Ұйғыр ауданы – миллиардер аудан ба?

3975

Google іздеу жүйесінде ең көп сұрау салынатын танымал өлкенің қазіргі хәл-жағдайы анықталды.  

Ұйғыр ауданы – миллиардер аудан ба?

Интернеттегі іздеу жүйесінде Қазақстанның барлық аудандары арасында көп сұралатын әкімшілік бірлік – осы Ұйғыр ауданы екен. Бұған екі фактор себеп болып отыр. Біріншіден, кейінгі он жыл ішінде Парламент депутаттарынан бастап, қоғам қайраткерлері мен жергілікті тұрғындарға дейін дүркін-дүркін осы ауданның атын ауыстыру бастамасын көтереді. Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аудан атын "Қарадала", ал аудан орталығы Шонжыны – "Әлмерек" (қазақтың Ұлы жүз үйсін тармағындағы албан тайпасынан шыққан батыр, абыздың есімі) деп ауыстыру туралы мәселе көтеріліп жүр. Облыс әкімдігі аудан атауы өзгертілмейді деген шешімін де айтты.

Екіншіден, әлемге аты машһүр Шарын шатқалының үлкен бөлігі Ұйғыр ауданында орналасқан. Осы ауданның гербінде де Шарын шатқалы бейнеленген. Содан Марстағыдай "жатпланеталық" ғажайып көріністі тамашалау үшін дүниежүзінің әр түкпірінен ағылатын саяхатшылар да ең алдымен аудан атына қанығады.

Ел арасында "Ұйғыр ауданындағылар бай тұрады" деген әңгіме тараған. Жасыратыны жоқ, өлкеде еңбекқор, кәсіпке бейім, шаруаға құнтты адамдар көп. Дегенмен ауданды ең ауқаттысы деуге келмейді.

Мұны кеше Ұйғыр аудандық мәслихаты жариялаған ауданның биылғы нақтыланған бюджетіне қатысты шешімнен байқауға болады. Құжатқа жүгінсек, Ұйғыр ауданының 2021 жылғы бюджетінің шығындары 9 млрд 651,2 млн теңге көлемінде. Яғни миллиардер ауданы екені шындық.

Бұл ретте аудан бюджетінің кірістері 9 млрд 586,9 млн теңгені құрайды. Алайда оның тек 1 млрд 678,8 млн теңгесін аудан салықтық түсімдер ретінде өзі жинайды. Салықтық емес түсімдері 34,9 млн теңге. Негізгі капиталды сатудан биыл 78,7 млн теңге кіріс түсірмек. Қалған 7 млрд 794,5 млн теңгені Ұйғыр ауданы трансферттер түрінде республикалық және облыстық бюджеттен алатын көрінеді. Яғни дотациялық өңір.

Жалпы бұл ауданды облыстағы ең ауқаттысы деуге келмейді. Салыстыру үшін айтсақ, оның батыстағы көршісі – Еңбекшіқазақ ауданының биылғы бюджетінің шығындары – 26 млрд теңгеден, ал кірістері – 26 млрд теңгеден асты (төл салықтық түсімдері – 4,4 млрд теңге, салықтық емес түсімдері – 33,7 млн теңге, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдері – 668 млн теңге, қалғанын – 20,9 млрд теңгесін трансферттер түрінде алады).

Оның солтүстіктегі көршісі – Панфилов ауданының осы жылғы бюджетінің шығындары – 15,7 млрд теңге болды. Кірістері – 15,7 млрд теңге (оның ішінде салықтық түсімдері – 3,2 млрд теңге, салықтық емес түсімдері 28,6 млн теңге, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдері – 186,8 млн теңге, алатын трансферттері – 12 млрд теңге).

Оның оңтүстіктегі көршісі – Райымбек ауданы бюджетінің шығындары 7,2 млрд теңге. Кірістері 7,2 млрд теңге болса, соның 7 млрд теңгесін трансферттерден алатын кедей өлке.

Өлкедегі әкім сайлауы нені көрсетті?

Ұйғыр ауданының бюджетінде айтылғандай, мемқызметтер көрсету және шенеуніктерді ұстап тұру биыл 360 млн теңгеге түседі екен.

Шығысында Қытаймен шектесетін ауданның қорғанысына небары 55,1 млн, әскери мұқтаждарына – 18,5 млн теңге бөлініпті. Қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқықтық, сот, қылмыстық-атқару қызметі саласына – 21,2 млн теңге бағытталған.

Бюджеттің ең үлкен бөлігі – 1,8 миллиард теңгесі әлеуметтiк көмек пен әлеуметтiк қамсыздандыруға жұмсалады. Мысалы, атаулы әлеуметтiк көмекке зәру отбасыларға – 903,5 млн теңге, әлеуметтiк көмекке – 862,6 млн теңге төленіпті.

Одан кейінгі шығынды сала – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы 1,5 млрд теңге. Сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін дамытуға 367,4 млн теңге қарастырылған.

Көлік және коммуникацияға, жол салуға 618,7 млн теңге ғана бөлініпті.

Мәдениет саласына – 217,7 млн, ал спортқа – 17,1 млн теңге көзделіпті. Қалған салалар еншісіне тиген бюджет мардымсыз.

Аудан еліміздің ақпарат айдынында елең еткізерлік жаңалықтарымен көзге түспеуге тырысатынға ұқсайды. Мысалы, Ұйғыр ауданы әкімдігінің жеке веб-сайтында негізінен республикалық, облыстық көлемдегі жаңалықтар, мемқызметтерге қатысты ақпараттар басым орналастырылған.

Мұның мәнісі белгілі. Өлкеде әлдебір оқыс оқиға, айталық төбелес бола қалса, одан ұлттық сипатты іздеуге талпынатын блогерлер, қоғам белсенділері аз емес. Дегенмен ауданда ұлттар арасындағы достық пен келісімге мән берілетіні аңғарылады.

Айталық, аудандағы жуырдағы басты жаңалық әкім сайлау болды. 26 қыркүйекте Ұйғыр ауданының Үлкен Ақсу (Большеаксуский сельский округ) ауылдық округінде әкім сайлауы өтті. Онда арнайы органдарда жұмыс істеген ҰҚК зейнеткері Шамиль Тохтыбакиев, Долайты орта мектебі директорының орынбасары (завуч) Ришат Джамиев және осы аудандағы Шонжы ауылдық округінің бұрынғы әкімі, уақытша жұмыссыз Әділжан Құрбаниязов додаға түсті.

Нәтижесінде, Джамиев – жергілікті 108 тұрғынның, Тохтыбакиев – 445, ал Құрбаниязов – 2 438 сайлаушының дауысын алған. Ұйғыр аудандық сайлау комиссиясының дерегінше, Үлкен Ақсу ауылдық округінің жаңа әкімі болып сайланған Әділжан Қадыржанұлы 1971 жылы туған, Шонжы ауылында тұрады, сайлауға оны "Nur Otan" партиясы ұсынған. Ол бұл лауазымда Ромэн Суджековты ауыстырыпты.

Демографиясы нашар, бәрібір балабақшаға зәру

Ұйғыр ауданы – негізінен, аграрлық өлке. Ауданның өнеркәсіптік өндірісі 2019 жылы 2 млрд 193,8 млн теңгені құрады, биылғы 2021 жылы бұл көрсеткішті 4 млрд 98,5 млн теңгеге жеткізбек. Ал ауылшаруашылығы өндірісі одан он еседей жоғары. 2019 жылы шығарған ауылшаруашылығы өнімі 34 млрд 776,1 млрд теңгеге бағаланса, осы жылы 43,7 млрд теңгеден асады деп жоспарланған. Ауданда 69 200 ірі қара мал, 207 500 қой мен ешкі, 15 200 жылқы бар. Бірде-бір шошқа өсірілмейді.

Алматы облысының Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, Ұйғыр ауданында кәсіпкерлік жақсы дамуда. Биылғы 8 айдың өзінде филиал арқылы 172 адам конкурстарға қатысу үшін бизнес-жоспарын әзірлеген. 102 адам осы мақсатта жер телімін алуға, үшеуі – мемгрант алуға, 90-ға жуығы – несие алуға өтініш берген.

"Бастау Бизнес" жобасы аясында 144 адам оқып, оның 122-сі жобаларын қорғаған. 35 жоба 145,8 миллион теңге көлемінде қаржыландыруға қол жеткізіпті. 31 адам 200 АЕК көлемінде жалпы сомасы 18 миллион теңгеден астам грантқа ие болған.

Ауданда диқаншылық одан әрі дамытылуда. Қазіргі кезде бақшалардың жалпы ауданы 4 100 гектарды құрайды. Бірақ биылғы жылы соның 1 670 гектары ғана өнім беріпті. Мысалы, Ұйғыр ауданында 11 кәсіпорын өрік-абрикос өсіріп, сертификаттары арқасында Қытайға экспорттайтын көрінеді. Бұдан бөлек, амарант, жүгері және басқа да дақылдар өсіру өркен жаюда. Ауданда биыл 800 гектар жерде өрік және басқа да сүйекті жемістер егіп, оны өңдейтін зауыт-кәсіпорын құрылысы басталған, оған 1 млрд 157 млн теңге инвестиция құйылды.

Жалпы Ұйғыр ауданының демографиялық көрсеткіші тым төмен екені байқалады. Салыстыру үшін айтсақ, сонау 1939 жылғы КСРО санағы кезінде Ұйғыр ауданында 18 242 адам тұратыны анықталды. Арада тура 80 жыл өткенде, 2019 жылы тұрғындар саны 63 288 адамға әзер жеткен. Ұлттық құрамына келсек, оның 57,9%-ы – ұйғырлар, 40%-ы – қазақтар, 1,5%-ы – орыстар болыпты.

Аудан әкімдігінің дерегінше, 2021 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Ұйғыр ауданы тұрғындарының жалпы саны 64 мың адамды құрады. Оның ішінде ұйғырлардың үлесі – 59,2%, қазақтар – 39,3%, орыстар – 1,1%.

Халық санының аз өскеніне қарамастан, балабақшалар тапшылығы туындаған. Ауданда 42 балабақша жұмыс істесе, соның басым көпшілігі – 38-і жекеменшік. Биылғы жыл басынан бері жеке балабақшалар қаржыландыруда үлкен қиындыққа тап болыпты. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы да осы проблеманы көтеріп келеді. Ауданда 1-3 жас аралығындағы 3 715 балдырған балабақшаға кезегін күтіп жүр.

Осы аптада, 2021 жылғы 21 қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында Президент Қ. Тоқаев этностар шоғырлана өмір сүретін өңірлер этноанклавтарға айналып кетпеуі үшін әлеуметтік және мәдени оқшауланбауға тиістігін, олардағы мәдени және тілдік кедергілер жойылуы керектігін баса айтты. Демек жас ұрпаққа мемлекеттік саясат пен ұлттық мүддеге сай тәрбие берілуі үшін мұндай өлкелерде мемлекеттік тілдегі мемлекеттік балабақшалардың көптеп ашылғаны маңызды болса керек.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу