Тимур Құлыбаев: Салық пен айлықты уақтылы төлеген кәсіпорындар қолдауға лайық

6337

"Атамекен" ҰКП жұмыспен қамтуға мониторинг жасайтын ситуациялық орталық құруды ұсынды.  

Тимур Құлыбаев: Салық пен айлықты уақтылы төлеген кәсіпорындар қолдауға лайық

Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен Эконономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Бейнеконференция форматында өткен жиында карантиннен шыққан кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздықты тежеу, халықтың сатып алу қабілетін көтеру, өндірісті сұранысқа қарай бейімдеу мәселелері талқыланды.

Жиында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев экономиканы қалпына келтіруді дағдарысқа дейін табысты жұмыс істеген кәсіпорындарды қолдаудан бастау керек деген ой айтты.

"Бұл жердегі басты мәселе – жұмыспен қамтуды қолдау. Ұлттық палата төтенше жағдай мен дағдарысқа дейін табысты жұмыс істеп, салықты уақытында төлеп, елді жұмыспен қамтып келген кәсіпорындарды қолдау керек деген ұстанымда. Ең әуелі осындай кәсіпорындарға көңіл бөлуді ұсынамын. Әрине, екінші деңгейлі банктердің өз міндеттері бар, реттеуші орган нұсқаған нормативтерді сақтаулары керек. Бірақ осы екінші деңгейлі банктердің қарауына кірмей қалған кәсіпорындар да бар ғой. Бұл жерде Үкіметпен, даму институттарымен бірге осы адамдарға қандай көмек көрсете аламыз дегенді ойластыру қажет. Өйткені, Әсет Өрентайұлы айтқандай, әлеуметтік сипаттағы талаптар мен әлеуметтік шиеленіс арта бермек. Бізге ақылға қонымды шешімдер қабылдау керек", - деген ұлттық палата басшысы қаржылай көмек көрсететін секторды анықтау үшін маусым аяғының қорытындыларын күтуді ұсынды.

"Менің пайымыша, осы айдың ішінде қандай каратиндік шаралар экономиканың әр секторында бизнес жүргізуге қалай әсер еткенін көре аламыз. Мысалы, көлік тасымалына автобустар мен өзге де көліктерде орындар санын қысқарту әсер етті. Бұл салаға қандай көмек көрсете алатынымыз белгілі болады.  Мұндай жағдай қызмет көрсету, турзим салаларына да қатысты. Түсенсіздер ме, бұл кәсіпорындар мейрамханаларда орын санын қысқарту сияқты жаңа шарттармен жұмыс жалғастыруға мәжбүр. Әрине, бұл олардың табысын азайтады.  Маусым айын экономиканың қай секторы көбірек зардап шеккенін түсінуге арнайық. Жұмыспен қамтуға мониторинг жасайтын орталықтың әр өңірде өкілдіктерін құруды ұсынамыз.  Бір ай ішінде жағдайды бағамдасақ, қай секторға қандай қолдау керек екені белгілі болады. Төтенше жағдай енгізгенге дейін олар айлықты, салықты уақтылы төлеп келсе, табысы қықарғаннан кейін қиын жағдайда қалып отыр. Карантин шараларын сақталып тұрған кезеңде біз осы кәсіпорындарды қолдауымыз керек", - деді ұлттық палата басшысы.

Ол, сондай-ақ, мұндай қолдаудың мерзіміне қатысты да пікір білдірді.

  "Біз қолдау шаралары белгілі бір кезеңде іске асатынын талқыладық. Оны түсініп те отырмыз. Бұл бірнеше ай емес, бір жыл шеңберінде, тіпті одан көп болуы мүмкін. Екпе дайын болғанда экономиканың қалыпты қызметіне орала аламыз. Сондықтан маусым айын экономиканың қай секторы көбірек зардап шеккенін анықтауға арнауды ұсынамыз. Біз  ақпарат берейік, әкімдіктер де ақпарат берсін. Біздің ұсыныс – өңірлерде өкілдіктері бар жұмыспен қамтуға мониторинг жасайтын ситуациялық орталық құру. Сол кезде бір ай ішінде қай секторға қандай көмек көрсету керектігін көреміз және талқылаймыз", - деді Тимур Құлыбаев.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу