібін тиісінше сақтап отыр. 

"Құрылыс саласының өкілдеріне тәулігіне 24 сағат жұмыс істеуге рұқсат берілді. Қалған кәсіпорындар таңғы сағат 9-дан кешкі 18:00 - ге дейінгі жұмыс кестесін сақтауға тиіс. Жұмыс берушілер қызметкерлеріне орталықтандырылған тасымалдау жүйесін қалыптастырып, қызметтік автобус бөлуі керек", – деді директордың орынбасары.

Бейсен Жолболдиевтің айтуынша, көктемгі дала жұмыстарының басталуына байланысты ауыл шаруашылығы өкілдерінің карантин аймағында кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін электронды рұқсатнама беретін AgroRuqsat сервисі іске қосылған. 
"Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер цифрлы құжат алуда белсенділік танытып жатыр. Құжатқа ие болған шаруалар бақылау бекеттерінен кедергісіз өтеді", – деді ол. 

Карантин кезінде жұмыс істеу тәртібін бұзған бизнес субъектілері де бар екен. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының заңгерлік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуанышбек Мұқаш мәлімдеді. 

Оны дерегінше, елорда да 3 мыңға жуық бизнес субъектісі жұмыс істеп жатыр. 

"Карантин кезінде қызметіне кіріскен бизнес субъектілеріне бірқатар талап қойылды және талапты орындамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны алдын ала ескертілді. Бүгінге дейін санитарлық-эпидемиологиялық талапты сақтамаған 15 кәсіпорын жабылды. Біз барлық кәсіпкерлерді Мемлекет басшысының сенімін ақтауға шақырамыз. Ел билігі кәсіпкерлерді дағдарыстан шығару үшін тәуекелге бел буды. Осы арқылы карантин кезінде жұмыс істеуге рұқсат берді. Бизнес әлеуметтік жауапкершілігін ұмытпауы керек. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу ерекше назарға алыну қажет", – деді Қуанышбек Мұқаш.

Ол авто жуу, дөңгелек ауыстыру сервистері сақтық шараларын сақтауға ерекше мән беруге тиіс екенін айтты. 

"Бізге қызмет көрсету сервистерінде ұзын-сонар кезек пайда болып жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. Мұндайға жол беруге болмайды. Карантин кезіндегі талапты орындамаған бизнес субъектілерінің кәсібі тоқтатылады", – деді кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.

Қуанышбек Мұқаштың мәлімдеуінше, мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындары жұмыс істеп жатқанмен, көпшілікке бұл жерлерге баруға болмайды. 
"Тұтынушылар қалаған тамақты тапсырыспен ғана ала алады", – деді ол. 

Онлайн талқылауда Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айболат Есентеміров бүгінге дейін елорданың 240 мыңнан астам тұрғынына 42 500 теңге көлеміндегі 
әлеуметтік көмек тағайындалғанын мәлімдеді. 

"Әлеуметтік жәрдемақы алуға қатысты 11 мың өтініш "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған жедел штабта қаралды. Іс барысында 6 мыңға жуық қате толтырылған өтініш жөндеу үшін кері қайтарылды", – деді Айболат Есентеміров.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу