Мектеп сөмкесінің салмағы 1 келіден аспауы керек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4188

Мектеп сөмкесін дұрыс таңдамау сколиоз, остеохондроз секілді ауруларға шалдықтырады.

Мектеп сөмкесінің салмағы 1 келіден аспауы керек

Еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, мектеп сөмкесінің салмағы 1 келіден аспауы керек. Егер бұл норма сақталмайтын болса, бала сколиоз, остеохондроз секілді ауруларға шалдығуы мүмкін.

"Мектеп сөмкесінің көлемі мен салмағы баланың бойы мен жасына сәйкес болуы керек. Мектеп құралдарынсыз есептегенде сөмкенің салмағы 1 килограмнан аспауға тиіс. Сөмке баланың жалпы салмағының ең көп дегенде 10 пайызын құрауы керек. Мәселен, 1-3 сыныптар – 1,5-2 келіге дейін, 4-5 сыныптар – 2-2,5 келіге дейін, 6-7 сыныптар – 3-3,5 келіге дейін, 8-11 (12) сыныптар 4-4,5 келіге дейін ұстауы керек", – деді Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бұл ретте, қатты ортопедиялық арқалығы бар сөмкені таңдау керек. Бауы жалпақ болуы шарт. Тұтқасының ұзындығы реттелуі қажет. Бала оны тек екі бауымен, арқасында ұстауға тиіс. Яғни оның белі мен мойнына қысым түспеуі керек.

Жандарбек Бекшин мектеп формасын таңдау бойынша кеңес берді. Оның айтуынша, оқушы мектепте ұзақ уақыт бойы болатындықтан, бала терісінің дем алуы үшін және аллергиялық реакцияларды тудырмас үшін ең жақсы гигиеналық қасиеттерге ие табиғи өнімдерден жасалған (жүн, мақта, зығыр, жібек) киімдерді және вискоза маталарды таңдау керек.

"Матаның құрамы киімнің жоғарғы қабатында кемінде 35 пайызы табиғи талшықтан немесе вискозадан, астары екінші қабат ретінде 100 пайыз табиғи талшықтан немесе вискозадан тұруы керек. Ал көйлектер мен жейделер кемінде 65 пайызы табиғи талшықтан немесе вискозадан тұруы тиіс", – дейді Жандарбек Бекшин.

Сондай-ақ мектеп формасының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ететін ауа өткізгіштік, электростатикалық өрістің кернеулігі және бояудың тұрақтылығы сияқты өлшемшарттарға да баса назар аудару керек.

"Міндетті түрде ауыстыратын аяқ киім алу керек. Тиімдісі – табиғи былғарыдан жасалған бұйымдар. Табаны қозғалысқа кедергі келтірмеу үшін икемді болуы тиіс. Бастауыш сынып оқушылары үшін – ортопедиялық табан, жоғары сынып оқушылары үшін – биік емес орнықты өкшесі бар аяқ киім болуы керек. Үнемі өкшесіз аяқ киім кию майтабанға және омыртқа аралық жарықтың пайда болуына алып келеді", – деді еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу