"Ресми жұмыс істегісі келмейді". Кәсіпкерлер форумында қандай мәселелер талқыланды?

2147

Қазіргі таңда елімізде бизнеске 30 мың талап қойылып отыр.   

"Ресми жұмыс істегісі келмейді". Кәсіпкерлер форумында қандай мәселелер талқыланды?

Бүгін елордада V республикалық кәсіпкерлер форумы өтті. Жиында 1 млн-ға жуық кәсіпкерлік субъектісі салықтан жалтарып отырғаны, 1,5 жылда 40 млрд теңге көлеміндегі мемлекет қаржысы үнемделгені, шағын және орта бизнес үшін салықты жеңілдету керегі айтылып, саладағы өзекті мәселелер талқыға салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлесіп, 1,5 жылда 40 млрд теңге көлемінде мемлекет қаржысын үнемдеген.

Форумда ұлттық палата шағын бизнеске қарапайым салықтарды енгізу, бизнестің еңбекақы төлеу қорына жүктемесін 20%-ға дейін төмендетуді, кәсіпкерлерге қойылатын 10 мыңнан аса талапқа тексеру жүргізуді ұсынды.

"Елімізде 2,4 мың ірі және 6 мың орта кәсіпорын негізгі салық төлеуші болып саналады. Ал 1 млн-ға жуық микро және шағын бизнес субъектісі салық төлеуден жалтарады. Өйткені олар күрделі әкімшілендіруді түсінбей қорқып отыр. Сондықтан шағын бизнес үшін минималды және қарапайым салықтар қажет. Салық салу олардың  өмірінде ұялы байланыс немесе коммуналдық қызметтерге ақы төлеген сынды қарапайым болуы керек", - деді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев.

"Олар ресми жұмыс істегісі келмейді"

Оның айтуынша, бүгінде бизнес әрбір жалдамалы жұмыскер үшін салық агенті ретінде 5 төлем (ЖТС, әлеуметтік салық, БЖЗҚ, МӘСҚ, ӘМСҚ жарналары) төлейді, жалпы жүктеме – 34%.

Сонымен қатар Қазақстанда 8,8 млн жұмыспен қамтылған халықтың 4 млн-ы өз табысынан салықтар мен төлемдерді тұрақты төлемейді.

"Олар бейресми жұмыспен қамтылғандарға жатқызылуы мүмкін. Сондай-ақ олардың басым бөлігі қайта несие алған. Сондықтан олар коллекторлар мен сот орындаушыларының кесірінен ресми жұмыс істегісі келмейді. Олар үшін біз бірыңғай төлем енгізуді және жүктемені 20%-ға дейін төмендетуді ұсынамыз. Бұл оларды көлеңкеден шығуға ынталандырады, есепке тұрады және мемлекеттің барлық әлеуметтік қызметін пайдалануға мүмкіндік алады", - деді төраға.

Тимур Құлыбаев мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі аясында Үкімет кәсіпкерлікті дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасын әзірлеп жатқанын, жоғарыдағы ұсыныстар оған енгізілетінін атап өтті.

Мемлекет қаржысын жымқыру дерегін азайту үшін не істеу керек?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов мемлекеттік жоспарлау мен мемлекеттік сатып алу порталдарын біріктіруді, бюджеттік өтінімдерді орналастыруды ашық жүргізуді, ұқсас тауарларға бірыңғай сипаттамалар мен бағаларды белгілеуді, ірі нысандарды салған кезде жобалық қаржыландыруға көшуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл мемлекет қаржысын жымқыру дерегін азайтуға мүмкіндік береді.

"Қаражатты бөлу кезеңінен игеруге дейін сүйемелдеуді енгізу орынды. Бірақ бұл бір қақпаға баратын ойын болмауы керек. Бизнес те әділ ойын ережелерін қабылдауы тиіс – бюджет қаражатымен жұмыс істегің келсе, ашық саясатқа дайын бол. Біз ұлттық кәсіпкерлер палатасымен кезекті жол картасын әзірледік, тәсілді өзгертіп жатырмыз. Кәсіпкерлер үшін маңызды салаларды таңдадық, интеграцияланған талдауды қолдана отырып, әр салада егжей-тегжей жұмыс істейміз", - деді агенттік төрағасы.

"Цифрлық орталық құрылады"

Форумда мамандар бизнестегі жемқорлық мәселелерін шешу үшін цифрлық жүйе қажет екенін атап өтті. Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Цифрлық трансформация орталығы құрылатынын айтты. Жаңа орталық 3 бағыт бойынша жұмыс істейді: мемлекет және мемлекет, мемлекет және бизнес, мемлекет және халық.

"Мемлекеттің бизнеспен қарым-қатынасы бағыты бойынша негізгі серіктесіміз – "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Ол мемлекеттік процестерге бизнес-көзқарасты қалыптастырады. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сыбайлас жемқорлық факторларын көрсетеді. Біз бизнес-процестерді қайта қарағаннан кейін бәрін цифрландыруға тиіспіз", - деді министр.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу