Электронды темекіге заң талабы жүрмей ме?

5439

Еліміздегі әрбір бесінші жеткіншек электронды темекінің дәмін татқан.  

Электронды темекіге заң талабы жүрмей ме?

Ал тұрақты түрде тартып жүргендердің саны белгісіз. Денсаулық сақтау министрлігі осындай дерек келтіреді. Алайда бұл бағытта нақты статистиканы жүргізудің мүмкіндігі жоқ екенін мойындап отыр.

Осы жылдың 1 шілдесінен бастап, кез келген сауда орнына, бұл тауарды сөрелерге ашық қойып, саудалауға заңнамалық негізде тыйым салынды. Егер кәсіпкер бұл талапты орындамаса, 180 мыңнан бастап, жарты миллион теңгеге дейін айыппұл төлейді. Айтылып, орындалуы көп күттірмеді. Қазір дүкендерге кірсеңіз, шылымның кез келген түрі жарнамаланбайды, өнім түгел жабық тұр. Сұраған адамға ғана алып береді. Бірақ электронды темекіге келгенде аталған талап жүрмейтіні байқалады. "Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін" ұлттық коалициясының жетекшісі мұндай өрескел жағдайлар көптеп кездесетінін айтты.

"Азық-түлік сататын дүкенде бір рет қолданылатын темекілер ашық сатылып жатыр. Тіпті, балалар алатын тәттілердің сөресінде қатар тұр. Яғни жеткіншектер көреді, алады, тартады", – дейді Жәмилә Садықова.   

ЭКСПЕРИМЕНТ МӘСЕЛЕНІ АНЫҚТАП БЕРДІ

Бұл деректі тексеру үшін тәжірибе жасап көруге бел будық. Экспериментке қатысу үшін, Нұр-Сұлтан қаласында тұратын жеткіншекті шақырдық. Оған алдын ала дүкенге барған кезде қоятын сауалдарды, темекінің нақты қай түрін сұрау керектігін, басқа да талаптарды толыққанды түсіндірдік. Барлығы дайын болғанда іске кірістік. Елорданың Сейфуллин, Республика көшелерінің бойындағы бес дүкен таңдалып алынды. Қорытындысына келсек, азық-түлік сататын бес орынның төртеуі, біз жіберген баладан құжат та сұрамай, кімге алып жатқанын да анықтамай бір рет тартылатын темекіні қолына ұстатып жібере салды.

Бұл қолданыстағы заңның талаптары қатаң болса да, орындалмай жатқанының анық көрінісі. Кәмелет жасқа толмағандарға табак өнімдерін сату өз алдына бір мәселе. Бірақ бұл жерде ата-аналар мен ұстаздар тарапынан жүргізілуі тиіс түсіндіру жұмыстарының да алар орны ерекше. Жүйелі түрде, заманауи әдістермен, темекі өнімдерінің зияны жан жақты талданса, жасөспірімдер ерте жастан денсаулықтарын құртпас па еді.

ОҚУШЫЛАР ЭЛЕКТРОНДЫ ТЕМЕКІНІ МЕКТЕПКЕ АПАРАДЫ

Материалды әзірлеу барысында, балаларды әңгімеге тарттым. Түскі уақытта сабақтан шыққан, №3 мектеп-гимназиясының 7-8 сынып оқушылары былай дейді: "Иә, электронды темекі тартатын қатарластарым бар. Бір аулада тұратын танысым, үлкендерге көрсетпей үнемі қалтасына сондай шылымды салып жүреді", – деді. Ал тағы бір 8 сынып оқушысы мектептің бейнебақылау камерасы түспейтін жерлерде, әсіресе әжетханаларда оқушылардың емін еркін "вэйп", өзге де құралдарды будақтатып, ашық түрде, тіпті мақтана тартып жүргенін көріпті. Бұл тек бір білім ордасының тәлімгерлерінен анықталған ақпарат. Еске салайын, Нұр-Сұлтанда 80-нен аса мектеп бар, ал Қазақстан бойынша 7 600-ден аса білім ордасы жұмыс істейді.

Электронды темекіге әуестік, балалардың арасында көбіне қызығушылықтан басталады. Дәмін бір көремін дегендер, көбіне тұрақты түрде темекі өнімінің тұтқынына айналуы мүмкін. Дәрігерлер балалардың тамак өнімдеріне тым ерте әуестенуі, қауіпті деп дабыл қағуда. Әсіресе, электронды өнімнің зиянына біржақты баға беру мүмкін емес. Себебі оның құрамында химия бар.     

"Сұйықтықтың құрамында химиялық никотин бар. Ол табиғи түріне қарағанда, тіптен басқа, бір-біріне ұқсамайды. Сұйықтық мөлшерін өндіруші немесе сатып алған адам өз ыңғайына қарай өзгерте алады. Егер адам химиялық никотинді шамадан тыс көп қолданса, уланып қалуы мүмкін", – дейді пульмонолог дәрігер Салтанат Ким.

ВЕЙП "ЭПИДЕМИСЫ" ӨРШІП ТҰР

Әлем екі жылдан бері коронавирус пандемиясымен күресіп келеді. Еліміз дертпен арпалысып жүргенде, жасөспірімдер арасында бір реттік вейп "эпидемиясы" белең алып барады. Бүгінде оң-солын танымаған жас ұрпақтың санасын көк түтінмен улаған бір реттік электронды шылымның дәурені жүріп тұр. Жақында Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов бір реттік вейптерді сатуға тыйым салуды ұсынды. Айтуынша, қазір дүкен сөрелерінде арнайы сұйықтықты толтыруды, қайта қуаттандыруды қажет етпейтін құрамында никотині темекіден 2,5 есе жоғары бір реттік өнімдер толып тұр.

"Құны 2 мың теңгеден басталатын арзан "у" кәмелетке толмаған жеткіншіктерге емін-еркін сатылуда. Дүкен былай тұрсын, әлеуметтік желіні ашсаңыз, никотинді тауарды тәулік бойы үйіңізге тегін жеткізіп беретін пабликтерде, анонимді телеграм каналдарда жүздеген жарнама самсып тұр. Тапсырыс берушінің жасын сұрап, бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Осының салдарынан оқу жылының басынан оқушылар арасында түтіні будақтаған зиянды шылымға сұраныс еселеп артқан. Тіпті кейбір мектептерде жоғарғы сынып оқушылары бастауыш сыныптарға бір реттік темекінің құнына ақша қосып сатып, әуестендіріп жүр", – деді мәжілісмен.
Төменгі палата өкілі, мектеп маңындағы дүкендерге қоғамдық бақылау ұйымдастырып, заңды белшесінен басқандарға қатаң шара қолдану керек деп санайды. Бұл депутаттық сауалға Үкімет алдағы уақытта жауап беруі тиіс.

ӘЛМДЕГІ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

Электронды және бір реттік темекіге әлемнің 35 елі тыйым салған, 65 мемлекет арнайы шара қабылдаған. Өкінішке қарай, бұл тізімде Қазақстан жоқ. Аталған мәселе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын да алаңдатып отыр. Соңғы статистикалық дерек, жер шарында 13-15 жастағы  44 миллион жасөспірім темекіге тәуелді. Бір ескерер жайт, бұл тек классикалық табакты тұтынып жүрген жасөспірімдердің саны. Халықаралық ұйым "вейп" сияқты заманауи өнімдерді тұтынатын балалардың қарасы бұл зерттеудің сыртында қалып отырғанын айтады.

"Электронды темекіні жарнамалау үшін ірі өндірушілер әлеуметтік желіні, танымал адамдарды қолдана бастады. Жастарды еліктіру үшін шылымның 15 мыңнан аса дәмін ойлап тапқан. Бұлай кете берсе, балалардың тең жартысы никотиннің кесірінен көз жұмады. Сондықтан мұны эпидемия деп атар едім", – дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының департамент директоры Рюдигер Крех.

ТИЫННЫҢ ЕКІ ЖАҒЫ БАР

Электронды және бір реттік қолданылатын темекілерді сататын дүкендердің саны елімізде жыл санап артып келеді. Бір ғана астананың өзінде 63 нүкте жұмыс істеп тұр. Ішіне кіре қалсаңыз, тауардың түр түрі бар. Сондай сауда орындарының бірі  – "Парилка" деп аталады. Дүкендер желісінің басшысы Антон Шишковскийді әңгімеге тарттық. Ол бірқатар адамды жұмыспен қамтып, заңды түрде жұмыс істеп, салық төлеп отырғанын айтады. Кәсіпкер, бұл өнімдерге толыққанды тыйым салу, мәселені шешудің жолы емес екеніне сенімді.

 "Электронды темекі елімізде 2019 жылы табак өнімдері қатарына жатқызылды. Яғни саудалау бойынша барлығы заңда жазылған. Бірақ кейбір азық-түлік дүкендері оны сақтамай, балаларға сатады. Мәселе осында. Радикалды шешім, жақсылыққа апармайды. Себебі нарықта контрабандалық тауардың саны артады. Міне, сол сапасыз өнім денсаулыққа анағұрлым қауіпті болады", – дейді кәсіпкер.

Қорыта айтқанда, сарапшылар бірқатар шаруа, уақыт күтпей қолға алынуы тиіс деген пікірде. Бірінші, елге әкелінетін заманауи табактың түрлерін толыққанды зертханалық тексерістен өткізу қажет. Егер қорытындысы өнімді саудалауға рұқсат берсе ғана, сатудың талаптары қайта қарастырылуы керек. Екінші, қадағалау. Бір реттік темекі және оның көшірмелері қарапайым азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатқанын айттық. Ішкі істер министрлігі тексерістің санын арттыруы тиіс. Полиция заң бұзушылықтарды анықтап, айыппұл салатын болса, кәсіпкерлер жасөспірімдерге шылымды сатуды 100 пайыз тоқтатпаса да, тыятыны анық. Үшінші, балалармен жүргізілетін түсіндіру жұмыстары. Бұл ата-аналар мен білім ордалары біріге отырып атқаруы тиіс шаруа. Жоғарыда аталған талаптар бір деммен іске асуы маңызды. Тек сонда ғана, балаларды көк түтіннен қорғау мүмкіндігі туады. Әйтпесе, бұл мәселені қазық боп қағылған  бір орыннан қозғау қиын.  

Айбек Қосан

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу