Жалпы, таңбалаудың мәні не? Біріншіден, нарықта және ортақ территорияда тауар айналымын бақылау. Екіншіден, контрафактіге қарсы амал десек те болады. Қазіргі күні бізде бұл мәселе қызу талқылану үстінде. Беларусь Республикасы бұл тұрғыда пилоттық жобаны енгізіп үлгерді. Одақтасымыздың бұл әрекетін жақын арада біздің де қайталайтынымыз, өз пилоттық жобамызды іске қосатынымыз бесенеден белгілі. Ал Ресей болса 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап аяқ киімді міндетті таңбалауды енгізіп жатыр. Себебі олар бұған дейін сан мәрте талқылап, бүге-шігесіне дейін зерттеп алған болатын.
Қолымызда бар мәліметтерге сүйенсек, біздің кәсіпкерлер солтүстік көршінің нарығына жылына 5,5 млн жұп аяқ киім жеткізеді. Егер де, біз Ресейдегі заң күшіне енгенге дейін таңбалауды бір жақты қылмасақ, бұл цифрлармен қош айтысуымыз бек мүмкін. Осыны ескере отырып, біздің елде пилоттық жоба кезінде шығарылған аяқ киімдердің Ресей нарығына емін-еркін шығуына қатысты жұмыс жүргізілуде.
Таңбалау алгоритмі әзірге бізге белгісіз. Таңбалау тауардың өзіне басыла ма, жоқ қаптама сыртына басыла ма? Тауарды айналымға салу үшін тауар өндіруші немесе импорттаушыға қандай құрылғылар керек? Сонымен қатар сатушыда бақылау-кассалық аппараты мен сканері болуы керек. Бұл құрылғылар арқылы сатылған тауар айналымнан алынып отырады. Жоба авторларының айтуынша, сатып алушылардың смартфонына арналған қосымша бағдарламаның да болуы мүмкін. Бұл шара аяқ киімнің осы ел территориясында заңды сатылып жатқанын білу үшін қажет. Қазіргі таңда осы мәселе бойынша кәсіпкерлер арасында түсіндірме, құлақтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Пилоттық жоба кезінде мейілінше көп кәсіпкердің қатысқаны тиімді. Пилоттық жобаның мерзімі жыл соңына дейін созылуы мүмкін.
Айсұлтан Мұхамедияұлы