Төтенше жағдай тамақ жеткізу бизнесін де тығырыққа тіреді

Сұраныс болса да тағам дайындап жеткізушілердің көбі жабылған, қалғаны көмек сұрауда. 

Төтенше жағдай  тамақ жеткізу бизнесін де тығырыққа тіреді

Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы үйге тамақ жеткізу қызметіне сұраныс артты. Оның негізгі себебі - Алматы мен Нұр-Сұлтан мейрамханаларының  40%-ы жұмысын тоқтатты. Сондықтан халық осы қызмет түрінің көмегіне жүгіне бастады. Мәселен Chocofood.kz директоры Николай Щербак БАҚ-қа берген сұхбатында биылғы жылдың наурызында ақпан айымен салыстырғанда жеткізу қызметін пайдаланатындар саны 23,5%-ға артқанын айтты. Оның ішінде Нұр-Сұлтанда көрсеткіш 51%, Қарағандыда 56%, Шымкентте 35%, Ақтауда 41%-ға жоғарылаған. Алайда жеткізуге сұраныс артқанымен, тамақтандыру саласында жұмысын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер аз.

Дұрыс тамақтану қызметінің жай-күйі

Қазір бизнесін дөңгелетіп отырғандардың бірі – Нұрлан Тахмазов. Ол "дұрыс тамақтану" тәртібі бойынша каллориясы есептелген, денсаулыққа пайдалы бір күндік ас мәзірін жеткізумен айналысады. Кәсіпкер карантин кезде онлайн тапсырыс беру қызметіне сұраныс артқанын айтады.

"Біз қаңтар, ақпан айларында күніне орташа есеппен күніне 6 тапсырыс орындайтынбыз. Жыл басында екі ай бойы шығынға ұшырадық. Ал қазір күніне 14 тапсырыс орындаймыз. Бұған себеп - біріншіден, наурыз айынан бастап онлайн тапсырыс беру қызметіне сұраныс артты. Екіншіден, біз компаниямызға маркетинг, жарнама жағынан көбірек қаржы салғанымыздан болуы мүмкін. Қазір адамдар үйде отырғандықтан тамақ тек ас емес, уақыт өткізу мен көңіл көтерудің бір түрі сияқты", – дейді ол.

Алайда кәсіпкер карантин басталған кезде бірқатар кедергі туындағанын айтады. Мысалы, төтенше жағдай жарияланған алғашқы күндері полиция бірнеше рет тоқтатып, мүлдем жүруге болмайтынын, кейбірі сағат 19:00-ден кейін қала бойынша қозғалыс шектелгенін ескерткен.

"Бастапқыда бірізді талаптар болмады. Тек бертін келе ғана нақты құжаттар, қалада жүру бойынша ортақ база, жұмыс уақыты бойынша нақты ережелер айтылды. Сонымен қатар менің қосымша студенттерге тамақ әзірлеу бойынша бизнесім болған. Карантин жарияланған күні біз асханамызға кіре алмай қалдық. Бұл ретте маған "Атамекен" ҰКП көмектесті. Палата жұмысы нәтижесінде карантин уақытында кеңсе жалдау ақысын төлеу тоқтатылды", – дейді кәсіпкер.

Еліміздегі дұрыс тамақтану бойынша қызмет көрсететін компаниялардың көпшілігі өзге де тамақ түрлерін жеткізумен қатар айналысады. Бірі қосымша компаниялар мен кеңселерге түскі ас алып келсе, бірі студенттік асханаларға тағам ұсынады. Алайда карантин кезінде кәсіпкерлердің қосалқы бизнестері тұралап тұр. Жалпы тамақ жеткізуге сұраныс көбейгенімен, төтенше жағдай талаптарына шыдамағандар көп. Сондықтан бұл бағыттағы компаниялардың басым бөлігі кәсіптерін тоқтатуға мәжбүр болған. inbusiness.kz  мониторинг жасаған  Алматыдағы 10 тағам жеткізу қызметінің 7-еуі кәсібін уақытша тоқтатқан. Олардың желідегі парақшаларында:

"Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты уақытша қызметімізді тоқтатамыз. Жұмысымыз қашан жанданатыны туралы алдағы уақытта хабарлаймыз"  деген хабарландыру тұр.

"B2B" бойынша жұмыс істейтіндер шығынға ұшырауда

Алматылық кәсіпкер Әділет Бағдат төтенше жағдайдың салдарынан шамамен 4-5 млн теңге шығын шеккенін айтады. Оның компаниясы "Business to business" жүйесі бойынша жұмыс істейді. Яғни кәсіпкер өзге компанияларға, әуежайлардағы және бизнес орталықтарындағы  кофейняларға тамақ жеткізумен айналысады.

"Барлық кәсіпкерлік нысан жабылғандықтан біздің бизнесіміз де тоқтады. Сонымен қатар ірі бизнес орталықтарында 3 кофеханамыз бар. Олар да жабық тұр. Алайда жалға алу ақысын төлеуге мәжбүрміз. Бұл жұмыс істемей, табыс таппай отырып шығынға бату", – дейді кәсіпкер.

Сондықтан ол мемлекеттен кепілсіз несие беруді сұрайды.

"Қазіргі кезде кепілге мүлік қойып кез-келген екінші деңгейлі банктен несие алуға болады. Ал біз 10-15 млн теңге төңірегінде кепілсіз несие берсе дейміз. Бұдан бөлек "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасына форс-мажор сертификатын алуға өтініш тапсырдық. Ол да карантиннен кейін жұмысымызды жолға қоюға әсер етеді деп үміттенеміз", – дейді кәсіпкер.

Тамақтану бизнесі тұралады

Кәсіпкерлердің айтуынша,  жалпы тамақты жеткізу қызметіне сұраныс артқаны болмаса, салада алға жылжу жоқ.  Дұрыс тамақтану мен асханалардан, ірі мейрамханаларға дейін карантин сынақ болып тұрғанын айтады. Жұмыс істеу уақыты шектеулі, адамдарды үйінен жұмысқа, жұмыстан үйге жеткізу мен азық-түлік алу да қиындық тудыруда. Тағамға қажетті қоспаларды жеткізушілердің көпшілігі жабық, сондықтан тамақ дайындаушылар дүкен шарлап, "квестке қатысуға" мәжбүр. Көпшілігінің бағасы шарықтап кеткен. Мысалы зімбірдің бағасы аспандап тұр. "Алматыда келісін 5 мыңға тапсақ қуанамыз", – дейді кәсіпкерлер.

Бұл тамақ бағасының өсуіне себеп. Ал жеке жеткізу қызметі жоқ мейрамханалар, табысының 30%-ын курьер қызметіне беруге мәжбүр.  Ал "дұрыс тамақтануды" ұйымдастырушылардың тапсырыс берушілері кеңсе қызметкерлері мен жұмысбасты адамдар.  Демек олар да үйден тамақтанады.

Бұл қиындықтардың барлығы алматылық рестораторларды қауымдастық құрып, үкіметтен көмек сұрауға мәжбүрлеген. Олар салықты төмендетіп, займ, субсидия берсе, қарызды қайта қаржыландырса деген ұсыныстар айтуда. Тамақтану саласындағы кәсіпкерлердің мүшкіл халін түрлі деректер де айғақтайды. Hh.kz мәліметінше, карантин кезінде мамандарға сұраныс төмендеген фитнес-зал, сән салоны, ойын-сауық орталығымен қатар тамақтану саласы да бар.  "Туризм, қонақ үй, мейрамхана" саласы карантинге дейін мамандарға сұраныс бойынша көшбасшы болса, қазір бірден құлдырай бастаған.

Жеткізу қызметі көлеңкелі бизнестің алдын алады

"Атамекен" ҰКП Сауда және шағын бизнесті дамыту департаментінің сарапшысы Дәурен Ауталипов үйге тапсырыс беру қызметі онлайн сауданың дамуына әсер ететінін айтады. Елімізде 2025 жылға дейін онлайн төлемдер көлемін 5%-ға жеткізу көзделген. Сарапшы мұндай қарқынмен алдағы бес жылда 5%-дық межеден асып кетуіміз мүмкін деп отыр. Бұл өз кезегінде көлеңкелі бизнестің алдын алып, қаржы айналымының ашықтығын қамтамасыз етеді.

"Карантин онлайн сауданы дамытуға мүмкіндік берді. Бастапқыда интернет арқылы зат немесе қызмет алу көлемін жалпы сауда көрсеткіштері бойынша 5%-ға жеткізу көзделген. Қазіргі кезде бұл бағыттағы қарқынымыз жаман емес. Әйтсе де, жеткізу жағынан мәселелер көп. Ол әр аймақтың жергілікті ережелеріне байланысты. Мысалы, кей өңірде тек дәрілер мен азық-түлікке басымдық берілген. Сондықтан бұл тізімді үкіметке кеңейтуді ұсындық", – дейді сарапшы.

ШОБ-тың мұңы ортақ

Тамақтану саласындағы субъектлердің басым бөлігі – шағын және орта бизнес. Оларда бар мәселе ШОБ-тың барлық саласына тән. Республикалық кәсіпкерлерге көмек көрсету орталығының басшысы Дмитрий Казанцев микро-шағын бизнес субъектілерінің 30%-ы карантиннен кейін ашылмайтынын айтады. Орталықтың болжамы бойынша бұл көрсеткіш шамамен 300 мың кәсіпкер, 1,5 млн жұмыс орнынын қамтиды. Сондықтан ол бизнес иелерін қолдау үшін арнайы ұсыныстар әзірлеген.

"Біздің ұсыныстарымыз кәсіп түріне қарамастан бизнес иелерін жалақы қорына салық төлеуден босату, жарты жылға жалға алу ақысын төлеуге субсидия бөлу, бизнестің барлық санаттарын меншік салығынан босату", – деді Дмитрий Казанцев.

Сонымен қатар орталық басшысы микро-шағын бизнесті несиелеу мәселесін көтерді. Оның пікірінше бұл саланы қаржыландыру деңгейін көтеру керек.

"Несиелеу мәселесіне келгенде біз микро-шағын бизнеске қаржы жетпейтінін байқаймыз. Мәселен мемлекет ұсынып отырған бағдарлама бойынша кәсіпкерлер жылына 8%-бен несие ала алады. Алайда берілетін ең төменгі сома 50 млн теңге. Біз барлық кәсіпкерге ондай қомақты қаржы қажет емес екенін жақсы түсінеміз. Айналымдағы ақшаны толықтыру немесе жалға алу ақысын төлеу үшін біріне 2-3 млн теңге, басқасына 5 млн теңге ғана қажет болуы мүмкін. Мемлекет микро-шағын кәсіпкерлерге төмен пайызбен аз көлемде кепілсіз несие бергенде ғана шынайы көмек көрсете алады", – деді ол.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу