Көмір тасыған кәсіпкер "көшеде" қалуы мүмкін

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3297

Бизнесмен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрай келді. 

Көмір тасыған кәсіпкер "көшеде" қалуы мүмкін

Павлодар облысы Ертіс ауданындағы "Бакулин" жеке кәсіпкерлігінің басшысы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалынан көмек сұрай келіпті. Василий Бакулиннің айтуынша, жеке компания банкрот болуы мүмкін.

"2019 жылдың қыркүйек айында мемлекеттік сатып алулар нәтижесіне сәйкес, менің компаниям Ертіс аудандық білім бөлімімен мекемеге қарасты ұйымдарға көмір тасымалдау бойынша келісімшартқа отырды. Келісімшарт қазынашылық мекемесіне міндетті түрде тіркелуі керек. Сондықтан білім бөлімі келісімшартты қазынашылық мекемесіне жолдайды. Алайда білім бөлімі келесі күні келісімшартты кері қайтарып алған да, маған жаңа келісімшартты жолдаған", – дейді Василий Бакулин.

Кәсіпкердің сөзінше, оған алғашқы келісімшарттың тіркеуден өтпегендігі туралы хабарланбамаған. Бұл аралықта екінші, жаңа келісімшарт жасалады. Жаңа келісімшартты тапсырыс беруші, яғни білім бөлімі қазынашылық мекемелеріне тіркеуі керек.

"Аудандық білім беру ұйымы көмірді тасымалдау туралы өтінімді рәсімдеді. Соған сәйкес, біз 10 млн теңгеден астам сомаға қызмет көрсеттік. Бұған есепке алу және қабылдап алу актілері дәлел. Сонымен қатар, бізге бөлім тарапынан қаражаттың қайтарылмауына байланысты компаниямыз банкке 3 млн теңге көлемінде қарыз болып қалды. Компаниямыз банкроттықтың аз-ақ алдында тұрды", – дейді кәсіпкер.

Ол аздай 2019 жылдың қазан айында облыстың мемлекеттік сатып алуларға жауапты құзырлы органдары кәсіпкерді жосықсыз жеткізушілер тізіміне енгізген. Осыдан соң, кәсіпкер сотқа шағымданады. Соттың көмегімен "қара тізімнен" шығарылады. Алайда жұмсалған қаржыны кері қайтара алмайды. Яғни, шарттың тіркелмеуіне байланысты тараптардың міндеттемелерді орындау қажеттілігі туындамаған.

"Бұл аралықта қара суық түсті. Ал мектептерге көмір жеткізілген жоқ. Сондықтан жедел әрекет ету керек болды", – дейді кәсіпкер.

Ал білім бөліміндегілер түсініспеушілік туындаған соң, асығыстық танытуға тура келді деп жауап берген.

"Сонда білім бөлімі қайда қараған? Бөлім келісімшарт жасаған жоқ делік. Бірақ ондағылар қабылдап алу актілеріне қол қойып отыр ғой. Демек, Ертіс аудандық білім бөлімі кәсіпкерді "лақтырып" кеткен. Бұл жерде мемлекетке көп жауапкершілік артылып отыр. Мемлекеттік органдардың қабілетсіздігі кәсіпкерлерді осындай жағдайға душар етеді", – дейді Павлодар облыстық прокуратурасының басқарма бастығы Асхат Қоқымбаев.

"Атамекен" өңірлік палатасының өкілдері жағдайды егжей-тегжейлі баяндап, прокуратураға хат жолдайтын болды. Дәлірек айтсақ, олар Ертіс аудандық білім бөліміне тексеріс жүргізілгенін қалайды.

Ал Ертіс ауданының тағы бір кәсіпкері Жанар Смаилова екі жылдан бері көшпелі киоскіге арналған 10 шаршы метр жерді ала алмай жүр. Ертіс аудандық әкімдігінің жер комиссиясы кәсіпкерге сұрап отырған аумақты бермей отыр. Айтуларынша, аукцион немесе тендер өткізу қажет екен. Алайда, қазір оған қаржы қарастырылмаған.

"Ертіс ауданынан киоскіні орнату үшін 10 шаршы метр жер таба алмау деген ұятты жағдай. Кәсіпкердің қарамағында 13 адам жұмыс істейді. Ертіс әр учаскені қатаң қадағалайтын облыс орталығы емес қой. Меніңше, аудан орталығынан қажетті жерді табуға болады", – дейді "Атамекен" ҰКП Павлодар облыстық филиалының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Нұрлан Нәбиев.

Бұл мәселе бойынша да тексеріс жүргізу үшін облыстық прокуратураға хат жолданатын болды.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтерінде Павлодар облысында бизнес жүргізуге қолайсыз бірнеше аудан көрсетілген екен. Өкінішке қарай, олардың қатарында Ертіс ауданы да бар.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу