Құзырлы органдар неге шектен тыс қатігездік танытады?

2151

Тінту кезінде онлайн сабақта отырған балалардың ұялы телефондарын, "копилкасын" тәркілеп әкеткен, деп жазады Inbusiness.kz.  

Құзырлы органдар неге шектен тыс қатігездік танытады?

Діни ағындарға арналған баптың құрбаны болды

Билігі жүретін қандай да бір адам ел қаржысын миллиондап, миллиардтап ұрласа, ауыр қылмыс жасаса, оның шетелге еркін ұшып кетуіне, не ел ішінде алшаң басуына мүмкіндік берілетіні, әрі кетсе үй қамағына отырғызылатыны қоғамның наразылығын туғызып жүр. Ал егер қарапайым азамат, не қатардағы кәсіпкер күдікке ілінсе болды, мұздай қаруланған жасақ сау ете қалып, үй не нысандағының бәрін еденге етпетінен жатқызады, тұтас "маска" шоу ұйымдастырады.

Павлодар қаласында осыған ұқсас оқиға болды. Өз бензовоздарымен жанар-жағар май тасудан нәпақа тауып жүрген жергілікті бизнесмен Ержан Ш. Ресейге аса ірі көлемде заңсыз мұнай өнімдерін жеткізді деген күдікке ілігеді. 2020 жылғы 17 қарашада жедел тұтқындалған. Содан бері темір торда зарығып отыр. Бүгінде оның зайыбы Күнсұлу Мәдиқызы әділдік іздеп, шарқ ұруда.

"Тергеу жүрген 5 ай бойы, содан соң іс сотта қаралған 5 ай бойы қамауда отыр! Не үшін? Кісі өлтірген жоқ қой. Зардап шеккендер жоқ, оның үстінен ешкім талап арыз, шағым түсірмеген. Тікелей де, жанама да шығын келтірілмеген. Істі жабу үшін менен ақша сұрады. Әйтпесе ол бас бостандығынан айырылып, бизнесі тартып алынатыны айтылды. 4 бензовозымыз бар, оларды қылмыс құралы деп белгілеп қойды. Онысы қандай қылмыс?! Күйеуіме Ресейге заңсыз дизель отынын тасыды деген айып тағуда. Алайда куәгерлер шекарадан тыс тасымалды жүзеге асырған басқа адамдардың аттарын, тіпті автокөліктерінің нөмірлерін атады. Ол адамдар еркіндікте жүр. Ержан дизельді тек ел ішінде тасымалдады", – дейді әйелі.

Оның айтуынша, осыны растайтын ілеспе құжаттар, орындалған жұмыстар актісі, бәрі бар, бірақ "оған тергеуші де, судья да сенбейді, тыңдағысы келмейді". Кәсіпкерден басқа, іс бойынша тағы екі адам ұсталған. Бірақ оларда тәркілеуге тұрарлық құнды мүлік жоқ екен. Сондықтан Күнсұлу Мәдиқызы бензовоздарын алып қою үшін іске құнды дүние-мүлкі бар жеке кәсіпкерді әдейі қосқан болар деп жорамалдайды.

"Оның бүкіл бизнесі соның атына жазылған. Судья айыптаушы тарапты ашықтан-ашық қолдайды деген ойға келдік, біздің адвокаттардың микрофонын сөндіріп тастады, қорғауға мүмкіндік бермейді. Прокурор кейбір куәгердің қатысуын қамтамасыз ете алмады, жоғары технологиялар заманында олардың "сотқа онлайн қосылуына мүмкіндігі жоқ" деген түсініктемені алға тартады. Жұбайым өз бизнесін 10 жыл бұрын бастады, сол үшін кредиттер алды. Салығын төледі. Енді неге кенеттен одан қылмыскер жасауда? Онда Қазақстандағы ЖЖМ тасушылардың бәрін сотқа тартсын, олар да жұбайым жасаған жұмысты атқарып жүр ғой", – деп ашынады ол.

Құзырлы органдар неге телеарнаға құштар?

Өз өтініштерінде күдікке іліккен кәсіпкердің жары оны ең құрығанда үй қамағына жіберуді сұрауда.

"Тергеушінің, салық сарапшысының, прокуратураның, санкция берген соттың, іс бойынша судьяның құлақ аспауы кесірінен он ай бойы қамауда отыр. Былтыр күйеуімді тұтқындауға бет-аузы қара маскамен тұмшаланған, қаруланған адамдар келді. Олардың бірі: "ГСМщики, пришла и ваша очередь отжиматься!" деді. Мұнысы несі? Қорқытқысы келсе керек. Үйде кәмелетке толмаған екі жас бала барын назарға алмады. Балалардың телефондарына дейін тартып алды. Дәл осы кезде олар онлайн сабаққа қатысып отырған болатын. Оған да қараған жоқ. Істің ақ-қарасын анықтамай жатып, бұл тұтқындау шарасы туралы барлық телеарналардан көрсетті, ол сюжеттер YouTube-ті кезіп кетті", – деп қамығады бизнесменнің зайыбы.

Кәсіпкердің үстінен Қылмыстық кодекстің "Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу" деп аталатын 197-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол бойынша үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазалау қарастырылған.

Қылмыстық кодекстегі бұл бап елдегі қылмыстық топтардың, әсіресе, дәстүрлі емес ағындардың құбырлардан мұнай ұрлауы белең алғандықтан, сонымен күресу үшін пайда болғаны белгілі.

Алайда қорғаушылардың дәйектеуінше, Ержан тасыған мұнай өнімдерін сотталушы Шұғатаев пен Унгефуг "Petrosun", "Petroritail", "ҚазМұнайГаз Өнімдері" секілді салық органдарында тіркелген көтерме жеткізушілерден заңды түрде сатып алған екен. Куәгерлерге сұрау салу кезінде бұл дәлелденген көрінеді. Ендеше заңды алынған мұнай өнімдері қалай заңсыз тасылған?

Әдетте, тек қоғамға қауіп төндіретін қылмыскерлер ғана қоғамнан оқшауланып, қамауға алатыны мәлім. Мына жағдайда қорғалушы жақ қоғамдық қауіптің неде екенін түсіне алмай дал.

Заттай айғақ – балалардың сандықшасы

Солтүстікқазақстандық бизнесмен Михаил И.-дің отбасысы да ұқсас қиямет-мехнатқа жолыққан. Кәсіпкердің ұстінен СҚО бойынша экономикалық тергеулер департаменті қылмыстық іс қозғады.

"Биылғы 22 қаңтарда экономикалық тергеу қызметкерлері келіп, пәтерде тінту жүргізді. Маған адвокатты шақыруға рұқсат етпеді. Тінту хаттамасынан басқа бірде бір процестік құжатқа қол қоймай қойдым. Тінту кезінде тіпті іске ешқандай қатысы жоқ балалардың ақша жинайтын "копилкасына" дейін алып кетті. Ондағы қаражатты туысқандарымыз берген, балалар 5 жыл бойы жинаған. Бертінге дейін күйеуімді көрмедім. Онымен кездесуге мүмкіндік беру туралы өтініштерімді қанағаттандырудан бірнеше рет бас тартты. Бас тарту себептерін көрсетпеді. Жұбайымның ата-анасын алдау жолымен тергеу хаттамасына қол қойғызып алыпты", – дейді бизнесменнің әйелі. 

Ол осы арқылы күйеуіне моральдық-психологиялық қысым жасалуы мүмкін деп қауіптенеді.

"Жұбайым кісі өлтіруші, адам зорлаушы, террорист емес. Оның ісі бойынша нақты ештеңе айта алмаймын. Әлдекімге жақпай қалса керек. Оны соттап жіберсе, менің бағуымда кәмелетке толмаған 3 бала қалмақ. Біздің қалай тіршілік етіп жатқанымыздан күйеуім де хабарсыз. Осының бәрі біздің денсаулығымызға кері әсер етуде. Ең болмаса, балалардың жинақ сандықшасын қайтарсын", – дейді кәсіпкердің әйелі.  

Қаржы мониторингі агенттігінің түсіндіруінше, солтүстікқазақстандық кәсіпкер трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты деген күдікке іліккен. Ол топ аса ірі көлемде автокөлік құралдарын контрабанда жолымен әкелумен айналысқан деген дерек бар.

Шілде айында бизнесменге департамент қызметкерлерінің көзінше әйелімен кездесуіне рұқсат етіліпті.

Ал "копилка" қайтарылмауы ықтимал: оның ішіндегі 202 500 теңге заттай дәлелдеме деп танылған.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу