Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерден индустриялық сертификат талап етілмеуі мүмкін

"Атамекен" ҰКП ерекше қажеттігі бар кәсіпкерлерге индустриялық сертификат беруді тоқтата тұруды ұсынды.  

Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерден индустриялық сертификат талап етілмеуі мүмкін

2019 жылдың шілдесінен жеңіл өнеркәсіп нысандары мен жиһаз өндірушілер мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу үшін салалық индустриялық сертификат алуға міндеттелген болатын. Мемлекеттік сатып алу конкурстарын ашық етіп, саладағы сапаны көтеруге бағытталған бұл сертификат кейбір  мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге кедергі келтіріп отыр. "Атамекен" ҰКП алаңында осы мәселе жан-жақты талқыланды.

"Атамекен" ҰКП мемлекеттік сатып департаментінің директоры Меруерт Әбдуәли индустриялық сертификат  талабы қолданысқа енгеннен бері түскен шағымдардың сипатына тоқталды.

"2019 жылдың ортасынан бері осы индустриялық сертифкатқа қатысты 215 шағым келді. Соның ішінде 30%-ы мүгедектерден түскен. Оларды жіктей келе, күрделі деуге тұратын 4 мәселе бар екені анықталды. Бірінші мәселе – салалық сертификаттың қымбаттығы. Ереже бойынша, салалық қауымдастықтар ұсынысымен тарификация қарастырылған. Ол тарифке сертификат беретін сарапшылардың жол шығыны, тұру және тамақ құны түгел кіреді. Осының әсерінен сертифкаттардың бағасы 230 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін жетеді" – деді ол.

Оның айтуынша, салалық сарапшылардың аздығы да айтарлықтай кедергі болып отыр. 

"Жеңіл өнәркәсіп бойынша 16 сарапшы, жиһаз өндірісі бойынша 7 сарапшы ғана бар. Осының салдарынан сертификат беру статистикасы көңіл көншітпей тұр.  2019 жылдың ортасынан бері  жеңіл өнәкәсіп бойынша 121, жиһаз өндірісі бойынша 29 сертифкат қана берілген. Осыдан-ақ сертификаттан үмітті адамдардың өтініштері өте ұзақ қаралатынын көруге болады", – дейді "Атамекен" өкілі.

Жасалған өнімді сынақтан өткізетін зертханалардың жетіспеуі мен сараптамдан өткізу кезінде шектен тыс талаптар қою мәселесі де жиі кездесетін көрінеді.

"Сараптама өткізу кезінде шектен тыс талаптар қойылады. Бұл мәселеде салалық тетік критерийлері жоқ. Мысалы, жиһаз жасау үшін жұмыс орны 300 шаршы метрден кем болмауы керек. Жұмысшылар саны 15-тен кем болмауға тиіс деген сияқты талаптар бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар бұл талаптарды орындауға қаржылық мүмкіндіктері жоқ екенін айтып отыр", – дейді Меруерт Әбдуәли.

Осындай түйткілдерді тізіп айтқан департамент директоры аталмыш кемшіліктер реттелгенше мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге индустриялық сертификат беруді тоқтату тұру керек деген ұсыныс айтты.

Онлайн байланыс арқылы өңір-өңірден тікелей байланысқа шыққан мүгедек кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері де өз пікірлерін білдірді. Оның ішінде "Атамекеннің" ұсынысын құптағандар да, қолдамағандар да болды. Дегенмен басым бөлігі мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерді 12 мүшесі сау адамдармен салыстырмау керек деген ой айтты.

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бұл мәселеде мүгектерде зардап шекпей, салаға да зиян келмейтіндей шешім шығару керектігін атады.

"Бұл жерде біз кәсіпкерлердің жанайқайын естіп, жеткізу үшін келдік. Бұл бірінші жиын деп санаңыздар. Әрине, мемлекеттік органдардың жұмысына араласпаймыз. Десе де, жалған кәсіпкерлікті әшкерелеу және мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің мәселесін ескеру үшін барлық тетіктерді іске қосамыз", – деді Абылай Мырзахметов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу