Үкімет оқушылардың қысқа белдемше киюіне тыйым салмақ

11485

Елімізде алда "қазақстандық оқушы" бейнесі өзгереді.

Үкімет оқушылардың қысқа белдемше киюіне тыйым салмақ

Мемлекет білім ордаларында "инемен құдық қазып" жүрген жас ұрпақтың кейпіне алаңдаулы. Себебі қазір қыздар түгіл, ер балалар да шаштарын табиғи емес түстерге бояп, сырға тағып алатын болған. Мұғалімдер шектеу қояйын, сабақтан қуайын десе, бұған тиісті талаптар болмады. Ол стандарттар жақында пайда болмақ.

Білім және ғылым министрлігі ведомство басшысы Күләш Шәмшідинованың қолымен бекітілетін "Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы" білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" бұйрық жобасын әзірледі.

Бұрынғыдан айырмашылығы сол, жаңа құжаттағы талаптар қазақстандық оқушының тек киім киісіне ғана емес, сыртқы кейпіне, жанама түрде жүріс-тұрысы мен мінез-құлқына да қатысты болады.

Жасыратыны жоқ, кореялық танымал бойз-бендтерге еліктеген мектеп қабырғасындағы бозбалалар мен бойжеткендер шаштарын, көздерін, қастарын бағдаршамдай түрлі-түске бояйтынды шығарды. Ер балаларға дейін құлақтарына, мұрындарына сырға тағып алады. Енді оларға "әй дейтін әже, қой дейтін қожа" – мемлекеттің өзі болмақ.

Үкімет жас ұрпақтың ең болмаса, мектеп қабырғасында байсалды әрі ибалы мінез-құлықты сақтауына мән береді. Бір қызығы, талапта оқушының сыртқы бейнесі "іскерлік стильде" болуға тиістігі айтылады.

Аталған құжатта бұдан былай Қазақстанда оқушы атаулыға шаштарын табиғи емес түстерге бояуға үзілді-кесілді тыйым салынады. Бұған қоса, қыз балаларға тізе түгіл, санын да жаппайтын мини-белдемше киюге, "декольте" көрсетіп жүруге шектеу қойылады.

Жаңа талаптарға сәйкес, "орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп формасының түс гаммасында салмақты және бейтарап түстер ғана пайдаланылуға" тиіс болады.

Қолданыстағы талаптар жаңа 13-1 тармағымен толықтырылмақ, онда: "Білім алушының сыртқы бейнесі іскерлік стилінің жалпы қабылданған нормаларына сай келетіні және ұсқынсыз детальдарды қосуға (мини-юбка, джинсы, декольте, табиғи емес түстерге шашты бояу) жол берілмейтіні" қарастырылған.

Сондай-ақ бұл талаптар тек мемлекеттік мектептерге ғана қатысты болмайды, оны жекеменшік білім мекемелері де ұстануы шарт.

"Орта білім беру ұйымының басшысы және қамқоршылық кеңес (мектеп кеңестері, ата-аналар комитеттері) міндетті мектеп формасын енгізу кезінде осы талаптарды басшылыққа алады" делінген.

Бұйрық жобасында отандық кәсіпкерлерге игілік әкелер бап та бар. Жаңа 24-тармақта: "Облыстық, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары, аудандық, қалалық білім бөлімдері ата-аналарға мектеп формаларын ұлттық стандарттарға сәйкес жасап шығарған отандық өндірушілерден сатып алуға ұсыным береді", – делінген.

Отандық өнімдерді қолдауға арналған жақсы бастама. Тек сарапшылар жергілікті білім шенеуніктері мұны өзінің туыс-туғанының, не сыбайласының бизнесін өркендетуге пайдаланып, барлық мектептерді содан алуға міндеттеп қоймауы үшін министрлік тарапынан тиісті бақылау, ескерту болғаны жөн екенін еске салады.

Бүгінде қазақстандық өндірушілер – мектеп формасын тігушілер ішкі нарықтың тек 7%-ын ғана жабатын көрінеді. Қалғаны импортталады, негізінен Қырғызстаннан, Түркиядан, Ресейден тасылады.

"Өкінішке қарай, қазақстандықтардың көбі өзіміздің тігін фабрикалары жақсы сапалы, әрі бағасы да қолжетімді мектеп формасын шығаратынын біле бермейді. Үйреншікті әдет бойынша талапқа сәйкес келетін, сырттан әкелінген киімді дүкендерден ала салады", – дейді жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының өкілі Әсем Жұматаева.

Қазақстандық нарықта мектеп формасының бағасы әзірге 8 мыңнан басталып, 40 мыңға дейін жетеді. Әрине, жаңа "Білім күні" жақындаған сайын бағасы да көтерілуі ықтимал.

Қазіргі кезде отандық өндірушілер шетелдік жеңіл өнеркәсіп өнімдерімен баға бойынша бәсекелесе алатын дәрежеге жете бастады. Мысалға, павлодарлық фабрика тіккен костюм мен галстук ата-аналардан 8500 теңгеге ғана шығындалуды қажет етеді. Оқудағы ұл баласының күнделікті киімін 7 мың теңгелік жеңіл жакетпен толықтыруына да болады.

Қыз балаға арналған белдемше мен жакеттен тұратын отандық жиынтық 10 мың теңгеге түседі. Белдемше мен жилет – 8 мың теңгедей тұрады.

Дегенмен жергілікті өндірушілердің көбі "шикізатты", яғни матаны және басқа да керек-жарағын Ресейден тасиды.

"Қазақстанда мектеп формасына керекті шикізатты өндіретін кәсіпорындар бар. Бірақ оқушылар киімі тігілетін матаны негізінен Ресей мен Түркиядан сатып әкеледі. Әйтсе де, бұл қатып қалған нәрсе емес. Егер отандық кәсіпкерлерді қолдаса, біз қажетті шикізатты да өзімізде өндіріп, бұл саланы да дамытамыз. Бәрі бір-біріне сүйенген салалар. Біз алдымен елімізде жасалған мектеп формасын пайдалану көлемін 30%-ға жеткізуді көздеп отырмыз", – дейді Әсем Жұматаева.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу