Кәсіпкерлердің көрсеткіштері көңіл көншітпейді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2743

7 өңір көш бастап, 10 өңір шаң қауып келеді.

Кәсіпкерлердің көрсеткіштері көңіл көншітпейді

Ұлттық экономика министрлігі cтатистика комитетінің мәліметінше, жыл басында елімізде ресми тіркелген 999,7 мың жеке кәсіпкер болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,6% артық. Ал 2013-2015 жылдары олардың саны миллионнан көп болған еді.

Жеке кәсіпкерлердің саны кемігенмен, олардың арасында белсенді жұмыс істеп жатқандары айтарлықтай өскен. 2019 жылғы ақпан айының қорытындысы бойынша, жұмыс істеп жүрген жеке кәсіпкерлердің саны былтырғы ақпанмен салыстырғанда 11,2% ұлғайып, 840,9 мыңды құраған.  Ал бұл жыл басындағы көрсеткіштен 3,9% артық. Мұның ішінде белсенділердің үлесі 80,9%. Былтыр дәл осы көрсеткіш 75,2% болған.

Алайда жеке кәсіпкерлердің саны тұрақты өсім көрсетіп жатыр деуге келмейді. 2018 жылы экономикадағы белсенді кәсіпкерлердің саны  8,3%-ға өскенмен, 2017 жылы бұл көрсеткіш 8,2%, ал 2016 жылы 12,5% азайған.

Статистика комитетінің мәліметінше, 2018 жылы жеке кәсіпкерлер 1,1 трлн теңгенің өнімін шығарса, 2017 жылғы көрсеткіш 1,2 трлн теңгені құраған. Яғни өнім өндіру 100 млрд теңгеге кеміген. Ал 2015-2016 жылдары шығарған өнім көлемі 1,1 трлн теңге шамасында болған.

Жеке кәсіпкерлердің жұмыспен қамтыған халық саны алдыңғы жылға қарағанда аздап өскені байқалады. 2017 жылы жеке кәсіпкерлер қарамағында жұмыс істеген халық саны 1,2 млн адамды құраса, 2018 жылы көрсеткіш 1,3 млн адамға жеткен. 2014 жылы 1,1 млн адамды құраса, 2015 жылы 1,5 млн-ға жеткен, ал 2016 жылы қайтадан 1,3 млн-ға түскен.

Жоғарыда көрсетілген статистикаға сүйенсек, жеке кәсіпкерлердің халықты жұмыспен қамтуы өскенмен, шығарған өнім көлемі азайғаны және еңбек өнімділігінің төмендегені байқалады.

Алматы қаласындағы жеке кәсіпкерлердің қарамағында жұмыс істейтін азаматтар саны бір жылда 3,1% ұлғайып, 196,4 мыңды құрады. Іс барысында 217,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 7,1% артық. Елорданың жеке кәсіпкерлері 121 мың адамды жұмыспен қамтыған.

Өндірген тауар бір жыл бұрынғыдан 10,3%-ға азайып, 129,7 млрд теңгені құрады.

Жеке кәсіпкерлер жұмыспен қамтылған халық саны ең көп өңірлер ішінде үшінші орын Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Шығыста жеке кәсіпкерлер қарамағында жұмыс істеушілер саны бір жылда 7,7% көбейіп, 113,9 мың адамға жетті. Ал өндірген өнім көлемі жағынан үшінші орында Қарағанды облысы. Орталық қазақстанда былтыр жеке кәсіпкерлердің өндірген өнім көлемі 8,2% ұлғайып 79 млрд теңгеге жеткен екен.

Жеке кәсіпкерлердің жұмыспен қамтыған адамдар саны Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары және ШҚО болса, ең қарқынды өсім көрсетіп отырған өңір елорда мен Қызылорда, Маңғыстау және Павлодар облыстары.

Ал өндірген өнім көлемі ең көп өңірлер үштігінде Алматы қаласы, елорда мен Қарағанды облысы болса, ең жоғары қарқынмен өсіп келе жатқан өңірлер Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облысы және Алматы қаласы.  

Өз кезегінде жеке кәсіпкерлердің шығарған өнімдері ең аз өңірлер қатарына Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары енген. Сонымен қатар, шығарған өнім көлемі айтарлықтай азайып кеткен өңірлер қатарында Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстары бар.

Жоғарыда көрсетілген мәліметтерге сүйене отырып, 2018 жылы жеке кәсіпкерлердің ең тиімді жұмыс істеген өңірлері ретінде Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облысын және Алматы қаласын атауға болады. Сонымен қатар Ақтөбе мен Ақмола облыстары да айтарлықтай жақсы көрсеткіштерге ие болған. Ал "минусқа" кеткен өңірлер арасында Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстары алда тұр.

Жалпы, республика бойынша жұмыспен қамтылған халық пен өндірген өнімді қоса есептегенде көрсеткіштері өскен тек 7 өңір болса, қалған 10 өңір "минуста" қалған.  

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу