2 айда 5, 9 трлн теңге жұмсалуы мүмкін емес

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
17409

Қаржы министрлігі мен Президенттің штаттан тыс кеңесшісі мәселенің мән-жайын түсіндірді.  

2 айда 5, 9 трлн теңге жұмсалуы мүмкін емес

Қалың көпшілік үкіметтің коронавируспен күреске 5,9 трлн теңге жұмсағанына сенген жоқ. Бұл қалай деген сауалға жауап беру және халықтың күмәні мен күдігін сейілту үшін қаржы министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Ал Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов әлеуметтік желіде жазбаша түсінік берді.  

Министрліктің мәліметінше, дағдарыстың алдын алу мен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға бөлінген 5,9 трлн теңгенің (13 млрд доллар) 3,4 трлн теңгесі мемлекеттік бюджеттен, 2,5 трлн теңгесі бюджеттен тыс қорлардан қарастырылды.

"Жұмыспен қамтудың жол картасына" 1 трлн теңге бөлінді. Оның 300 млрд теңгесі бюджеттен, қалғаны бюджеттен тыс қорлардан тартылды. Бұл қаражат жаңа инфрақұрылым салып, 255 мың жаңа жұмыс орнын ашуға жұмсалады", – деп хабарлады қаржы министрлігі.

Белгілі болғандай, "Қарапайым заттар экономикасы" мемлекеттік бағдарламасы арқылы бөлінген 1 трлн теңгені кәсіпкерлердің айналым қаражатын көбейтуге және инвестициялық жобаларды несиелендіруге жұмсау туралы шешім шыққан.

"370 млрд теңге төтенше жағдай кезінде табысынан айрылған 4,5 млн-нан астам азаматқа 42 500 теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақы ретінде тағайындалды. Елдегі тұрғын үй құрылысының көлемін 15 млн шаршы метрге жеткізу үшін 390 млрд теңге бөлінді", – деп түсіндірді қаржы министрлігі.

Салық төлемдерінің орнын толтыру үшін 1,7 трлн теңге, экономиканың шағын және орта бизнес секторын қолдауға 237 млрд теңге бөлініпті.

313 млрд теңгені әлеуметтік төлемдерді 10% ұлғайтуға және коммуналдық төлемдерді шегеруге жұмсау көзделген көрінеді.

"Мемлекеттік бағдарламалардың ауқымын кеңейту үшін 240 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде: агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 50,  "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында еңбек нарығын дамытуға 50, "Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламасына 84,5, "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасына 55, эпидемияға қарсы күрес қызметі үшін 125, Мемлекет басшысының азаматтар мен экономиканы қолдауға бағытталған шараларына 575 млрд теңге қарастырылды", – деп нақтылады

министрлік.

Өз кезегінде Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов халық 2 айда 6 трлн теңгеге жуық ақшаның жұмсалуы мүмкін емес екенін алға тартып, қыруар қаржы "қолды" болды деп ойлап отырғанына назар аударды.

"Қаражат нақты мерзімі бар іс-шаралар кешенін жүзеге асыруға бөлінді. Оның ішінде жыл соңына дейін жалғасатын жобалар бар", – деді ол.

Олжас Құдайбергеновтің сөзінше, "Жұмыспен қамтудың жол картасына"  қарастырылған 1 трлн теңгенің 700 млрд теңгесіне әкімдіктер облигация тартады, қалған 300 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінеді. Іс барысында құрылыс пен инфрақұрылым салаларында 7 мың жоба жүзеге асырылады. Қаржы сәуір, желтоқсан айларында игеріледі.

"Шағын және орта бизнесті 6% несиелендіруге Ұлттық банк бөлген 1 трлн теңгенің шамамен 300-350 млрд теңгесі ғана үлестірілді. Бұдан бөлек республикалық бюджеттен пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 75 млрд теңге қарастырылды. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі тұрғын үй құрылысына  390 млрд теңге беретін болды. Қаражат маусым, шілде аралығында бөлінеді", – деді Президенттің штаттан тыс кеңесшісі.

Оның айтуынша, форвардтық сатып алуға 23 млрд, "ҚазАгро" арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді несиелендіруге 70 млрд теңге бағытталды. 4,5 млн-нан астам азаматқа мемлекеттік жәрдемақы тағайындауға 386 млрд теңге бөлінді. Демеу қаржының негізгі бөлігі берілді.

"Салық жеңілдігі бюджет қаражатын 237 млрд теңгеге кемітті. Медицина саласына бөлінген барлық шығын 125 млрд теңгені құрады. Зейнетақыны, жәрдемақыны, шәкіртақыны көбейтуге 244 млрд теңге бөлінді. "Еңбек", "Ауыл – ел бесігі" бағдарламаларына 105 млрд теңге қарастырылды. Болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға үкіметтің резервіне 150 млрд теңге бөлінді. Бюджеттің табыс бөлігінің шығыстарын жабу үшін Ұлттық қордан 1,7 трлн теңге қосымша трансферт жолданды. Қорғаныс, қауіпсіздік салаларына, валюта бағамын тұрақтандыруға 200-300 млрд теңге бөлінді. Жалпы алғанда 5,5 трлн теңге. Мұның сыртында қосымша шығындар бар. Барлығын қосқанда 6 трлн теңгеге жуықтайды. Кейбір сандарда қателесуім мүмкін. Себебі соңғы айларда сандарға бірқатар өзгерістер енгізілді", – деп қорытты ойын Олжас Құдайбергенов.

Естеріңізге салайық, бұған дейін "ҚазТрансГаз" АҚ басқарма төрағасының бұрынғы кеңесшісі Санжар Боқаев 5,9 трлн теңгеге 7 Бурдж Халифа ғимаратын салып, 230 Falcon 9 зымыранын ұшыруға  және Нұр-Сұлтаннан Лондонға дейін газ құбырын тартуға болатыны туралы мәлімдеме жасаған еді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу