Етікші екенін дәлелдеді

3515

Павлодарлық кәсіпкер мемлекеттік грантты игеруде жіберген қателігі үшін Қытайға барып келді.

Етікші екенін дәлелдеді

Павлодар облысының тұрғыны Бейбіт Хадисұлы осыдан 4 жыл бұрын "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасымен мемлекеттен 3 млн теңге қайтарымсыз қаржы алып, кәсіп бастады. Сол кезде ол уақыт өте келе әуре-сарсаңға салынатынын білген жоқ.

Лебяжі ауданы, Аққу ауылының тұрғыны 10 жылдан астам уақыт бойы аяқ киім жөндеумен айналысады. Ауылдастары тарапынан сұраныстың зор екенін байқаған ол 2014 жылы осы бағытта жеке кәсіп ашпақ болады. Атап айтқанда, аяқ киімді жөндеп қана қоймай, оны тігуді де қолға алуды ойлады. Сөйтіп мемлекеттің көмегіне жүгініп, 3 млн теңге грант алады. Өкінішке қарай, біздің елде аяқ киім өндірісіне қажеттің бәрі бірдей табыла бермейді. Сондықтан кәсіпкерге шекара асып, былғарыны Ресейден, техникаларды Қытайдан әкелуге тура келді.

"Аяқ киімнің сапасы жақсы болуы үшін шикізат сапалы болуы керек. Бірақ Қазақстанда өндірістің бұл түріне керек заттар аз әрі сапасы сын көтермейді. Сол себепті Қытайға барып, мемлекеттен алған қаржыға тігін машинасы мен қажетті қалыптарды сатып алдым. Ауылдағы бос ғимараттардың бірін жалдап, сол жерде жеке цех аштым. Кейін "Даму" кәсіпкерлікті қолдау орталығының өкілдері бағдарлама бойынша алған қаражаттың қалай жұмсалғанын тексере бастады. Сол кезде бір тиынын да босқа кетірмей, осы бизнесті бастауға жұмсағанымды дәлелдей алмадым. Себебі маған Қытайда сатып алған заттар үшін түбіртек берген жоқ", – деді Бейбіт Хадисұлы.

Кәсіпкер мемлекеттік гранттың мақсатты түрде пайдаланылғанын айғақтайтын құжаттарды ұсынбаса, алған 3 млн теңгені қайтаруы тиіс еді. Ал кәсібін енді ғана бастаған кәсіпкерде мұндай қомақты сома болған жоқ.

"Мемлекеттік қаржының құралдарды сатып алуға жұмсалғанын дәлелдеу үшін Қытайға қайта баруыма тура келді. Сол жақтан қытайша жазылған, штамп қойылған анықтама алып, тиісті орган өкілдеріне ұсындым. Бұған қоса тексеруші тарапқа әр құралды қандай бағаға, қалай сатып алғанымды баяндап, жұмыстың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсеттім. Осындай айғақтарды келтірген соң ғана өңірлік үйлестіру кеңесінің мүшелері "мемлекеттік грант игерілді" деген шешімге келді. Әйтпегенде кәсібімді тоқтатуға мәжбүр болатын едім", – деді Бейбіт Хадисұлы.

Қазір ол балаларға, әйелдерге және ерлерге арналған жазғы, күзгі, қысқы аяқ киімнің 23 түрін тігеді. Арнайы тапсырыстарды да қабылдайды. Аяқ киімдердің бағасы 8-25 мың теңге аралығында. Ендігі кезекте кәсіпкер жеке тігін цехының құрылысын қолға алуды жоспарлап отыр.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу