Бақтияр Мәкен Нұр-Сұлтандағы кәсіпкерлік нысандардың жұмысы қалай жанданатынын түсіндірді

5342

Елордада COVID-19 инфекциясының таралу қарқыны 9 пайыз.

Бақтияр Мәкен Нұр-Сұлтандағы кәсіпкерлік нысандардың жұмысы қалай жанданатынын түсіндірді Фото: sputniknews.kz

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен елордадағы коронавирустық ахуал туралы ақпарат берді.

"Қалада коронавирус инфекциясымен ауырғандар арасында 9 пайыздық өсім бар. 332 адам стационарда жатыр. 214 адам емделіп шықты. Үйдегі карантинде 2576 адам бар. Өкінішке қарай, індеттен 3 адам қайтыс болды. 9 сәуірден бастап жаппай экспресс-тестер жүргізу басталды. Оны 15528 адам тапсырды. Қазіргі жағдайда 10 науқастың жағдайы тұрақты ауыр халде. Оның ішінде 5 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Қазіргі уақытта жалпы 29680 лабороториялық зерттеу жүргізілді", – деді әкімдік өкілі.

Нұр-Сұлтандағы 44 ардагерге 1 млн теңгелік өтемақы беріледі. Ал "Біз біргеміз!" акциясының аясында 50 мың теңгелік өтемақы төлеудің екінші толқыны басталды.

"Нұр-Сұлтанда "Біз біргеміз!" акциясының аясында өтемақы төлеудің екінші толқыны жүріп жатыр. Елбасының тапсырмасы бойынша осындай акция өтіп жатқанын білесіздер. Осы акция аясында 28 073 отбасы көмекпен қамтылады. 19 наурыз бен 23 сәуір аралығында әлеуметтің әлсіз тобына жататын 14 478 отбасы  Nur Otan партиясы арқылы 50 мың теңге көлемінде өтемақы алды. Партия мен бизнесмендердің күшімен, ел жағдайына бейжай қарамайтын азаматтардың атсалысуымен 11 мыңнан астам азық-түлік себеті елге таратылды. Жеңістің 75 жылдық мерекесіне орай астаналық соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне 1 млн теңгелік өтемақы төлеу басталды. Қазіргі таңда елордада 44 соғыс ардагері тұрады. Сондай-ақ, тыл еңбеккерлері мен соғыста қайтыс болған майдангерлердің әйелдері,  ҰОС ардагеріне теңестірілгендер де бір уақытта ақшалай өтемақы алады", – деді ол. 

Бақтияр Мәкен елорда іргесіндегі саяжайларға шығудың тәртібін түсіндірді.

"27 сәуірден бастап халықтың аула алаңдары мен саяжайларға шығуына рұқсат берілді. Қалада 64 саяжай серіктестігі бар. Онда 20 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Бақша учаскелерінің иелеріне карантиндік аймақтан саяжайға дейін бару үшін мына шарттарды сақтауы керек. Біз саяжайға шығатын арнайы уақытты белгіледік. Карантиндік аймақ шеңберінде таңғы сағат 6.00-ден басталып кешкі сағат 20.00-ге дейін жеке көлікпен қозғалуға рұқсат етіледі. Саяжай серіктестігінің мүшесі екенін дәлелдейтін мөрлі анықтама мен жер учаскесінің пайдалану мақсаты көрсетілген мемлекеттік акт қолында болуы керек. Жасы 65-тен асқан азаматтарға бақша учаскелеріне барудан тартыну қажет. Кәмелетке толмаған балаларға ата-ананың немесе 18-ден асқан ересек туысының жетегінсіз бақшада болуға тыйым салынады", – деді қала әкімінің орынбасары.

Елорда аулаларында серуендеген адамның жеке куәлігі қасында болуы керек. Мұнда да 3 адамдық шектеу талабы бар.

"Азаматтар аулада серуендеу үшін мына шарттар мен шектеу талаптарын сақтауы керек. Бір отбасының мүшесі болмаса, 3-тен артық адам жиналуға болмайды. Кәмелетке толмаған балаларға ата-ананың біреуінің бақылауынсыз немесе 18-ден асқан ересек туысының жетегінсіз аулада жүруіне болмайды. Аулада серуендеген азаматтар медициналық маска тағып, қолғап киіп, өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттарды алып жүруі керек. Серуен өзі тұрып жатқан үйдің ауласында ғана жүзеге асады. Ал көшеде жүруге сағат 6.00-ден 20.00-ге дейін шектеу қойылған. Оның үстіне 60-тан асқан егде жастағы адамдарға, созылмалы ауруы бар жандарға аса бір қажеттілік болмаса көшеге шығудан тартынуға кеңес береміз. Бұл санаттағы адамдардың коронавирус инфекциясын жұқтыру тәуекелі жоғары", – деді әкімдік өкілі. 

Бақтияр Мәкен  караннтиндік режимді жеңілдетудің екінші кезеңінде қаржы және консалтинг ұйымдарының қалай жұмыс істейтінін  де түсіндірді.

"Карантиндік шараларды жеңілдетудің екінші кезеңі аясында Нұр-Сұлтанда бірқатар ұйымдардың жұмысы жанданады. Біріншіден, қаржылық сақтандыру саласының екінші деңгейлі бакнтері, мироқаржылық ұйымдар, сақтандыру компаниялары жұмысын жандандыру үшін сантиарлық-экпидемологиялық талаптарды сақтауы керек. Олардың жұмыс кестесі сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін болуға тиіс. Ұйым басшылары жұмысшыларды орталықтандырылған тасымалмен қамтып, үйден жұмысқа және жұмыстан үйге жеткізуді ұйымдастыруы керек. Нысан ғимаратында оқшаулағышы бар медициналық бекет болуы міндетті. Медициналық маман әр ауысым сайын жұмысшыларды тексеріспен кіргізіп, шығарып отырады", - деген әкімдік өкілі ғимарат ішіндегі адамдардың ара қашықтығы арнайы сызықтармен реттелетінін жеткізді.

"Кассалық аймақ пен күту алаңдарында келушілер арасындағы қашықтық екі метрлік сызықтар арқылы сақталады. Карантиндік шектеулерді жеңілдетудің бірінші кезеңінде бұл жұмыстар ұйымдастырылған. Енді қаржы секторының барлық ұйымдарына бұл талап ортақ болып отыр. Риелторлық компаниялар мен жылжымайтын мүлікті бағалау жөніндегі консалтингтік қызмет агенттіктерінің жұмысына да рұқсат берілді. Бұл санатқа кіретін ұйымдар алдын ала жазылу арқылы адам қабылдауы керек. Барынша құжаттарды клиенттің үйіне жеткізу ұйымдастырылуы керек. Егер құжатты ұйым ғимаратында рәсімдеу міндетті болған жағдайда ғимарат ішіндегі клиенттер саны 2-ден аспауы керек. Клиенттер медициналық маска тағуға міндетті. Клиент пен ұйым қызметкерінің арасында 2 метр қашықтық сақталады. Персонал мен клиенттің тікелей байланысын барынша болдырмаған жөн", – деді Бақтияр Мәкен.

Ал Нұр-Сұлтан мен Алматыға ұшқысы келгендер алдын ала коронавирусқа тест тапсыруы керек. Ол үшін әуе жолаушыларын коронавирусқа тексеретін орталықтар тізімі жасалып жатыр.

"1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының арасында әуе қатынасы жанданады. Бастапқы кезеңде ұшу жиілігі күніне 4 рейс болады. Қазіргі таңда әуежайлар барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай дайындалды. 1 мамырдан бастап жұмысқа кірісуге әзір тұр. Жолаушылар ұшаққа отыру үшін коронавирусқа алдын ала тест тапсыруы керек. Бүгінде біз Денсаулық сақтау министрлігімен коронавирусқа талдау жасайтын орталықтарды пысықтадық. Жолаушылар "Олимп" желілеріне жүгіне алады. Өзгеде ұлттық орталықтарға жүгінуге болады. Бұл бойынша толыққанды ақпаратты БАҚ арқылы келешекте береміз", – деді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу