banner

Бизнеске қарызды 2 пайызбен беруге болады – Абылай Мырзахметов

3468

Пандемиядан зардап шеккен салалардың тізімі кеңейтіледі.  

Бизнеске қарызды 2 пайызбен беруге болады – Абылай Мырзахметов

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен алғаш рет онлайн форматта өткен ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезі жайлы мәлімдеме жасады.

Басқарма төрағасы съезде Президенттің кәсіпкерлікке қатысты стратегия жариялауы ерекше оқиға болғанын атап өтті.

"Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге қатысты барлық тексеру, реттеу салалары жаңа форматта қайта қаралуға тиіс екенін ескертті. Кәсіпкерлерді қиындыққа мойымай, бәсекеге қабілетті болуға шақырды", – деді Абылай Мырзахметов.

Бұдан кейін басқарма төрағасы Президент "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің құқығы мен заңды мүддесін табысты қорғап, кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға белсенді қатысып келе жатқанын тілге тиек еткеніне тоқталды.

"Мемлекет басшысы үкімет пен "Атамекен" палатасының бірлесіп атқарған жұмысын оң бағалады. Алдағы жыл үкімет пен ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін бірлесіп жұмыс істейтін маңызды әрі мазмұнды жыл болады", – деді ол.

Абылай Мырзахметов Президент палатаның алдағы 5 жылда кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік бағдарламасын әзірлеу туралы бастамасын қолдағанын айтып, мәселенің мән-жайын баяндады.

"Бағдарлама әр өңірдің мамандануына және бәсекеге қабілеттілігіне қарай әзірленеді. Қазақстанда кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Дегенмен шекарада орналасқан өңірлерге қосымша жергілікті бағдарлама қажет. Бұл кәсіп ашуға, оны дамытуға серпін береді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлерінің Омбыға апарып, сүт сатқысы келеді. Ал Омбының сауда орталығына өту үшін субсидия керек. Мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен сүт шаруашылығын дамытуға қаржылай қолдау көрсетіледі. Бес жылдық бағдарлама нәтижелі болады деп үміттенеміз", – деді Абылай Мырзахметов.

Басқарма төрағасының сөзінше, отандық ғылым мен бизнестің күш біріктіруіне басымдық беріліп жатыр.

"Шығыс Қазақстан облысында Фарид Абитаев деген кәсіпкер күнбағыс егіп, мал шаруашылығымен айналысады. Бұған қоса ол шаруа қожалығын ашып, шетелдік өнімді Қазақстанға жерсіндіріп отыр. Ал Алматы облысы Талдықорған қаласының тұрғыны Алмазбек Садырбаев ғалымдармен бірлесіп, жаңа эмбрион ашып жатыр. Осындай жетістіктердің санын көбейтуіміз керек", – деді Асқар Мырзахметов.

Бұдан кейін басқарма төрағасы ұлттық кәсіпкерлер палатасы үкіметпен бірге түрлі сценарийді қарастырып жатқанын жариялады.

"Қазіргі жағдай ушығатын болса, бес негізгі бағытқа басымдық береміз. Бизнес субъектілері салық, несие, жалға алу және коммуналдық қызмет бойынша төлемдерді, сондай-ақ мәжбүрлі түрде босатылған қызметкерлер үшін әлеуметтік төлемдерді кейінге қалдыруды сұрайды. Егер бөлек тоқталатын болсақ, кәсіпкерлердің барлығы арзан несие қалайды. Қазір барлық бағдарламалар бойынша мөлшерлеме 6% екенін білесіздер, бірақ бизнеске қарызды 2%-бен беруге болады. Бұл көрсеткіш Ресей тәжірибесінде 0% екенін білеміз", – деді Абылай Мырзахметов.

Оның сөзінше, болашақта зардап шеккен салалар тізімі кеңейтіледі.

"Ұлттық экономика министрлігі 29 саланы зардап шеккен сала деп анықтады. Тізімге негізінен қызмет көрсету саласы енді. Біз пандемия кезінде барлық сала зардап шекті деп санаймыз. Банкет өткізу залдары, бильярд сияқты қосалқы салалар әлі күнге дейін локдауннан шыққан жоқ. Мұнда 132 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Еліміздегі бизнестің 70%-дан астамы, яғни миллионға жуық кәсіпкер қиындыққа тап болды. Біз зардап шеккен салалар тізімін кеңейту бастамасымен ұлттық экономика министрлігіне жүгндік. Мәселе қарастырылып жатыр, оң шешім шығуі тиіс", – деді Абылай Мырзахметов.

Біле жүріңіз, ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік ел экономикасының қозғаушы күшіне айналғанын мәлімдеп, соңғы 5 жылда шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 24%-дан  32% артқанын айтты.

"Кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін азаматтардың саны 2,8 миллионнан 3,4 миллионға дейін өсті. Қазір жұмыспен қамтылғандардың 40% жуығы шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Бұған мемлекет пен бизнесті байланыстырып отырған ұлттық кәсіпкерлер палатасының сіңірген еңбегі зор", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қайта реттеуді жалғастыруды, бизнес үшін рәсімдерді жеңілдетуді, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін қысқартуды қарастыратын заң шығару бастамаларының сегізінші топтамасы қабылданғанын жариялады.

"Менің тапсырмам бойынша кәсіпкерлердің құқығын қорғау үшін "бизнеске адалдық презумпциясы" қағидаты заң жүзінде бекітілді. Бұл барша даулы және түсініксіз мәселелерді кәсіпкерлердің пайдасына шешуге мүмкіндік береді. Аталған заң шығарудағы өзгерістер тиісті сот тәжірибесінде қолдау табатынына сенемін", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, пандемия мен дағдарыс Қазақстанның алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Сондықтан мемлекет елімізде бизнес жүргізудің шарттарын жүйелі түрде жақсартуды жалғастыра береді.

"Күрделі, жабық жүйелерді, оның ішінде, бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғай отырып өзгерту қажет. Сондықтан "Атамекеннен" нақты ұсыныс күтемін. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы барлық қазақстандық бизнес-қоғамдастықтың мүддесін білдіретін беделді құрылым болып қала беретініне сенім білдіремін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу