Біз "күйіп" тұрған мәселелерді ғана шешумен шектелмеуіміз керек – Тимур Құлыбаев

4120

Үкімет іскерлік белсенділікті қалпына келтіруге күш жұмсап жатыр.  

Біз "күйіп" тұрған мәселелерді ғана шешумен шектелмеуіміз керек – Тимур Құлыбаев

Еліміздің іскерлік белсенділігін қалпына келтіріп, жұмыс орындарын сақтап қалу үшін мемлекеттік қолдау қажет. Қазіргі жағдайда нарық талабына ғана иек артып отыруға болмайды. Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен өңір кәсіпкерлерінің онлайн кеңесінде "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев осылай деді.

"Карантин кезінде қиындыққа тап болғанына қарамастан қызметін тоқтатпаған жұмыс орындарының ары қарай әрекет етуіне мүмкіндік беру үшін нарықтың тәсілдері мен әдістеріне ғана жүгінуге болмайды. Себебі олар тек нарық талабынан емес, карантин мен төтенше жағдайдан да зардап шекті. Қазіргі қиын кезеңде әкімдер мен министрліктер оларға көмек көрсетуі керек", – деді Тимур Құлыбаев.

Төралқа төрағасының мәлімдеуінше, нақты сектор бойынша жұмыспен қамтылғандар жайлы ақпаратты назарда ұстау және ай сайын сараптама жасау мақсатында ахуалдық орталық құру қажет.

"Оң өзгеріс немесе кері көрсеткіш тіркелсе, шұғыл шара қолдану қажет.  Жағдайдың құбылуына байланысты қолдау шараларына өзгеріс енгізу керек. Экономикалық өсімді қалпына келтіру үшін институционалдық реформа  жалғасуы тиіс. Біз "күйіп" тұрған мәселелерді ғана шешумен шектелмеуіміз керек", – деді Тимур Құлыбаев.

Ол пандемия бизнеске ғана соққы болып тимегеніне тоқталып, шағын және орта бизнестен түсіп тұрған салық көлемінің төмендеуіне байланысты бюджет те тапшылықты бастан кешіріп жатқанын жеткізді.

"Мұнай саласындағы дағдарыс экономикаға кері әсер етті. Үкімет жағдайға байланысты нақты шешім қабылдады. Біз әкімдермен конструктивті жұмыс орнататынымызға сенеміз. Бизнес үшін басы артық ешнәрсе сұрамаймыз. Біз өңірлік бюджет секторларға нақты қолдау көрсеткені ғана қажет", – деді Тимур Құлыбаев.

Жиында Алматы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев Алматыда және қалаға жақын орналасқан қалаларда кәсіпкерлер агломерациясын құру бастамасын көтерді. Ол оңтүстік мегаполистегі жұмысшылардың дені қала маңындағы елдімекендерге қоныстағанын тілге тиек етті.

"Төтенше жағдай кезіндегі шектеу шаралары бизнеске кедергі келтірді. Өнім өндіру мен жүріп-тұруға салынған тыйым бизнес субъектілерін тығырыққа тіреді. Алматы әкімдігі мәселені infoalmaty.kz порталы арқылы шешті. Сайт арқылы кәсіпкерлерге қызмет көрсетуге рұқсат берілді. Қазір бұл алаңның қызметі жалғасып жатыр. Мұнда кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларына қатысты ақпарат жариялануда", – деді Максим Барышев.

Оның айтуынша, Алматыда тіркелген кәсіпорындардың тең жартысы осы порталға тіркелген.

"Төтенше жағдай кезінде электронды сауда мен тауар жеткізу бизнесі оң көрсеткішке ие болды. Ал ивент-индустрия өкілдері карантиннен зардап шекті. Банкет залдары мүлде кіріссіз қалды. Қазір санитарлық талаптарды сақтай отырып, олардың жұмысын жандандыру мәселесі көтеріліп жатыр", – деді Алматы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы.

Оның ойынша, қазір бизнес жеңілдетілген несиеге мұқтаж. Себебі оларға қызметкерлеріне жалақы төлеу қажет.

"Кәсіпорын жұмысшылардың жұмысын жалғастыратынына кепіл беретін болса, оған 0% несие беру керек. Қысқартуды айналып өтуге мүмкіндік болмаса, жеңілдетілген несиені 6% алуға жағдай жасау қажет. Меніңше, ең әуелі қатты зардап шеккен салаларды анықтап, қызметкерлерге 42 500 теңге төлеуді жалғастырған дұрыс. Жыл соңына дейін еңбекақы төлеу қорын салықтан босату да оң шешім болар еді", – деді Максим Барышев.

Шара шеңберінде кәсіпкерлер үкімет басшысына ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнеркәсібі, туризм, қоғамдық тамақтану, сауда, құрылыс, білім беру, өңдеу өнеркәсібі салаларындағы бизнестің өзекті мәселелерін жеткізді. Бұған қоса субсидия алу, қарызды қайта құрылымдау, несие бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, ауыл шаруашылығы техникасының лизингі, тариф белгілеу, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың сатып алуына отандық тауар өндірушілердің қатысуын арттыру, мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін қайта қарау мәселелеріне қатысты ұсыныс білдірді.

Премьер-министр күн тәртібіне қойылған өзекті мәселелердің барлығы кезең кезеңімен шешілетінін, бұл бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғасатынын жариялады.

"Үкіметтің міндеті – іскерлік белсенділікті қалпына келтіру. Бизнес дағдарысқа дейінгі деңгейге жетуге тиіс", – деді Асқар Мамин.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу