Закир Жұмақұлов: "Болашақ – өзгерістер уақыты" ­­­­­­­

5966

Назарбаев Университеті мен Кембридж ғалымдары Қазақстанның білім беру саласын зерттеді.

Закир Жұмақұлов: "Болашақ – өзгерістер уақыты" ­­­­­­­

Назарбаев Университеттің Жоғары білім беру мектебінің Ғылым департаменті директорының міндетін атқарушы Закир Жұмақұлов inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында жоғары білім беруді қаржыландырудың балама жолдары, ЖОО автономиясы және Назарбаев зияткерлік мектептерінің жаңартылған білім беру мазмұнын жалпы білім беру мектептерінде қолдану тәжрибесі жазылған үш кітап жайлы айтты.

- Жоғары білім беру саласын қаржыландыру жайлы кітап жаздыңыздар. Жоғары оқу орындарын қаржыландырудың екі жолы­ – мемлекеттік грант және оқу ақысын студенттердің өздері төлейтін коммерциялық негіз бар екенін әркім біледі. Университеттердің басқа да жолдармен қаржы табу мүмкіндігі бар ма?

- Иә, ЖОО-лар басқа да көздерден қаржы таба алады. Дегенмен де, бір өкініштісі, бізде басқа көздерден пайда табуға әлі де болса дағдылана қоймаған. Мысалы, дамыған елдерде университеттер түлектерінің жанашырлықпен берген қаржылай көмектерінен ғана айтарлықтай қомақы қаржы көріп отыр. Ол үшін не істеу керек? Біріншіден, студенттер университет қабырғасында жүргенде уақытын жақсы өткізетіндігіне және сапалы білім алып шығатындығына көз жеткізулері керек. Ешқашан баға үшін ақша төлемесін! Егер баға үшін ақша берсе, ол оқу орнын ешқашан сыйламайды, кейін ешқашан қаржылай көмек бермейді. Әр студентке қамқорлықпен қарап, оқу корпусының интерьерін әдемілеп, дәліздерде жұмсақ дивандар мен ыңғайлы үстелдер қойған абзал. Білім алушылардың университетке алғысы шексіз болып, осы ЖОО-да оқығанын мақтан тұтуы маңызды.

Мысалы, Ресейде "МИСиС" ұлттық зерттеу-технологиялық университетінде студенттеріне сабақтан кешікпесін, дұрыс тамақтансын, әрі дәрістеріне риза көңілмен барсын деген мақсатпен, тегін таңғы ас беретіндігін маған осы оқу орнының эндаумент-қорының директоры Нұрлан Қиясов айтқан еді. Жас жеткіншектер оқу орнынан түлеп ұшқаннан кейін, оқыған ұясын әрқашан жылы көңілмен еске алары сөзсіз. 

Батыстық жоғары оқу орындары түлектермен жүйелі түрде жақсы жұмыс жасайды, тізім бойынша айына бір рет немесе тоқсанына бір рет құттықтаулар жібереді, университет өміріне қатысуға тартады. Ендаумент (ағыл. endowment ‒ салым) сұрайды.

- Яғни, оқытушылар мен оқу орнының әкімшілігі студентке клиент, қаржылық тұрақтылық көзіне, болашақ инвесторге қарағандай көзқараста болуы керек дейсіз ғой?

- Иә. Бұл ауқымды мәселе. Бір айтары, студент келіп, университеттен білім сатып алады. Өйткені ол грант алады, гранты университетке өтеді. Студент университетке ақша әкелетінін түсіне бермейді. Ол оқып жүргені "университеттің арқасында" деп ойлайды. Сол себепті оқу орны оларға билігін жүргізеді. Білім алушылар оқу орнының клиенті екендігі туралы түсінігін көтеріп, университет жарғысында не жазылса, соны талап етулері керек. Жаңа айтқанымдай, грант алдымен студентке беріледі, содан кейін ғана университетке өтеді. Студенттердің сана-сезімі өсе тусуі тиіс.

Болашақ - өзгерістер уақыты. Өзгеріс қарқыны да өсуде. Сондықтан студенттерді жекелеген кәсіптерге қарағанда, өздігінен білім алудағы өзгерістерге көбірек бейімдеген жөн.

- Екінші кітапта қандай мәселелер қозғадыңыздар?

- Екінші кітаптың біраз бөлігі жоғары оқу орнының автономиясына қатысты. Кейбір жекеменшік, прогрессивті, ұтқыр ЖОО-лар автономия талап етуде. Білім және ғылым министрлігі қойған шеңбер олардың дамуына кедергі келтіруде. Ал кейбір ЖОО-ларға керісінше автономия қажет емес. Өйткені олар БҒМ аясында жұмыс істеп үйренген, гранттар алады, әрі кво-мәртебесін ары қарай сақтап қалады.

Кітаптар барлық мәселеге дап-дайын жауап бермейді, бұл кітаптар проблемаларды жүйелі түрде, өзара байланысын т.б. көрсетеді. Басқа ғалымдар да жауап ретінде жарияланымдарын береді деп үміттенемін. Бұл ғалымдар арасында диалог орнатуға мүмкіндік береді. Бізде бір мәселе бар –ол  ғалымдардың бір-бірімен сирек араласуы.

- Білім беру саласына жаңа ұсыныстарыңыз бар ма?

- Бұл кітаптар білім беру реформасының жан-жақты көрінісін береді. Мәселен, министрлікте реформалар басталса, олар мектептерде, елдімекендерде жүзеге асырылады , ал зияткерлік мектептер жаңартылған мазмұнды өздеріне енгізіп, артынша оны қарапайым мектептерге таратады. Біз бұл реформаларды жүзеге асырушылармен де, қаржыландырушылармен де сөйлестік. Нені өзгерту керек екенін зерттедік.

Жергілікті жерлерде осы мәселе қалай жүзеге асып жатқанын, қандай проблемалар бар екенін, қалай түсінетіндігін зерттеп, жазып алдық. Мәселе – жоғарыдан төменге жеткенше, көп нәрсенің мән-мағынасы жоғалып жататынында.

- Назарбаев зияткерлік мектептеріне балалар қатаң іріктеуден өтіп барып түседі, материалдық-техникалық базасы да айталық, ауыл мектебінен әлдеқайда жоғары. Сіздің ойыңызша, НЗМ білім беру жүйесі осындай қарапайым мектептерге жарай ма?

- Кітапта да дәл осындай мәселелер көтерілген. Зерттеу аясында біз студенттермен, ата-аналармен, оқушылармен және мұғалімдермен сұхбат жүргіздік. Кейбір мектептер қазірдің өзінде жаңартылған білім беру мазмұнын енгізуде. Осы жүйені енгізген пилоттық мектептерде ата-аналар, мұғалімдер, оқушылардың өздері де "балалар өзгерді" деп айтады. Бұрынғы кеңес жүйесі қайталауға, жаттауға негізделіп, мұғалім басты назарда еді әрі монолог басым еді. Ал қазір оқушылардың көздері жайнап тұр, қызықты-қызықты сұрақтар қояды.

Ауыл мектептерінде ресурстар жоқ дейсіз ғой, иә? Біз мұндай мәселелерді жергілікті деңгейде көтереміз. Білім беру мазмұнының жаңа жүйесі көп материалдық ресурсты қажет ететіні бас қатырарлық мәселе. Ол көп қағаз, фломастер, қалам және т.б. керек деген сияқты. Осы кітап кері байланыс орнатады.

- Бұл кітаптар қандай аудиторияға арналған?

- Кітаптар, ең алдымен, осы мәселелерге қызығушылық танытушыларға, яғни университет басшылары, оқытушылар, мұғалімдер, зерттеушілер, ғылыми қызметкерлер, осы саланы реттейтін мемлекеттік қызметкерлер, министрліктер қызметкерлерге арналған.

- Кітап жазардан бұрын зерттеу жүргіздік дедіңіз. Көбінесе қандай қандай қиындықтарға кезіктіңіздер?

- Егер зерттеу туралы айтар болсақ , біз эмпирикалық зерттеулер жүргіземіз, халықты аралап, сөйлесеміз. Біздің қоғам эмпирикалық зерттеулерге әлі де үйрене қоймаған. Адамдар ғылыми мақсатта сұхбаттасқан кезде өз пікірлерін айтуға қорқады, кейбіреулері бізді журналистер деп ойлайды. Ғалымдардың сұхбат алатындығын түсінетіндер аз, көпшілігі ашылып сөйлескісі келмейді. Тұрғындарға біздің ғылыми этикамыз бар екенін, онда бұл деректерді қалай қолданатынымызды, оны қалай шифрлейтінімізді, қай қатысушының не айтқанын ешкім білмейтінін түсіндіреміз. Яғни, зерттеу этикасы қатаң сақталады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Нұржан Көшкін­

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу